Apple — әлемдегі ең қымбат бренд атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Брендтерді бағалаумен айналысатын халықаралық Brand Finance ұйымы «Global 500 — 2026 жылғы әлемдегі ең қымбат 500 бренд» атты есебін жариялады, деп жазды Анадолы агенттігі.

Apple – әлемдегі ең қымбат бренд атанды
Фото: Анадолы

Рейтингіде АҚШ көш бастады: Global 500 тізіміндегі 192 компания — америкалық, 68-і — қытайлық, 33-і — жапондық, 33-і — француздық, 26-сы — германиялық және 25-і — британдық.

Агенттігінің тілшісі зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып жинақтаған деректерге сәйкес, Apple 607,6 млрд АҚШ долларымен өткен жылғыдай әлемдегі ең қымбат бренд деп танылды. 2025 жылы компанияның брендтік құны 574,5 млрд доллар болған.

Apple-ден кейін Microsoft (565,3 млрд доллар) және Google (433,1 млрд доллар) орналасты. 2025 жылы Microsoft бренді шамамен 461,1 млрд долларға, ал Google 413 млрд долларға бағаланған еді.

Тізімде америкалық Amazon 369,9 млрд доллармен 4-орынға, америкалық Nvidia 184,3 млрд доллармен 5-орынға жайғасты. Қытайлық TikTok 153,5 млрд доллармен 6-орынға, америкалық бөлшек сауда алыбы Walmart 141 млрд доллармен 7-орынға шықты. Оңтүстік Кореяның Samsung компаниясы 119,2 млрд доллармен 8-орынды иеленсе, америкалық Facebook 107 млрд доллармен 9-орында, қытайлық State Grid 102,4 млрд доллармен 10-орында тұр.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, елдер рейтингісінде АҚШ бірінші орында. Global 500 тізіміне енген 192 бренд — америкалық, 68-і — қытайлық, 33-і — жапондық, 33-і — француздық, 26-сы — германиялық және 25-і — британдық компаниялар.

Әлемдегі ең қымбат 500 брендтің жалпы құны 10%-ға артты

Brand Finance Türkiye директоры Мұхтерем Ильгюнер «Анадолу» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында әлемдегі ең қымбат брендтерге қатысты пікір білдірді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне сәйкес, жаһандық экономикалық өсім төмен деңгейде қалып отырғанын атап өткен Ильгюнер:

— Brand Finance мәліметтері жағдайдың өзгеше екенін көрсетеді. Әлемдегі ең қымбат 500 брендтің жалпы құны өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 10,4 трлн долларға жетті, — деді.

Оның айтуынша, бұл көрсеткіш жаһандық экономикалық өсімнен 3,2%-ға жоғары. АҚШ 192 брендпен және 5,5 трлн долларлық құнымен нарықтың 53,4%-ын иеленіп отыр. Қытай — 1,6 трлн доллармен 15%, Германия — 580,2 млрд доллармен 5,6%, Жапония — 490 млрд доллармен 4,7%, Франция — 426,5 млрд доллармен 4% үлеске ие. Ал ең төмен үлес Аргентинаға тиесілі — бір бренд және 6 млрд доллар.

Ильгюнер салалар бойынша ең үлкен үлес банк секторына тиесілі екенін айтты: 79 брендтің жалпы құны 1,3 трлн долларды құрап, 12,5% үлеспен бірінші орында тұр. Банктерден кейін 25 медиа-бренд (1,1 трлн доллар), 17 электронды бренд (835,4 млрд доллар), 11 интернет және бағдарламалық қамтамасыз ету бренді (759,4 млрд доллар), сондай-ақ 40 бөлшек сауда бренді (707 млрд доллар) орналасқан.

Revolut бренді 239%-ға өсім көрсетті

Ильгюнердің айтуынша, брендтік құны ең төмен сала — тау-кен өндіру және металлургия, оның жалпы құны 5,5 млрд долларды құрайды.

— Өткен жылмен салыстырғанда ең жоғары өсім — 239% — британдық финтех-компания Revolut брендіне тиесілі. Ал ең үлкен төмендеу — 35,8% — Tesla брендінде тіркелді, — деді ол.

Сондай-ақ тізімнің соңында тұрған брендтің құны 5,2 млрд доллар екенін атап өткен Ильгюнер:

— Түркиялық брендтердің ешқайсысы бұл деңгейге жете алмағандықтан, олар биыл да рейтингке енбеді. Соңғы 10 жылда Түркиядағы ең қымбат бренд пен жаһандық тізімнің соңындағы бренд арасындағы айырмашылық барған сайын ұлғайып келеді. Басқаша айтқанда, елдер өз брендтері арқылы байып отыр. Сондықтан Түркия үшін де бренд қалыптастыруға басымдық беру аса маңызды, — деп түйіндеді.

Айта кетейік, бұған дейін Apple 84 елдегі пайдаланушыларға киберқауіп туралы хабарламалар жіберген болатын.

Соңғы жаңалықтар