Антибиотик нарығы: заңсыз сауда мен күтпеген көлем

дәрі
Коллаж: Kazinform / DALL-E

Жыл басынан бері фармацевтика нарығында антибиотикке деген сұраныс артты. Баға саясатында өзгеріс пайда болып, шетелдік компаниялар экспорт көлемін ұлғайтуда. Кейінгі 3 жылдағы рекордтық көрсеткішке жеткен сатылым деңгейі қоғам алаңын тудырып тұр. Осы орайда Kazinform тілшісі сұраныстың себебі мен аталған үрдістің денсаулық сақтау саласына әсерін бағамдауға тырысты.

Сұраныстың артуына не себеп?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың I жарты жылдығында 41,2 тонна антибиотик сатылған. Бұл өткен жылдың 12 айындағы көрсеткішке барабар. Елдегі мұндай антибиотик ауқымы пандемия кезінде ғана байқалған болатын. 2020 жылы аталған медициналық өнім көлемі 80 тоннаны құраған еді. Дерттің беті қайтқанда, тіпті 2023 жылы ішкі нарықтағы сұраныс 2 есеге жуық азайды.

Сонда сатылым көлемінің артуына не себеп? Ол үшін алдымен нарықтағы баға саясатының хронологиясына үңілейік. Антибиотикке сұраныстың өсуі қай уақытта басталғанын нақтылау оңай емес, бірақ болжауға болады. Мысалы, өткен жылы нарықтағы сұраныс 47,7% азайған болатын. Сол кезеңде дәрі-дәрмек тасымалдаушы шетелдік компаниялар өнім көлемін 62,4 тоннадан 28,9 тоннаға түсірді. Ізінше отандық өндірушілер де тартына әрекет жасап, фармацевтикалық компаниялар небары 12,3 тонна антибиотик шығарды. Жыл басында – қаңтар-наурыз айларында да нарықтағы сұраныс кері кеткені есте. Демек антибиотиктердің жаппай сатылымы мамыр-маусым айларында басталды деп болжауға болатындай.

Дегенмен 2024 жылы неліктен антибиотикке сұраныс артқанын дөп басу оңай болмай тұр. Сарапшылар инфекциялық ауру көбейген болуы керек деп күдіктенгенімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі антибиотик сұранысын тудыратын ешқандай ауру ошағы тіркелмегенін хабарлады. Алайда Қоғамдық денсаулықты сақтау ұлттық орталығының ресми сайтында менингококк инфекциясын жұқтырғандар саны 2,3 есе артқаны айтылған, ал 8 айда 1,3 мың адам коронавирус жұқтырыпты.

Дәрігер-клиникалық фармаколог Алуа Искакованың айтуынша, мәселеге халықтың медициналық сауаты да әсер етуде. Ел арасында тұмау мен жеңіл-желпі ауруға антибиотик пайдалану жиілеген. Пандемия кезінен қалған бұл үрдіс әлі тыйылар емес. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің рецептсіз сатылмауын қадағалау қажет деген пікірде.

«Еуропа елдерінде ойға келген антибиотикті дәріханадан сатып алу мүмкін емес. Алдымен медициналық тексерістен өтіп, кейін дәрігердің нұсқауымен ғана ем қабылдайды. Ал Қазақстанда кей адам нақты қандай дәрі қабылдап жүргеніне мән бермейді. Кейінгі уақытта халық арасында антибиотик, не антибиотик емес, шығу тегі белгісіз дәрілерді сатып алу көбейді.

Негізі амбулаториялық жағдайда парентералды антибиотиктер алу – шарасыз кезде жасалатын қадам. Бізде керісінше, «егер ауыра қалсам, система немесе укол алуым керек» деген жансақ пікір қалыптасқан, қалыпты жағдайға айналған. Бұл орайда басты талапты ескеру керек. Парентеральды (көктамыр ішіне немесе бұлшықетке инъекция – ред.) антибиотик алу үшін міндетті түрде медицина қызметкері қажет», – деді Алуа Искакова.

Экспорт шырмауы: 60 пайыз өнім – Қытай экспорты

Қаңтар айынан бері сұраныс та, баға да тоқтаусыз кетті. Мысалы, Energyprom.kz мониторинг агенттігінің мәліметінше, өтімді антибиотиктер саналатын азитромицин 17,9%, «Флемоксин Солютаб» 21,2% қымбаттады. Оған қоса фармацевтикалық өнімдердің бөлшек саудасы 21,6% өскен. Соған қарамастан тұтынушы көп. Жарты жылда қазақстандықтар 253 млн медициналық препарат сатып алған – жалпы сомасы 326,5 млрд теңге.

Сұраныстың көбеюі салдарынан шетелдік компаниялар да медициналық өнімді жеткізуді арттырған-ды. Биыл шетелдік антибиотиктерді 2,4 есе көп экспорттап, өткен жылға қарағанда 18,2 тоннаға артық жеткізген. Отандық өндірушілер де қалыс қалған жоқ, өндіріс көлемін 32,1% ұлғайтыпты.

