Антальяда әжетханада сәбиін қалдырып кеткен әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды

МӘСКЕУ. KAZINFORM - Әуежайдағы әжетханада жаңа туған сәбиін қалдырған ресейлік Екатерина Бурнашкинаға қатысты жаңа туған нәрестені өлтіруге оқталу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы РИА Новости агенттігі асырап алушы ата-аналардың адвокаты М.Яковлеваға сілтеме жасап хабарлады, деп жазады агенттік тілшісі.

сәби, нәресте, бөпе
Фото: pixabay.com

Қылмыстық істі Электросталь қаласының тергеу бөлімі қозғаған. 20 тамыз күні Мәскеу облысы Павлово-Посад қалалық сотында Бурнашкинаны ата-ана құқығынан айыруға қатысты алдын ала тыңдау өтті.

Бұл процесті жаңа туған қызды асырап алған ата-аналар бастаған. Іс жабық режимде қаралып, 4 қыркүйекте жалғасады. Талапкер үшінші тарап ретінде Ресей СІМ өкілдерін тартуды сұраған.

Ресейлік әйел 2024 жылдың қазан айында Анталья әуежайында ұсталған. Ол әжетханада босанып, баланы сонда қалдырып, Ресейге ұшып кетпек болған. Сәбиді әуежай қызметкерлері тауып алған.

Биыл ақпанда Антальядағы ауыр қылмыстар жөніндегі сот Е.Бурнашкинаны жақын туысын өлтіруге оқталды деген айыппен 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда 9 шілдедегі отырыстан кейін апелляциялық сот қылмысты қайта саралап, Бурнашкинаны қамаудан босатты.

Қазір бала басқа отбасыда тұрып жатыр. Қыздың кіммен қалатынын сот шешеді. Ал туған анасы оны қайтарып алып, өзі өсіргісі келетінін мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар