Антикор индустрияландыру бағдарламасы арқылы ашылған кәсіпорындарды тексере ме
АСТАНА. KAZINFORM – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» деп аталған бесжылдықтар нәтижесінде ашылған зауыттардың жұмысын тексермегенін мәлім етті.

Мәселе қайдан шықты?
Үкіметтің ресми мәліметіне сенсек, 2010-2019 жылдарды қамтыған индустрияландыру бағдарламасының арқасында елімізде 1 250-ден астам жаңа кәсіпорын мен 300 мыңға жуық жұмыс орны құрылған. 100-ге жуық ел қазақстандық өнімдерді тұтынушыға айналған. Жүк және жеңіл автомобиль, электровоз және трансформатор, жүк және жолаушылар вагоны, рентген жабдығы, жарық-диодты шам, титан бұйымдар, дәрі-дәрмек, бу турбиналарымен мыс радиаторлар, батарея сияқты 500 жаңа өнімнің өндірісі жолға қойылған.
Ал БАҚ-та, әлеуметтік желіде осы бағдарлама аясында салынған зауыттардың ашылмай жатып жабылып қалғаны, 1-2 жыл ғана істеп, кейін Ресей мен Қытай, Өзбекстан кәсіпорындарымен бәсекеде күйрей жеңілгені туралы дерек көп. Мысалы, Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевтің мәліметі бойынша жылына 67 мың планшет, 40 мың компьютер, 43 мың монитор шығарады деген «Caspiy Electronic» зауыты жұмысын тоқтатқан. Жылына 40 мыңдай көлік құрастырады деген «Тұлпар» автокөлік зауыты, «Қазтехмаш» зауыты, жылына 100 мың тонна мырыш өндіреді деген Балқаш мырыш зауыты, «КазСат-1» жерсерігі, Шымкенттегі 19,3 млн долларға салынған «Ютекс» мақта өңдеу зауыты, 88,6 млн доллар жұмсалған «Биохим» кәсіпорны ашыла салып, жабылып қалған.
Осы кемшіліктерге қарамастан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бағдарламаның қаражаты қаншалықты заңды жолмен игерілгенін, атышулы жобалар ақша жылыстатудың тетігі болған, болмағанын тексеруге асығатын түрі жоқ. Мұны агенттік басшылығы жұмыс регламентімен байланыстырады.
Антикордың ұстанымы
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы 1 250-ден астам кәсіпорынның жұмысына талдау жүргізді ме/жүргізуді жоспарлап отыр ма?
- Қандай да бір талдау жүргізілген болса, нақты қай жобаларға бөлінген қаражат өзін ақтамағаны анықталды?
- Осы бағдарламаның басы-қасында болған Әсет Исекешев, Жеңіс Қасымбек, Роман Скляр (сала министрлері) Кәрім Мәсімов, Серік Ахметов, Бақытжан Сағынтаев (премьер-министрлер) сияқты сала тізгінін ұстаған азаматтардан жауап алынды ма? Алынса, нақты қай тұлға және қай кезде, қандай статуспен іске тартылды?
Бұл сұрақтарға агенттік қысқа жауап қайырды.
- Агенттік бұған дейін индустрияландыру бағдарламасын іске асыру саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілмегендігін және сұрауда көрсетілген сұрақтар бойынша қылмыстық істер тіркелмегендігін хабарлайды, - деп жазылған жауапта.
Ондай сыртқы талдау жүргізу туралы шешімді агенттік өз құзыретінің аясында ғана қабылдай алмайтыны айтылған.
- Сыртқы талдау жүргізу үшін уәкілетті органдардың бірінші басшыларының және сыртқы талдау объектісінің (олар болмаған жағдайда, олардың міндеттерін атқаратын не олардың лауазымдарын алмастыратын адамдардың) бірлескен шешімі негіз болып саналады. Бірлескен шешім сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерінің, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің бастамашылық өтініші және уәкілетті органның оны жүргізу туралы шешімінің, ҚР Президентінің, ҚР Премьер-Министрінің, ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмалары, ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың шешімдері мен ұсынымдарының, әлеуметтанушылық зерттеу нәтижелері негізінде қабылданады, - делінген ресми мәліметте.