дәрі
Инфографика: Kazinform

 

Айта кетейік, Қазақстанға антибиотик жеткізетін елдердің алғашқы үштігіне Қытай, Үндістан, Ресей компаниялары кіреді. Әсіресе медициналық өнімнің 60 пайызға жуығы ҚХР-дан келеді екен. Отандық өндірушілер де қалыс қалған жоқ, 2024 жылы өндіріс көлемін 32,1% ұлғайты. Дегенмен экспортқа қарсы тұратындай қауқарда емес.

Заңсыз сауда дәріханада ғана емес

Сұраныс пен баға саясаты антибиотик нарығындағы жалғыз мәселе емес. Дәрі-дәрмекті заңсыз саудалау әрі дәрігердің рецептінсіз сату да салаға салқынын тигізуде. Үкімет арнайы заңсыздықты әшкерелеп, тұрақты жазалағанымен нәтиже аз. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Алмагүл Кенжехановаға арнайы сауал жолдаған болатынбыз. «Антибиотиктерді рецептсіз сатуды тежеу бағытында қандай жұмыс атқарылды?» деген сұраққа Алмагүл Жұмаханқызы төмендегідей жауап қайтарды:

– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 233-бабы 4 тармағына сәйкес, дәрігердің рецептісі бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз өткізуге тыйым салынады. Рецептілер қағаз және (немесе) электрондық түрлерде жазып беріледі. Дәрілік заттарды рецептсіз сатқаны үшін ӘҚБтК-нің 426-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осылайша, 2024 жылдың 8 ай ішінде дәрі-дәрмектерді рецептсіз сатқаны үшін 18,5 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік хаттамалар жасалынды» – деді ол.

дәрі
Фото: Kazinform / DALL-E

 

Сала басшысының қосымша сауалдарға берген мәліметінен тағы бір кілтипанды аңғардық. Кей дәріхана иелері денсаулық сақтау саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатумен айналысқан. Оның ішінде антибиотиктер де бар.

– 2022 жылы ел аумағында тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату/сақтау бойынша 8,9 млн теңге сомасындағы 26 әкімшілік хаттама жасалса, өткен жылы 36,7 млн теңгеден астам сомаға 66 әкімшілік хаттама толтырылды. Ал биыл I жартыжылдықта 13 млн теңге көлемінде 16 әкімшілік хаттама жасалды, – деді Алмагүл Жұмаханқызы.

Аталған олқылыққа байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымовамен байланысқан болатынбыз. Депутат медициналық өнімдердің жүйесіз нарығын реттеу бір күндік іс емес, үнемі бақылауды қажет етеді дейді. Сондай-ақ бұл тұрғыда депутаттық сауалдар жолдағанын жеткізді.

– Бүгінгі таңда Қазақстанда антибиотиктерді халыққа рецептсіз сатуға ресми түрде тыйым салынған. Бірақ мұнда үлкен мәселе бар. Көптеген дәріхана иесі ережені сақтамайды. Миллиондаған теңге пайда табуы үшін дәрі-дәрмектерді, атап айтқанда, антибиотиктерді рецептсіз сататын жағдай көп. Бұл антибиотиктерді бақылаусыз қолдануға әкеледі, – дейді Гүлдара Нұрымова.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова
Фото: turaninfo.kz

 

Расында, жүйесіз сауда бақылаусыз қолдануға жол ашып отыр. Әсіресе интернет-дүкен белең алған шақта дәстүрлі сауда жолымен қатар онлайн платформаны да бақылау қажет етеді. Себебі мұнда медициналық препараттар саудасының үлесі мол. Дәрігер-клиникалық фармаколог Алуа Искакованың пікірінше, онлайн платформалар халықаралық талап пен мемлекет заңындағы міндеттемені сақтай бермейді.

– Нарықты жүйелеу қажет. Мысалы, кей науқас дәріханадан антибиотиктің рецептсіз сатылмайтынын біліп, интернет-дүкендерге тапсырыс береді. Ал онда тиісті ереже сақталып жатқан жоқ. Кей антибиотиктің тұсында «рецептсіз сатылмайды» деген айдар болғанымен, ол талаптың ескерілгенін көргеніміз жоқ, – дейді Алуа Қанатқызы.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми мәліметінше, электрондық сауда алаңдарына дәрілердің тіркеу куәлігі, сәйкестік сертификаты секілді маңызды талапты енгізу қолға алынған. Ол үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада сатуды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер әзірленіп жатыр.

Қазақстанда антибиотиктер қолданысы мен нарығын жүйелеуге арналған Жол картасы бар. Толық атауы – «Микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі ҚР-ның 2023-2027 жылдарға арналған» Жол картасы. Құжатта алдағы 5 жылда салада болатын өзгеріс пен бақылау толық қамтылған.

Соңғы жаңалықтар
telegram