СҚО-да қашып жүрген сотталған орманда жеркепеде жасырынған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданындағы тұрғынның қорасынан жоғалған жылқы орманнан табылды. Оны қашып жүрген сотталған ұрлап әкетіп, сойып алған екен.

СҚО-да қашып жүрген сотталған орманда жеркепеде тұрып, ұрлықпен айналысқан
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, М.Жұмабаев аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғынынан жылқысының ұрланғандығы туралы арыз түсті. Біреу оның қорасына түсіп, байлаулы тұрған малын ер-тоқым, жүгенімен және киіп жүрген пимасымен бірге алып кеткенін хабарлаған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер мен жылқының иесі қар үстіндегі ізге түсіп, 30 шақырымдай жүреді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері «Булаево-Молодогвардейское» автожолының бойындағы орман ішіне кіріп, жеркепенің үстінен түседі.

Жеркепе қалың бұталардың арасына, жерді үңгіп қазып тұрғызылған, ішіне қолдан жасалған пеш орнатылған. Ауданның 48 жастағы тұрғыны жылқы етін мүшелеп жатқан жерінде ұсталды.

СҚО-да қашып жүрген сотталған орманда жеркепеде тұрып, ұрлықпен айналысқан
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Полицейлер күдіктінің осы қылмысты жасағанын алдын ала болжаған екен.

— Бұл ер адам бұрын пәтер ұрлығы үшін сотталып, үш жыл алты айға бас бостандығы шектелген, бірақ пробациялық бақылауға тұрмай, қашып кетіп бой тасалаған. Дәл осы адам ұрланған жылқының иесінде бұрын жұмыс істеген, қора-қопсының орналасқан жерін және қандай жылқылардың қолға үйретілгенін жақсы білген. Жоғалған пима қылмыскердің адамдардан жасырынып жүргенін байқатты, — дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов.

СҚО-да қашып жүрген сотталған орманда жеркепеде тұрып, ұрлықпен айналысқан
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Ол мал және пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен ұсталды. Аудан тұрғыны пәтер ұрлығын сот үкімі шыққаннан кейін қашып жүріп жасаған. Сондай-ақ, ол пробациялық бақылау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Жыл басынан бері СҚО-да мал ұрлығының 5 фактісі тіркелді, оның 3-еуі ашылды.

Қараша айында өткен «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында бұрын жасалған бір қылмыс ашылып, етті тасымалдау және өткізу кезіндегі ветеринариялық бақылауды бұзудың 37 дерегі анықталды.

Бұған дейін СҚО-да 6 млн теңгенің вейпін сатып жүрген жігіт ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар