Аңшылық алқаптар ел аумағының 63%-ын қамтиды

АСТАНА. KAZINFORM — Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев әріптестерін кәсіби мереке — Аңшылық шаруашылығы күнімен құттықтап, саланың негізгі көрсеткіштерін жариялады.

аңшылық
Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Комитет мәліметінше, Қазақстан аумағындағы аңшылық алқаптар 170 млн 161 мың гектарды құрайды, бұл ел аумағының 63%-ына тең. Қорғау және тұрақты аңшылық шаруашылығын жүргізу үшін республикада 870 аңшылық шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғауға арналған 18 арнайы ұйым жұмыс істейді.

Салада шамамен 5 мың адам еңбек етеді.

«Инспекторлар мен аңшылық шаруашылықтарының қызметкерлері табиғатты қорғауның мемлекеттік жүйесінде маңызды рөл атқарады. Олар экологиялық және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуын болдырмауға күш салады», — деді Данияр Тұрғамбаев.

Оның айтуынша, сала қызметкерлеріне биологиялық ресурстарды қорғау, браконьерлікпен күресу және аңшылық шаруашылығын тұрақты дамыту бойынша маңызды міндет жүктелген.

«Бұл — тек жоғары кәсіби дайындықты ғана емес, өз ісіне адалдық пен табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілікті талап ететін жауапты қызмет», — деп атап өтті Комитет төрағасы.

Тұрғамбаев саланың қауіпсіздігі мен табиғи тепе-теңдікті сақтауға қосқан үлесі үшін мамандарға алғыс айтып, барша қызметкерлерге денсаулық, амандық және табыс тіледі.

Айта кетейік, бұған дейін күзгі-қысқы аңшылық маусымында нені есте ұстау қажет екенін жарияладық.

Соңғы жаңалықтар