«Аңсаған сәби»: СҚО-да төрт жылда 200-ге жуық нәресте дүниеге келді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 200 отбасы бедеулікпен тіркеуге алынған.

нәресте, ана мен бала, аңсаған сәби, перзентхана
Фото: СҚО әкімдігі

СҚО-ның штаттан тыс акушер-гинекологы Елена Калюжнаяның айтуынша, 12-19 мамыры аралығында ҚР Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның бастамасымен екінші жыл қатарынан халықтың репродуктивті денсаулығын қорғауға арналған апталық өткізіліп жатыр.

Бұл апталықтың өткізілуіне басты себеп — жасөспірімдер арасында жыныстық өмірдің ерте басталуына және салдарынан туындайтын қауіптерге, жоспарланбаған жүктіліктің алдын алу жолдарына жұрттың назарын аудару және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы хабардар ету.

- СҚО-да 120 мың фертильді жастағы әйел тұрады. Оның ішінде ауыр экстрагенитальды патологиямен есепте тұрған әйелдер саны – 1390. Ал жасөспірім қыздар саны – 28 239.

Қазіргі уақытта облыста 2 256 жүкті әйел есепке алынған, олардың 52% – қауіп тобында тұр.

Әйелдердің 20% экстрагенитальды аурулар анықталған, олар: гипертония, анемия, пиелонефрит, варикоз, жүрек аурулары. 8 әйелге жүктілікті сақтау медициналық тұрғыдан қарсы көрсетілген – олар үнемі біздің бақылауымызда, республикалық орталықта босанатын болады, - дейді Елена Калюжная. 

Облыста бедеулік диагнозы қойылған 200 ерлі-зайыпты есепке алынған. Өңірде төрт жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. 

- Осы аралықта СҚО-ға мемлекеттік бағдарлама аясында 777 квота берілді. Нәтижесінде 193 нәресте дүние есігін ашты. Олардың отызы – егіздер, - дейді акушер-гинеколог.

Маманның айтуынша, халықтың репродуктивті денсаулығын қорғауға арналған апталық аясында тұрғындар облыстың емханаларында тексерістен өте алады. 

Бұған дейін СҚО-да 23 мыңнан астам әйел прегравидалды дайындықтан өтетіндігін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар