Апелляция алқасы мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқығын қорғады

«Бірінші сатыдағы соттың шешімімен бұрынғы әскери қызметші Б.-ның «Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігі» ММ-ға және ҚР ҚМ «Шымкент гарнизонының әскери полиция бөлімі» РММ-ға денсаулыққа келтірілген зиян үшін өтемақы өндіріп алу туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тартылды.
Істі қарау барысында талап қоюшының ҚР ҚМ «Шымкент гарнизоны әскери полиция бөлімі» РММ-да әскери қызмет өткергені анықталды. Таңертең ерте қызмет орнына бара жатқанда ол жол-көлік оқиғасына түседі. Әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы бойынша дене жарақаттары ауыр санатқа жатады», - делінген хабарламада.
Әлеуметтік-медициналық сараптама актісіне сәйкес талап қоюшының жалпы еңбек ету қабілетінен айырылуы 100% және мүгедектік туралы анықтамаға сәйкес оған 1 мүгедектік тобы берілген.
Апелляциялық шағымда талап қоюшының өкілі қолданыстағы заң нормалары дұрыс қолданылмауына байланысты бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюды және талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрады.
«Осы азаматтық істі апелляциялық қарау нәтижесінде Шымкент гарнизоны әскери сотының шешімінің күші жойылды. Жауапкер «Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігі» ММ-дан, ҚР ҚМ «Шымкент гарнизоны әскери полиция бөлімі» РММ-дан талап қоюшы Б.-ның пайдасына денсаулықтың зақымдануы нәтижесінде ай сайынғы жоғалған табысты өндіріп алу туралы талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданды», - деді Әскери соттан.
Талап қоюшы өкілінің апелляциялық шағымы толық қанағаттандырылды.
Қаулы заңды күшіне енді.