Апорт ағашына қауіп төндіретін басты аурулар қандай

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысында шаруалар мен кәсіпкерлерге арналған «Климаттың өзгеруі жағдайында алма ағаштың апорт сортын зиянды организмдерден қорғау» тақырыбында семинар өтті.

апорт
Фото: Александр Павский / Kazinform

Іс-шараны Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Семинар барысында бақ шаруашылығы саласындағы озық ғылыми технологиялар ұсынылды, алма ағаштарын зиянкестерден қорғаудың әдіс-тәсілдері көрсетіліп, дрон басқару бойынша шеберлік сабағы болды.

Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембеков семинар Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен фермелерді ақпараттандыру мақсатында өткізілгенін атап өтті.

алма
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алма ағаштарына қандай қауіп бар?

Ғалым алма бақтарына қандай қауіп бар екенін және одан қорғану жолдарын түсіндірді.

Айтуынша, елімізде 79 мың гектардан астам алма бағы болса, олар үшін ең қауіпті ауру — алманың бактериялық күйігі. Ол Қазақстанға шетелден біраз жыл бұрын келген.

— Осы дерт бағбандарға үлкен шығын келтіріп жатыр. Осы күйікке қарсы шара қолдану үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ең алғашқы болып ғылыми негізделген жоба жасап бердік. Алма бақтарында бактериялық күйіктен басқа көптеген аурулар мен зиянкестер кездеседі. Мысалы, «парша» немесе алманың тас қотыры — бұл да фермелерге қиындық туғызып отыр. Ал бактериялық ауруларды негізінен өрмекші кенесі, өсімдік биттері, цикадка сынды зинякестер таратады, — дейді Бақытжан Дүйсембеков.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Оның айтуынша, алма ағаштарды ауру мен зиянкестерден сақтау үшін кешенді күрес шараларын жүргізу қажет.

Атап айтқанда, мұқият мониторинг жасау, яғни өсімдік қорғау саласының мамандары ауруды анықтаған жағдайда дер кезінде шара қолдануы керек.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Фермелерге беретін кеңесіміз: кешенді күрес жүргізу, яғни біріктірілген технологияларды қамту керек. Ерте көктемде және күзде мыс құрамды препараттармен жұмыс істесе, бұл барлық аурудың ошағын тоқтатады. Одан кейін жаз және басқа мезгілде өңдеу жұмыстарын жүргізу керек. Біздің технологияның ерекшелігі — Батыс елдерінде 30-ға жуық өңдеу жасалады, ал бізде 6 немесе 9 ғана. Бұл экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді. Үсті-үстіне өңдеу жүргізіп отырса, пиститтің қалдықтары өнімде қалуы ықтимал. Сондықтан адамға зияны болмас үшін күрес шараларының ішінде биологиялық препараттарды көбірек қолданған жөн, — дейді институт басшысы.

алма
Фото: Александр Павский / Kazinform

Маман апорт ағашының ерекшелігіне де тоқталып өтті. Ғалым сөзіне сүйенсек, апорт басқа алма сорттарына қарағанда ауруларға сезімтал болып келеді.

— Апортқа ерекше қорғау шаралары қажет. Басқа ағаштарға қарағанда апортқа зиянкес те үйір, өйткені олар да жақсының дәмін біледі. Сондықтан біздің институт ғалымдары апортты ерекше қорғау бағдарламасына мән береді. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты көбейтумен айналысатын болса, біз оны қорғауға көңіл бөлеміз. Бұл жерде кешенді жұмыс керек. Бір шаруа ғана оны алып кете алмайды. Ғылыми негізделген әдістерге сүйенетін болсақ, бұл алма брендін әбден дамыта аламыз, — деді ол.

алма
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бақ шаруашылығындағы технологиялар

Бақытжан Дүйсембеков бүгінгі күні шаруаларға уақтылы көмек беретін жылжымалы зертханалар бар екенін атап өтті. Ол кәдімгі жедел жәрдем секілді қызмет көрсетеді.

