Apple компаниясы Үндістаннан Ресейге iPhone сатылса ірі айыппұл төленетінін ескертті

АСТАНА.KAZINFORM — Apple-дің ресми дистрибьюторлары Үндістандағы бөлшек сауда дүкендерін жаңа модельдер импортталғаннан кейін 90 күн ішінде шетелдік SIM-картамен активтелген iPhone үшін қатаң айыппұлдар салынатыны туралы хабардар етті, деп жазды РБК.

Apple компаниясы Үндістаннан Ресейге iPhone сатылса ірі айыппұл төленетінін ескертті
Фото: Pexels

Бұл туралы MoneyControl үнді басылымы дистрибьюторлардың сатушыларға жолдаған ресми хатына сілтеме жасап хабарлады.

MoneyControl аналитиктердің есебіне сүйене отырып, қазан айында Үндістаннан iPhone экспорты 1,6 млрд долларға жеткенін жазады. Бұл елдің смартфон экспорты көлемінің үштен бір бөлігі және жалпы электроника экспортының 40%-ына тең.

Сарапшылардың бағалауынша, Үндістаннан экспортталатын техниканың 3–5%-ы бейресми арналар арқылы жөнелтіледі, оның шамамен жартысы Ресейге тиесілі. Басқа негізгі нарықтарға Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия кіреді. Бұл өңірлерде сұраныс та, пайда да жоғары, дейді аналитиктер.

Ереже әсіресе жаңа — iPhone 17 сериясының сатылымына қатысты. Басылымның мәліметінше, дистрибьюторлар Apple өнімдерінің компания ресми жұмыс істемейтін елдерге жеткізілуін шектеу үшін саясатты өзгертіп жатыр.

Хатта былай делінген:

— Егер 90 күндік мерзім ішінде сіздің дүкеніңіз сатқан кез келген iPhone құрылғысы шетелдік SIM-картамен белсендірілгені анықталса, дүкенге қомақты айыппұл салынып, дүкен коды компания саясатына сәйкес бұғатталуы мүмкін.

Хатта бұл ресми ескерту екені де атап өтілген.

Apple мен оның серіктестері бұрын да параллель экспорт қаупі туралы ескерткен. Алайда соңғы хабарлама компанияның өз жеткізу арналарын тұрақтандыруға ұмтылуына байланысты әлдеқайда қатаң ұстанымды көрсетеді, дейді MoneyControl дереккөздері.

2025 жылдың тоғыз айында Apple-дің iPhone сатылымынан түскен табысы 209,6 млрд долларды құрады — бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға көп. Компанияның жалпы кірісі 416,2 млрд доллар болды (+6%).

Apple Ресейге өнім жеткізуді әскери операция басталғаннан кейін тоқтатты. Сонымен қатар компания Apple Pay және басқа да сервистерді қолдану мүмкіндігін шектеді. Содан бері құрылғылар елге параллель импорт және жеке әкелу арқылы жеткізілуде. Көптеген мемлекеттер Apple электроникасын Ресейге шығаруға тыйым салмайды.

iPhone смартфондары әлі де көптеген ресейлік интернет-дүкендер мен офлайн сауда орындарында сатылады. Жаңа модельдер де қолжетімді: iPhone 17 сериясы ресейлік нарықта ресми сатылым басталғаннан бірнеше апта өткен соң пайда болды. Ал алдын ала тапсырыс ресми таныстыру күні-ақ ашылған.

МТС және басқа операторлардың деректері бойынша, 2025 жылдың қарашасында Apple смартфондары Ресейдің ұялы байланыс желісінде ең көп тіркелетін құрылғылардың бірі болған.

Айта кетейік, Apple Қытайдағы инвестиция көлемін ұлғайтпақшы.

Соңғы жаңалықтар