Әнші Қуандық Рахымның қайынжұрты да айыппұл төлейтін болды
Айыппұлды эстрада жұлдызы Қуандық Рахымның қайынжұрты да төлейтін болды. Отырар ауданының Шәуілдір ауылында қыз ұзату тойы өтіп, оған әншінің жарының туған-туыстары мен ауылдастары жиналған.
«Аталған ауданда құрылған мобильдік топ осы жайтқа қатысты тұрғынға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша хаттама толтырған. Той жасаушы тұрғынға 83 340 теңге көлемінде айыппұл салынды», делінген хабарламада.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкент-Жетісай тас жолының бойында орналасқан мейрамхана иесі тойханада «бесік той» рәсімін өткізген. Сарыағаш ауданының тағы бір тұрғыны дәмхананы жалға алып, құда күткен. Сондай-ақ мобильді топ Құркелес ауылдық округінде орналасқан тойхананың біреуі жұмыс істеп жатқанын анықтады. Аудан орталығындағы мейрамханалардың бірінде 2 тұсау кесер өткізілген.
Еске сала кетсек, Жезқазғандағы мейрамханаға жұлдыздарды шақырып, үйлену тойын жасаған Қуандық Рахым айыппұл төлейді. Мерекеге 70-тен астам адам жиналған. Олардың арасында Төреғали Төреәлі, Дидар Қамиев, Нұрболат Абдуллин және басқалары болған.