Апелляция Қаңтар оқиғасына қатысып, 16 жылға сотталған қызылордалықтың үкімін өзгертпеді

Бірінші саты соты П-ны 16 жылға бас бостандығынан айырып, О. қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
Адвокаттар үкімге шағымданып, оның күшін жоюды және сотталғандарды ақтауды сұраған болатын.
Негізінде П. ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 1-бөлігімен (жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру ), 380-1-бабы 2-бөлігінің 5), 6) тармақтарымен (басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен, адамдар тобы болып құқық қорғау органы қызметкерін қазаға ұшыратуға бағытталған қасақана әрекеттер), 24- бабы 3- бөлігі 291-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп атыс қаруын жымқыруға не қорқытып алуға оқталу) айып тағылған.
«Ал О. бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 2-бөлігімен (жаппай тәртiпсiздiкке қатысу), 269-1-бабы 2-бөлігінің 2), 4) тармақтарымен (күш қолданып не оны қолдану қатерін төндіріп, адамдар тобымен әскери құралымдар күзететін объектіге заңсыз кіру), 380-1 бабы 2-бөлігінің 5),6) тармақтарымен (басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен, адамдар тобы болып құқық қорғау органы қызметкерін қазаға ұшыратуға бағытталған қасақана әрекеттер) іс қозғалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық сотынан.
Сот барысында П. 2021 жылдың желтоқсан айында Қызылордада зират жанында адамдарды жинап, 2022 жылы 4 қаңтарда «Aray City Mall» сауда үйінің алдында, облыстық әкімдік ғимаратында, жергілікті жол полиция басқармасында болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған.
«Атыс қаруын жымқыру мақсатында ол алдын ала тапсырыс беріп, полиция ғимаратының сызбасын алған. Қылмыстық әрекетін аяқтауға полиция қызметкерлерінің қарсылығы кедергі болған. Жаппай тәртіпсіздік кезінде П. жол полициясы департаменті ғимаратының жанында өз адамдарына оқ атуды бұйырды. Ал О. жаппай тәртіпсіздікке қатысып, әкімдік пен жол полициясы ғимараттарына заңсыз кірген. Ол П-ның бұйрығымен полиция қызметкерін атып, оған ауыр дене жарақатын салған. Қарулы қақтығыс кезінде оқиға орнында қаза тапқан. Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, бейнежазбамен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен дәлелденеді. Апелляциялық сот алқасында үкімді өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болған жоқ. Осыған орай үкім өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп толықтырды облыстық соттан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазалыда жасөспірімді ұрып-соққан 3 оқушыға сот үкімі шықты.