Әнші Hulan-Aru: Батыстың аруы образы өзіме өте жақын

АСТАНА. KAZINFORM — Аружан Бекболат, яғни Hulan-Aru өнер жолы, образ таңдауы және әншілік тәжірибесі туралы эксклюзив сұхбат берді. Ол өзінің сахнадағы лақап аты мен өнер жолына қалай келгені жайында алғаш рет айтты. 

Әнші Hulan-Aru: Батыстың аруы образы өзіме өте жақын
Фото: видеодан алынған скрин

– Басында Hulan-Aru лақап атым ұнаған жоқ. Бұл Баян Мақсатқызының продюсерлік тобымен қойылған есім еді. Кейін мәнін түсінгенде өзіме ұнай бастады. «Аружан, бұл өте әдемі есім, текті, еркін, дала қызы, сенің бейнең бүкіл қазақ қызының бейнесі болып жүрсін» деп қойды, - деді әнші Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Hulan-Aru әңгіме арасында образын да түсіндіріп өтті. Ол өзін қайсар, батыстың қызымын деп сипаттайды. Өнер адамы ретінде нәзіктік пен қайсарлықты үйлестіретінін айтты.

– Ақсай қаласынан Алматыға арман қуып келдім. Мүмкін емес нәрсе жоқ екен. Эстрада әншісі мамандығын оқыдым. Жастар арасында танымал «Құмар» әнін негізі «Kesh you» тобы Бруно Марспен орындау керек еді. Сол себепті басында Бруно Марс стилінде жазылған, ал мен әнді қарапайым нұсқасында орындадым, - деді әнші.

әнші
Фото: видеодан алынған скрин

Ол алғаш сахнаға 8–9 сынып оқып жүргенде шыққанын тілге тиек етті.

– Әкем қолдап, Алматыдағы конкурсқа әкелді. Сол сәттен кейін сахнаны ұнаттым. Алматыдағы әл-Фараби атындағы университетке оқуға түстім, бірақ ақылы негізде білім алуға Жүргеновке бардым. Ата-анам қарсылық білдірмеді, - дейді Hulan-Aru.

Hulan-Aru қазіргі таңда 4 ән орындап үлгерген, ең танымалы 20 мыңнан астам қаралым жинаған – «Құмар». Ол сондай-ақ келесі жылы «Алдама» атты ән шығаратынын айтты.

– Маған лирикалық әндер ұнайды. Келесі жылы жаңа ырғақты ән шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді әнші.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Акмаль өтпей қалған концертіне билет алған тұрғындардың шығынын қайтармағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар