Апаттық мектептерге қатысты мәліметтер нақты емес- Нұр Отан партиясы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының Стратегия және мониторинг департаменті директорының орынбасары Айкерім Айтқожина апаттық және үш ауысымды мектептерге қатысты мәліметтерді қайта тексеруге тура келіп жататынын атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Апаттық мектептерге қатысты мәліметтер нақты емес- Нұр Отан партиясы

Еліміздегі апаттық және үш ауысымдағы мектептердің мәселесі көтерілген жиында «Нұр Отан» партиясының өкілі Айкерім Айтқожина уақтылы пайдалануға берілмеген мектептерді атап өтті. Оның айтуынша, Семей қаласының Бобровка ауылындағы мектеп осы жылдың 1 тамызында берілуі керек болғанымен, 10 тамызда ғана қолданысқа енгізілген. Сол секілді Жамбыл облысы, Тараз қаласын Салтанат ауданындағы мектептің берілу уақыты бір жарым айға кешіктірілген. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласындағы Арай ауданында 27 сәуірде берілмек болған балабақшаның лентасы 28 мамырда қиылған.

«Орталық аппарат пен БҒМ арасында статистика бойынша мәселе туындап жатады. Мәселен, алдын ала ақпарат толықтырылып келмейтіндіктен, бізге министрлікке хабарласып, мәліметті қайта тексеруге тура келеді. Бірақ, партияның өңірлік филиалдары бізге мектептердің құрылысы бойынша фото және видео түрінде есеп береді. Демек, аймақтық комиссиялардың жұмысы мәліметтердің әрдайым шындыққа жанаса бермейтінін көрсетеді. Сондықтан, алдағы уақытта мәселелерге тап болмау үшін БҒМ ақпараттарды беру жұмысын сапалы түрде қараса жақсы болар еді», - деді партия өкілі.

Орталық аппарат департаменті басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, құрылысы уақтылы аяқталмай жатқан нысандарға қайтадан ақша бере берудің қажеттігін де тексерген абзал.

«Мәселелі нысандарды жергілікті атқарушы билікке ысырудың қажеті шамалы секілді. Олар республикалық қаражатты уақтылы игере алмай жатыр. Немесе мердігерлермен бақылау жұмысын күшейту керек», - деді ол.