Әнші Қайрат Нұртас Ақтау қаласындағы мүгедек бала Мұқасанға көмек көрсетті

Баласының көңілін қимаған анасы Жазира Аманова Ақтаудағы БАҚ өкілдерімен байланысқа шығып, Қайратты баласымен жүздестіруді өтінеді. Бұл жағдайдан құлағдар болған Қайрат Нұртастың продюсері Мұқасанды әншімен кездестіруге уәде берді.
«Сені ойлай» атты ән кешімен келген Қайрат Нұртас Мұқасанның үйіне арнайы барып, жағдайын білді. Өзінің жеке әнжинағын табыс еткен әнші, қаржылай көмек те көрсетті.
«Сенің әніңді жақсы көретін, сені бір көрсем деп армандайтын Мұқасан атты бала бар деген соң, әуежайдан түсе сала осында келдім. Келгеніме қатты қуанып тұрмын. Мұқасан сөйлеуге де қиналып тұрса да, мені жақсы көретінін, мен сияқты әнші болатынын айтып, ән де орындап берді. Періштелердің арманы орындалады ғой, арманына жетіп, жазылып кетуіне тілекшімін», - деді Қайрат Нұртас.
Мұқасан Амангелді 10 жаста. Дәрігерлер оған миында қатерлі ісік бар деп диагноз қойған. Соңғы 7 айдың ішінде баланың миындағы ісікке 12 рет ота жасалды. 5 жасында басына тиген ауыр соққыдан баланың басына қан ұйып қалған. Мұқасанның қазіргі жағдайы аса жақсы деуге келмейді. Салмағы бар болғаны 15 келі тартатын Мұқасан 4 жастағы балаға ұқсайды.