Синоптиктер Астанаға не себепті қар жаумай тұрғанын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада биылғы қыс әдеттегіден жылы басталды. Алдыңғы жылдары дәл осы кезеңде аяз күшейіп, тұрақты суық орнайтын. Осыған байланысты Kazinform тілшісі Қазгидрометке сауал жолдады.

Астана, погода, зима, пробки
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Мамандардың айтуынша, қазір тек Шығыс Қазақстан мен солтүстік-шығыс өңірлерде ғана қар түсті. Алайда сол аймақтардағы қар бұлттары Астанаға жете алмай тұр. Бұған себеп — өңір үстіндегі антициклон.

— Антициклон әсерінен қар жаумай тұр. Дегенмен алдағы күндері фронттардың жылжуына байланысты жаңбыр аралас қар жауады. Алайда бұл тез еріп кететін қар. Ал жерге жабысып қалатын тұрақты қар желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында, яғни 8-9 желтоқсанда түсуі ықтимал. Қазір байқалып тұрған жылы күн райы қысқа мерзімді құбылыс, — деп түсіндірді Қазгидромет өкілдері.

Синоптиктердің айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Қыс жалпы алғанда қоңыржай жылы өтеді. Суық күндер мен жылы кезеңдер алмасып, «температуралық тербелістер» байқалады. Аязды күндер де болатыны айтылды.

— Желтоқсан айына жасалған болжамға сәйкес, айлық орташа температура республиканың басым бөлігінде норма шамасында болады. Ал Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанайдың батысы, Қызылорда және Ұлытаудың батысында температура нормадан 1-2 жоғары күтіледі. Шығыс Қазақстанда, Павлодардың солтүстік-шығысында және Абай облысының шығысындағы кей аумақтарда, керісінше, нормаға қарағанда 1° С төмен болмақ, — деді Қазгидромет.

Антициклон Астанадағы қарды тежеп тұр: қалың қар қашан түседі
Фото: Қазгидромет

Жауын-шашын мөлшері бойынша да айтарлықтай өзгеріс жоқ.

— Республиканың негізгі бөлігінде нормаға жуық, бірақ Қызылорда облысының көп бөлігінде, Ақтөбенің оңтүстік-шығысында, Қостанайдың оңтүстік-батысында және Ұлытаудың батысында нормадан аз түсуі мүмкін. Ал Павлодар, Солтүстік Қазақстанның шығыс бөлігі, Шығыс Қазақстанның солтүстігі мен орталығы, Абай облысының солтүстік аймақтары және Ақмола мен Қарағанды облыстарының солтүстік-шығыс бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп күтіледі. Таулы аймақтарда да қар молырақ түсуі ықтимал, — делінген құжатта.

Алдын ала болжам бойынша, жалпы қыс республика аумағында қалыпты мөлшердегі жауын-шашынмен және салыстырмалы түрде жылы өтеді. Алайда жекелеген кезеңдерде мол қар, боран, күшті жел, көктайғақ және тұман сияқты құбылыстар болуы мүмкін. Қыс бойы жиі жылымық пен суық толқындары ауысып отырады.

Еске сала кетейік, Қазақстанның 16 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды.

Соңғы жаңалықтар