— Бізде жылжымалы зертхана бар. Айталық, адам ауырған кезде жедел жәрдем оған алғашқы симптомдарын анықтау арқылы көмек береді емес пе. Сол секілді бізге де фермелер хабарласады. Олардың ауру тиген ағашты Алматыға әкеп жүретін уақыты да, мүмкіндігі де жоқ. Сонда көмекке жылжымалы зертхана келеді, яғни ғылым фермерге өзі барады. Жылжымалы зертханада заманауи құралдар орнатылған. Сондықтан кез келген ауруды анықтап береді. Мысалы, бактериялық күйікті 1,5 сағаттың ішінде анықтаймыз. Соған қарай қорғау шараларын ұсынамыз. Өйткені аурудың түрін анықтамай препарат тағайындауға болмайды, — деді ғалым.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Сонымен қатар Бақытжан Дүйсембеков қазіргі уақытта жеміс өсірумен айналысатын шаруалар дрон сынды ұшқышсыз ұшу аппараттарын жиі қолданып жатқанын атап өтті.

Айтуынша, бір дрон шаруашылыққа кететін шығынды біршама азайтады.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Ауыл шаруашылығы министрлігі біздің инстиут ұсынысы негізінде шегірткеге қарсы 46 агро-дрон сатып алды. Адам бара алмайтын жерлерді өңдей алады. Фермелер өздері сатып ала алмаған жағдай, дрондар арқылы өңдеу жасайтын компанияларды жалдайды. Қазір мұндай компаниялар да көбейіп келеді. Дрондар камералары ауру ошақтарын түсіне қарай тауып, қажет тұсын ғана өңдей алады. Трактормен жаппай өңдесеңіз, дронмен тек керек жерін өңдей аласыз. Бұл қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді, — деді ол.

алма
Фото: Александр Павский / Kazinform

Қазақстан ғалымдарының жаңалығы

Бақытжан Дүйсембеков алма шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін өзекті мәселе — бактериялық күйікке қарсы отандық препарат жасалғанын айтты.

— Соңғы жаңалықтарымыздың бірі — Микробиология және вирусология институты ғалымдарымен бірге академик Аманкелді Саданов шығарған отандық биологиялық препарат. Соны 3 жыл көлемінде бағдарламалық тақырып ретінде бірге жасадық. Біз жобаның қосымша орындаушысы болдық. Яғни, зертханадан бастап далалық жағдайда сынақтан өткіздік. Аты — «Лактин АС» және «Плантарин АС». Ол сүт қышқыл бактерияларының негізінде жасалады. Былтыр 400 гектарда Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында сынақтан өткіздік. Енді оның тиімділігін фермелердің өздері айтып жатыр. Бұл препаратты қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекциясына тіркеуге ұсындық, — деді ол.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, биология ғылымының докторы Амангелді Саданов жаңадан жасалған препараттың қалай әсер ететінін түсіндірді.

— Биологиялық күйік ауруының бізге шетелден келгеніне 10-15 жыл болды. Бұрын Қазақстанда болмаған. Ол аурудың жаман жері — алма бағын толықтай өлтіріп тастайды. Жемісін, сабағын, жапырағын — бәрін жояды. Бізде Қазақстанда күйік ауру болса, кесіп тастау керек деген шешім қабылданған. Бірақ ауырған малдың бәрін өлтіре бермейміз ғой, емдейміз. Бүгінге дейін оны химиялық дәрілермен өңдеп келдік. Оның өзі 50-60 пайыз ғана көмек берді және қоршаған ортаға зияны көп болды. Сондықтан зияны жоқ ем іздедік. Табиғатта бір микроб зиян келтіретін болса, оның өзін құртатын міндетті түрде екінші микрорганизм болады. Соны қанша жыл іздеп, таптық. Ол ауруды 90-95 пайызға өлтіре алады, — деді профессор.

ғалым
Фото: Александр Павский / Kazinform

Сондай-ақ Амангелді Саданов ауыл шаруашылығын өркендетуде ғылымның орны маңызды екенін атап өтті.

— Ғылымды пайдаланбай жеміс ағашының жемісін де сақтап қала алмаймыз. Сондықтан міндетті түрде ғылымның жаңалығына арқа сүйеу қажет. Біз шаруалармен бірге жұмыс істейміз. Біздің мәселелерді шетелден келіп ешкім шешіп бермейді. Ал біз өз еліміздегі өзекті сұрақтарды шешуге тырысамыз. Бірақ оған әрине, уақыт, қаржы, шыдам қажет, — деді ол.

апорт
Фото: Александр Павский / Kazinform

Еске салайық, биыл Алматы апорты ресми түрде Қазақстанның ұлттық бренді атанды.

Бұған дейін аңызға айналған Алматы апортының бүгінгі жай-күйі қалай екенін жазғанбыз.

алмабақ
Фото: Александр Павский / Kazinform
алма
Фото: Александр Павский / Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар