Апатты жағдайдағы Орта Теректі су қоймасын жөндемесе ауылды су басуы мүмкін

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы Орта Теректі су қоймасы апатты жағдайда тұр. Егер оны жөндемесе аудан орталығындағы 134 үйді су басуы мүмкін. Тек бұл ауылда емес, шығыстың бірнеше ауданында қарғын су қауіп төндіріп тұр.  

өзен
Фото: Марқакөл ауданы әкімдігі

Дәл қазір қауіп жоқ

2024 жылдың 8 қаңтарында Марқакөл ауылындағы Орта Теректі су қоймасында объектілік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

Сол кезде аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Бейсеновке қоңырау шалып, мән-жайды сұраған болатынбыз. Өз сөзінде ол дәл қазір қандай да бір қауіп төніп тұрмағанын, су қоймасының апаттық жағдайда тұрғандықтан жөндеуді қажет ететінін жеткізді. 

— Төтенше жағдай алдын ала ойластырылып барып жарияланды. Су қоймасын көктемге дейін жөндеу қажет. Әйтпесе алдағы уақытта үйлер мен тұрғындарға қауіп төнуі мүмкін. Біздің мақсат — соның алдын алу. Күрделі жөндеу жұмыстарын бастау үшін конкурстық рәсімдерді өткізіп, мердігерді анықтауымыз керек, — деді Нұрсұлтан Бейсенов. 

Алайда аудан әкімінің орынбасары жөндеуге нақты қанша қаржы жұмсалатынын және су қоймасы жайлы толығырақ ақпарат алу үшін ресми сауалхат жіберуімізді сұрады.

су айдыны
Фото: Марқакөл ауданы әкімдігі

Бес көшені су басуы мүмкін

Kazinform редакциясының сауалхатына Марқакөл ауыл округінің әкімі Қуат Қизатов жауап берді. 

— Орта Теректі су қоймасы 1989 жылы «Казгипроводхоз» мекемесі Өскемен филиалының жобасы бойынша салынған. Су қоймасының жер тұғыры құм, тас қиыршықтарынан тұрады. Сыйымдылығы — 1,05 млн текше метр, су көлемі — 22 га, биіктігі 15 — метр. Қоймадағы су шаруашылық мақсатта және Марқакөл ауылы тұрғындары тарапынан бау-бақшасын суаруға пайдаланылады, — дейді ол. 

Орта Теректі су қоймасы Марқакөл ауданының коммуналдық теңгеріміне 2024 жылдың мамыр айында өткізілген.

Сол кезде «Алмалы құрылыс» ЖШС су қоймасына көпсалалы тексеріс және геологиялық бақылау жүргізген.

Оның апатты жағдайда тұрғаны жайлы тексеріс қорытындысы қараша айының 19-ы күні шықты. 

су
Фото: Марқакөл ауданы әкімдігі

— Күрделі жөндеу жүргізбесе Марқакөл ауылының бес көшесінде орналасқан 134 үйді су басу қаупі бар. Былтыр жергілікті қаражат қорынан 4,8 млн теңге бөлініп, су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл ағымдағы жөндеуді жалғастыру үшін облыс әкімдігінің резервінен 11 млн теңге қосымша қаражат бөлуді қарауға ұсыну үшін құжаттар дайындалды. Сондай-ақ «Орта Теректі су қоймасын қайтадан жаңғырту» жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, жобалық-сметалық құжаттама берілді. Бұл жобаның құны — 53,6 млн теңге, — дейді Қуат Қизатов.

Марқакөл ауданы бойынша көктемгі су тасқынының алдын алу үшін су өткізгіш құбырларды, арықтарды, каналдарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су басу қаупі бар ауылдардан қар шығару үшін Зайсан «СМУ Шығыс» ЖШС мен келісім бойынша шынжыр табанды экскаватор тартылды. 

су
Фото: ШҚО ТЖД

— Бүгінде Орта Теректі су қоймасының қауіпті деген учаскелерін мықтау және көтеру жұмыстары аяқталды. Орта Теректі өзенінің арнасы тереңдетіліп, жағасы көтерілуде. Су қоймасындағы ағымдағы жөндеу жұмысы кезінде бетонды езіндісіне ауа-райына байланысты арнайы химиялық қоспа қосу арқылы жүргізілді, — деп түсіндірді Марқакөл ауылдық округінің әкімі.

