Apple, Google, Telegram аккаунттарына қауіп: 16 млрд жеке дерек бұзылды

АНКАРА. KAZINFORM — Киберқауіпсіздікке арналған ақпараттық сайттың хабарлауынша, Apple, Facebook, Google, Telegram және кейбір мемлекеттік қызметтердегі аккаунттарға кіруге мүмкіндік беретін әлем бойынша шамамен 16 миллиард пайдаланушы дерегі бұзылып, бұл тарихтағы ең ірі «дерек ағуы» оқиғасына айналды, деп жазды Анадолы.

16 млрд жеке дерек бұзылды
Фото: Анадолы

«Киберхабар» атты киберқауіпсіздік саласына маманданған сайттың мәліметінше, жыл басынан бері жүргізілген зерттеулер нәтижесінде әрқайсысында ондаған миллионнан бастап 3,5 миллиардқа дейін ақпарат бар 30 ірі дерекқор арнайы ақпарат ұрлайтын бағдарламалық қамтамасыз ету (Infostealer) арқылы бұзылғаны анықталды.

Зерттеу барысында бұл 30 дерекқорда жалпы 16 миллиардтан астам дерек болғаны белгілі болды. Бұл — тарихтағы ең ауқымды деретің таралу немесе ұрлану фактісі.

Бұл деректер «қару ретінде қолдануға болатын үлкен көлемдегі барлау ақпараты» ретінде сипатталып, Apple, Facebook, Google, GitHub, Telegram және бірқатар мемлекеттік онлайн-сервистерге кіру үшін қолданылуы мүмкін.

Айта кетейік, мамыр айында әлем бойынша пайдаланушыларға тиесілі 184 миллион дерек әшкереленген болатын. Олар да осы 30 дерекқордың ішінен табылған.

Еске сала кетейік, жақында Әлеуметтік желілерде Қазақстан азаматтарының жеке деректері тарады деген ақпарат шыққан еді. Осы мәселеге қатысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) ресми мәлімдеме жасап, жеке деректердің таралуына қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар