Әнші Бейбіт Қорған Атырау әуежайында ұсталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Ол мас күйінде қоғамдық орында тәртіп бұзған және полиция қызметкерлеріне бағынбады. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға Атырау әуежайында болды. Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері 44 жастағы Бейбіт Қорғанды ұстап, хаттама толтырды. Себебі әнші қоғамдық орында тәртіпті сақтамаған және мас күйінде болған.
— Қоғамдық орында тәртіпті сақтамады, бейәдеп сөздер айтты және көліктегі полиция қызметкерлеріне бағынбады. Қоғамдық орында мас күйінде болды. Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, әкімшілік жауапқа тарту үшін істі сотқа жіберді, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша қозғалды. Бүгін Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралды.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот қаулысымен Бейбіт Қорған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 78 640 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірілмей төленуі тиіс.
Еске салсақ, Qarakesek лақап атымен танымал Омар Амантаев есірткіге мас күйінде көлік басқарғаны үшін 15 тәулікке қамалды және ол 7 жыл көлік жүргізе алмайды. Ол әкімшілік іс бойынша 15 тәулік қамақта отырды.