Apple 84 елдегі пайдаланушыларға киберқауіп туралы хабарламалар жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Apple компаниясы 84 елдегі пайдаланушыларға жаңа киберқауіп туралы ескертулер жолдады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ. Бұл туралы компания жұма күні мәлімдеді.

Apple
Фото: Азертадж

Reuters жазғандай, Apple — белгілі бір пайдаланушы хакерлердің нысанасына алынуы мүмкін екенін анықтаған кезде үнемі хабарландыру жіберетін технологиялық компаниялардың бірі.

Apple-дің мәлімдемесінде 2 желтоқсанда жіберілген ескертулер жайлы аз ғана ақпарат берілген. Онда болжамды тыңшылықтың сипаты, қанша қолданушы зардап шеккені және оны кім жүзеге асырғаны туралы нақты мәліметтер көрсетілмеген.

Компанияның бұған дейінгі ескертулері әлемдік БАҚ-та кеңінен талқыланып, тіпті Еуропалық Одақта тергеулердің басталуына себеп болған. Бұған дейін жоғары лауазымды тұлғалар шпиондық бағдарламалар арқылы жасалған шабуылдарға ұшыраған еді.

— Бүгінгі күнге дейін біз 150-ден аса елдегі пайдаланушыларға хабарлама жібердік, — делінген Apple мәлімдемесінде.

Осыған дейін Apple Үндістаннан Ресейге iPhone сатылса, айыппұл салатынын ескерткен еді.

Сонымен қатар Apple бас директоры Тим Кук компанияның Қытайдағы бизнесті дамытуға инвестиция көлемін ұлғайтуға және өзара тиімді дамуға қол жеткізу үшін Қытаймен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек Valve Corporation, Apple, Temu сынды шетелдік интернет-платформалар Қазақстан бюджетіне 118,4 млрд теңге төлегенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар