Антикор Алматы-Қорғас трассасында қопарылған жолды тексеруге арнайы барды
«Алматы-Қорғас тасжолының 190-шы шақырымындағы жолдың көтерілуіне байланысты арнайы келдік. Қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жол 2017 жылы тапсырылған. Біз жолдың жобалық-сметалық құжаттарын толықтай тексереміз», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Бекенов.
Департамент басшысы бірінші орынбасарының айтуынша, жолдағы бетондарды байланыстыратын біріктіргіштердің арақашықтығы тым алшақ.
«Алматы облысынан басқа да ауа райы ыстық елдер бар. Қарапайым мысал ретінде Дубайды алайық. Ондағы жолдарда мұндай проблема жоқ. Мұнда бетон біріктіргіштер 500-600 метр сайын салынып отырған. Алайда, ол жеткіліксіз. Мысалы, жаңағы Дубайды алатын болсақ, ондағы арақашықтық - 80-100 метрден. Сондықтан, қысым болғандықтан ауа райының күрт ысуына байланысты бетон қозғалып жатыр. Қазір мұндағы жағдайды ҚазАвтоЖол өкілдері осылай деп түсіндіріп отыр», - дейді Нұрсұлтан Бекенов.
Айта кетейік, Алматы-Қорғас трассасында қопарылған жолдың видео әлеуметтік желіге жарияланған еді.