Апта ішінде 3 мыңнан астам қылмыс жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бір апта ішінде республика аумағында 3 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апта ішінде 3 мыңнан астам қылмыс жасалды
«Бір апта ішінде 3 018 қылмыс жасалды. Оның 1 914-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 18 кісі өлтіруді, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 27 тонау және 440 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның баспасөз алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар ол өткен аптада Мемлекет басшысының қабылдауында болған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов елдегі қылмыстық жағдайдың 10 айдағы жай-күйі туралы есеп бергенін айтты.

Министр Президентке бопсалауға, адам саудасына, қару-жарақ, есірткі және басқа да қылмыстарға маманданған 33 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталғаны туралы есеп берген. Полицейлер заңсыз айналымнан 12 тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 212 келі синтетикалық есірткі тәркілегенін атап өткен.