Әнұран авторларын бөліп-жармай бәріне ортақ ескерткіш орнату керек - И. Елекеев
«Үлкен шығармалар мен мәңгілік туындыларды жеке адамдардың бойындағы дарыны дүниеге әкелсе де, түптеп келгенде бұл халықтың байлығы болып есептеледі. Сондықтан да, өнер қадірлеуді, ал өнер иелері құрметтеуді қажет етеді. 1956 жылы сазгер Ш. Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов қазақ халқына «Менің Қазақстанымды» сыйлады. Бұл ел рухын көтеретін әнге айналды. Оны желтоқсан жастары да қасқайып тұрып шырқады. Осы әннің шыққанына елу жыл өткенде Елбасы Н. Назарбаевтың түзетулерімен әйгілі ән мемлекеттің жаңа әрі мәңгілік Әнұранына айналды», деді И. Елекеев.
Сонымен қатар, депутат ағымдағы жылы Шымкент қаласында Ш. Қалдаяқовқа ескерткіш орнатылғанын айтып, бұның танымал тұлғаға ұлтының көрсетіп жатқан құрметі екендігін жеткізді. Бұл ретте И. Елекеев ендігі кезекте Ж. Нәжімеденовтың туған өңірі Атырау қаласында ескерткіш орнатылса деген тілегін айтты. «Жалпы, менің ұсынысым, еліміздің Әнұран авторларын бөліп-жармай ортақ ескерткіш орнатқан жөн. Бұл жастардың рухани байлығын арттырады, патриоттық сезімін күшейтеді», деді И. Елекеев.