14:23, 08 Қараша 2013 | GMT +5
Апелляциялық сот алқасының араласуымен кассир өз қызметіне қайта оралды - БҚО
ОРАЛ. 8 қараша. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Орал теміржол бөлімшесінің аға кассирі Р.Өтемісова сот шешімімен өз қызметіне қайта орналасты.

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Амангелді Шахиннің хабарлағанындай, жиі ауысып жататын теміржол бөлімшесі басшыларының біріне жақпай қалды ма, әлде кассирлердің арасынан шын мәнінде жік шықты ма, мәселе онда емес, 2013 жылғы 23 қаңтарда аға кассир Р.Өтемісованың үстінен ұжымдық шағым түсіп, оған жиналыс қорытындысы бойынша 2013 жылғы 29 қаңтардағы № 48 бұйрықпен қатаң сөгіс және жіберген қателігін түзетуге бір ай мерзім беріледі. Мұнан кейін ақпан айы басталғанда, кезекті еңбек демалысына шығып кеткен аға кассир қайтып оралып, қызметіне қайта кіріскенде қарамағындағы кассирлерден басшылыққа тағы шағым түседі. Қойған кінәлері - қарамағындағы әріптестерімен қарым-қатынасы, мінез-құлқы түзелмеген. Филиал директоры осы шағымға байланысты тағы да мәжіліс құрып, бұрыннан тәртіптік жазасы бар аға кассир дәлелді себептерсіз еңбек тәртібін қайтадан бұзды деген қорытынды жасап, 2013 жылғы 29 наурыздағы №47, 147 бұйрықтармен еңбек қатынасын үзеді. Үстінен шағым түсірген кассирлердің қойған қолдарына күмән келтірген және бастапқы тәртіптік жазадан кейін жарытып жұмыс жасап та үлгермеген Р.Өтемісова өзіне қатысты бір әділетсіздіктің белең алғанын сезіп, аталған бұйрықтарды заңсыз деп тауып, жұмысына қайтадан орналастыру және лажсыздан бос жүрген кездерінің еңбекақысын өндіріп беру жөнінде сотқа шағынады. Азаматтық істі 2013 жылғы 16 тамыздағы мәжілісінде судья А.Ерғалиеваның төрайымдық етуімен қараған Орал қалалық №2 соты талапты қанағаттандырудан бас тартады. 2013 жылғы 3 қыркүйекте кассирдің өкілі Б.Шамбуловтан сотқа апелляциялық шағым түсіп, Орал қалалық №2 сотының 2013 жылғы 16 тамыздағы шешімін бұзып, «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы Орал теміржол бөлімшесінің Р.Өтемісованы қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартып, еңбек шартын үзгендігі туралы бұйрықтарын бұзып, лажсыздан бос жүрген кездерінің жалақысын өндіріп беру жөнінде жаңадан шешім шығару талап етіледі. Апелляциялық шағымда Орал теміржол бекетінде 2009 жылдан бері аға кассир қызметін сын-ескертпесіз жылдар бойы лайықты атқарып келе жатқан Р. Өтемісованы тәртіптік жауапкершілікке тартудың астарында бұйрықтың заңдылығына күмән келтіретін жайлардың бар екендігі көрсетілген: ұжымдық шағымда кейбір кассирлердің қолдарын басқа біреулер қойып жіберген. Жауапкершілікке тартылған қызметкер кассирлер шағымының мазмұнымен таныстырылмаған. Батыс Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің 2013 жылы 3 мамырда жүргізген тексерісінде аталған шағымда жазылғандардың шындыққа сәйкес келмейтіндігі туралы қорытынды жасалған. Аға кассирді тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз болған 2013 жылғы 23 қаңтардағы №22 хаттамалық шешімге қатысты түсініктеме Р.Өтемісовадан 29 қаңтарда, демек, тәртіптік жауапкершілікке тартылып кеткеннен кейін алынған. Ал ҚР Еңбек Кодексінің 73-бабы 2-тармағына сай қызметкерден жазбаша түсініктеме тәртіптік жауапкершілікке тартылғанға дейін алынуы тиіс. Қызметкер түсініктеме беруден бас тартқан жағдайда тиісінше акт толтырылатындығы келтірілген. Шағымданушының өкілі аға кассир мен жұмыс берушінің арасындағы қайшылық Р.Өтемісованың кәсіпорындағы жұмыс бабындағы бұрмалаушылық фактісін ашуынан басталғандығын атап көрсетеді. Жұмыс берушінің бастамасымен бір қызметкер штаттан тыс кассирлік қызметке алынып, жүк тасымалының бірнеше есеп түбіртегіне басқа кассирдің атынан қол қойып жіберген. Аға кассирдің осы фактіні ашып, теміржол бөлімшесі басшылығының назарына берген әрекетін басшылық жауапсыз қалдырған. Апелляциялық шағымды 2013 жылғы 30 қазандағы отырысында судья Есенбай Боранбаевтың төрағалығымен қараған Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Орал теміржол бөлімшесінің 2013 жылғы 29 қаңтардағы №48, 23 наурыздағы №47, №147 бұйрықтарын заңсыз деп тауып, бұзып, аға кассир Р.Өтемісованы бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы шешім шығарды. Кассирдің лажсыздан алты ай бойы бос жүрген кездеріне компаниядан 496 572 теңге, соттағы өкілінің қызметіне жұмсаған 100 мың теңге, барлығы 596 572 теңге шығын мен 17 897 теңге мемлекеттік баж салығы өндіріліп алынатын болды. -ҚР Еңбек Кодексінің 177-бабына, Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 237-бабына сәйкес сот шешімінің жұмысқа қайтадан орналастыру мен үш ай лажсыздан бос жүрген кездерінің жалақысы дереу орындауға жатады. Сот шешімінің дереу орындалғаны, аға кассир Р.Өтемісованың бұрынғы қызметіне қайтадан орналастырылып, лажсыздан бос жүрген күндерінің жалақысын төлеу туралы бұйрықтың сол күні шығарылғаны жөнінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Орал теміржол бөлімшесінің қазіргі директоры С.Құлмұхановтан сотқа жауап келді, - деді аталған азаматтық істі қараған облыстық соттың судьясы Е.Боранбаев.