Анталья туристер санының азаюынан қомақты қаржыдан қағылды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның танымал туристік бағыты Антальяға 2026 жылдың сегіз айында 10,76 млн демалушы барған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6% аз. Өңірдің туристік саласындағы шығын жүздеген миллион еуроға бағаланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Анталья туристер ағынының азаюынан қомақты қаржыдан қағылды
Фото: ekonomim.com

Түркиялық Ekonomim басылымының жазуынша, қаңтар-тамыз айларында Антальяға 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 664,5 мың турист аз келген. Шетелде тұратын түрік азаматтарының саны да 2% төмендеп, 706,9 мың адам болған.

Бұл ретте жекелеген нарықтардағы көрсеткіштер айтарлықтай ерекшеленді. Ресейден барған туристер саны былтырғы деңгейде сақталып, шамамен 2,17 млн адам болды. Украинадан баратын туристер ағыны 5%-ға өсіп, 306,8 мың адамға жетті. Израильдік туристер саны 59%-ға артты. Ал Ираннан барған туристер саны 73%-ға азайды.

Сала өкілдерін әсіресе Еуропа нарығындағы ахуал алаңдатып отыр. Анталья үшін маңызды нарық болып есептелетін Германия, Ұлыбритания, Польша және Нидерландтан келетін туристер саны төмендеген. Нарық өкілдері бұған шығындардың өсуін, валюта бағамының өзгеруін және Еуропада Түркияның тым қымбат бағыт деген түсініктің таралуын себеп ретінде атап отыр.

Туристер ағынының төмендеуі табысқа да әсер етіп жатыр. Сала өкілдерінің бағалауынша, Антальяның шығыны 600-700 млн еуроға жетуі мүмкін. Алайда кейбір сарапшылар бұдан сақ бағалауды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, туристер санының азаюын бір адамға шаққандағы шығындардың өсуі ішінара өтейтіндіктен, нақты табыс көлемінің төмендеуі 350-500 млн доллар аралығында болуы мүмкін.

Кейбір сарапшылар жыл соңына қарай туристер санының азаюы 1 млн адамға жетуі мүмкін деп болжайды. Туристер орта есеппен жеті күн болып, күніне шамамен 100 еуро жұмсайды деген есеппен, тек қонақүй секторының өзі шамамен 700 млн еуро табыстан қағылуы ықтимал.

Анталья қалалық кеңесінің Туризм тобының жетекшісі Реджеп Явуз өңірдің шығынын пакет турлар, әуе тасымалы және туристердің жеке шығындарын қоса есептегенде шамамен 620 млн еуро деп бағалап отыр.

Сала өкілдерінің пікірінше, 2026 жыл Анталья туризмі үшін 2022-2024 жылдардағы өсім кезеңі мен 2025 жылғы тоқыраудан кейінгі айтарлықтай құлдырау байқалған алғашқы жыл болуы мүмкін. Халықаралық бәсекенің күшеюіне байланысты сарапшылар туристер санымен ғана шектелмей, туризмнің табыстылығына және туристік бағытты басқару сапасына да назар аударуға үндейді.

Еске салайық, бұған дейін 2026 жылдың екінші тоқсанында Түркияның туризм саласынан түскен табысы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,6% пайыз азайғанын хабарлағанбыз.