«Anti-fraud»: Петропавл полицейлері үш күнде 8 интернет-алаяқтық фактісін әшкереледі

ПЕТРОПАВЛ.KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыспен күреске бағытталған «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

СҚО
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, Криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері үш күн бойы ұйымдар мен адамдар көп жиналатын орындарда жадынамалар таратып, желілік алаяқтардың негізгі айла-тәсілдері туралы айтқан. Сондай-ақ тәртіп сақшылары алаяқтар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерге мониторингті күшейткен.

Полиция
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Полицейлердің айтуынша, кибералаяқтарға алданып қалған адамдардың кейбірі полицияға жүгінбейді екен. Облыс тұрғындарымен жүздесіп, сөйлесу барысында әрі әлеуметтік желілердегі комментарийлерді тексере келе 8 факті анықталған. Олардың дерлігі интернеттегі хабарландыруларға қызығып, тауарлар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасаған немесе бөгде біреудің атына шағын несие ресімдеумен байланысты фактілер болып шыққан. Полицейлер әшкере болған әр факт бойынша зардап шеккен жәбірленушілерді арыз жазуға көндірді. Нәтижесінде барлық қылмыстар қысқа уақыт ішінде ашылған.

Полиция
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

«Басқа біреудің атына шағын несие ресімдеу қаупі көбінесе жақын адамдардан немесе туыстардан келеді. Не болмаса достары арқылы жүзеге асады. Шағын несие ұйымдарының қызметін пайдаланбайтын егде жастағы адамдар бет-әлпет арқылы фото-видео растау қажет екенінен хабарсыз болғаны үшін жиі зардап шегеді. Қаскөйлер жақындарының аңқаулығын сәтті пайдаланып, әр нәрсені сылтау етіп оларды фотоға түсіріп, несиелер рәсімдейді. Егер сіздерге өзіңіз алмаған әлдебір қарызды төлеуді талап ете бастаса, бірден полицияға жүгініңіз. Бұл туралы үйдегі қарияларға да ескертіңіздер», — дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Иван Терзиди.

Мамандар, интернеттегі хабарландыру үшін алдын ала төлем талап етіп, сан соқтырып кетсе де бірден полицияға арыздану керегін ескертеді. Мұндай қылмыстар жиі ашылатын қылмыстарға жатады.

 

Соңғы жаңалықтар