Қорыта айтқанда, төтенше жағдай апаттың алдын алу үшін жарияланған. Сондықтан су қоймасын көктемге дейін жөндеп, үйлеріне қауіп төніп тұрған халықтың айнасын үрей шаңынан тазарту қажет. 

Қар ерте еріп жатыр

Биыл Шығыс Қазақстан облысында қыс «қаһарына мінбей» тұр. Күн райының жылы болуынан Зайсан мен Тарбағатай аудандарында қар еріп, су тасқыны қаупі артқан.

Мамандардың айтуынша, мұндай жылы ауа райы өңірде соңғы 50 жылда тіркелмеген. 

мұз
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі Ермек Көшербаев, құзырлы басқармалар өкілдері, ШҚО төтенше жағдайлар және полиция департаменттері, Тарбағатай ауданы әкімі мен Зайсан ауданы әкімінің орынбасарының қатысуымен жедел кеңес өткізді.

— Әрбір елдімекен үшін су тасқыны қаупі картасын, оның ішінде әрбір ауылды және төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдың егжей-тегжейлі алгоритмін жаңарту қажет. Аудан, ауыл әкімдері төтенше жағдай болған жағдайда бекітілген алгоритм бойынша әрекет етуі тиіс. Бәріне дайын болуларыңыз керек. Басқа аудандардың да тәжірибесін қолданыңыздар, — деді әкім.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға жергілікті атқарушы органдар мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жұмылдырылған.

өзен
Фото: Марқакөл ауданы әкімдігі

— Зайсан үшін бұл қалыпты жағдай. Жер қатқан кезде, әсіресе Дайыр мен Қарабұлақ ауылдарының маңында жер асты суы жиі шығады. Су жиналған кезде құбырға, одан әрі Кеңдірлі көліне құяды. Бұл — жыл сайын қайталанатын табиғи құбылыс, алаңдаудың қажеті жоқ, — дейді гидротехник Мирзан Иманжанов.

Құтқару қызметі мен синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері өңірде күн суытады деп күтілуде. Сондықтан бұл аумақта су басу қаупі байқалмайды.

72 елді мекен қауіп аймағында тұр

Осы мақаланы оқып отырған халықта «жалпы Шығыс Қазақстанда биыл көктемде үйлерге су кірмес үшін не істеліп жатыр?» деген заңды сауал туындайды. Соның жауабын білу үшін ШҚО төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып көрдік.

су қоймасы
Фото: ШҚО ТЖД

— Шығыс Қазақстанда 2025 жылы облыстың қалалары мен аудандарының су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары әзірленген. Жаз бен күз айларында барлығы 88 шара іске асырылды. Ертіс бассейндік инспекциясы Бұқтырма су қоймасын 2025 жылдың сәуір айына дейін пайдалану режимін әзірледі. Қыс мезгілінің басынан мұз қату кезеңінде тау өзендеріне тікұшақпен екі рет аэровизуалды бақылау жүргізілді. 83 мың текше метрден астам қар шығарылып, облыстың 6 ауданындағы 18 учаскеде профилактикалық мақсатта мұз жарылды, — дейді департаменттің баспасөз хатшысы Марина Лискова. 

Оның айтуынша, 40 мың ыдыс-қап, 5 мың тонна инертті материал және 507 тонна жанар-жағармай қоры жасалған.

Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД бөлімшелерінің күштері мен құралдарынан арнайы топ құрылды. 

қар
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

— Оның ішінде 2270 адам, 726 техника, 61 су көлігі және 223 мотопомпа бар. Су тасқынынан зардап шеккендер болған жағдайда оларды орналастыру үшін қала және аудан әкімдері жалпы сыйымдылығы 17564 адамды құрайтын 153 қабылдау пунктін дайындады. Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайы тұрақты, облыс өзендеріндегі су деңгейі қатерлі деңгейден төмен. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда, — дейді Марина Лискова. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да қыстың жылы болуынан су тасқыны қаупі артқанын хабарлаған едік.  

а
Фото: Макрқакөл ауданы әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар