Антикор Көкшетаудағы су сапасын жақсарту жұмыстарын бақылауға алды
АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетау қаласындағы ауыз су сапасын жақсарту жұмыстары бақылауда тұр. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты.

- Көкшетаудағы су сапасы көңіл көншітпейді. Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі үнемі осы мәселені көтеріп келеді, судың құрамындағы түрлі қоспалар туралы айтып жатыр. Бұл жағдай қала тұрғындарының денсаулығына кері әсер ететіні анық. Осы мәселе 2010 жылдан бері шешімін таппай келеді. Атап айтқанда, Президенттің осы жағдайға қатысты арнайы тапсырмасы бар. Сондықтан өкілетті органдар мен Су ресурстары министрлігі, облыс әкімдігі осы проблемамен айналысып жатыр деп ойлаймын. Ол жерде мердігер компаниялар, жоба сомасы мен сметалар жиі өзгереді, - деді Ұлан Сарқұлов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Көкшетаудағы су сапасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тиісті мониторинг жасап отыр.
Еске салсақ, бірнеше жыл бұрын Көкшетау қаласында инвестициялық бағдарламаларды орындамаған «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнына ірі көлемде айыппұл салынды.