Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл аптадағы ауыс-түйістің көбі күштік құрылымдарда тіркелді.
Апта аяғында Марат Ғатаұллаұлы Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Ал Қанатай Жорабекұлы Далматов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды.
Апта басында Мағжан Ілиясовты Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарына Төтенше және Өкілетті Елші болып тағайындалған еді.
Мағжан Жанботаұлы 1974 жылғы 26 тамызда Алматы қаласында туған.
Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетінің Халықаралық қатынастар факультетін үздік бітірген және Дж. Кеннеди атындағы Гарвард университетінің Мемлекеттік басқару мектебінің магистратурасын аяқтаған.
Дипломатиялық мансабын 1996 жылы ҚР СІМ Халықаралық ұйымдар мен халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының референті, кейіннен Атташесі лауазымдарынан бастады.
1998-1999 жылдары БҰҰ Басқармасы және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының үшінші, екінші хатшысы.
1999 жылдан 2003 жылға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің протокол қызметінің консультанты.
2003-2005 жылдары — ҚР Президенті Кеңсесінің Ұйымдастыру және құжаттамалық қамтамасыз ету тобының бас сарапшысы.
2005-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығында жұмыс істеді, онда бас сарапшыдан Орталық меңгерушісі лауазымына дейін жетті.
2013-2016 жылдары ҚР Президентінің Кеңесшісі — ҚР Президенті Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі.
2016 жылдан бастап Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі және Қазақстан Республикасының Химиялық қаруға тыйым салу ұйымындағы тұрақты өкіл
2020 жылдың 30 қыркүйегінен Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі.
Мәжілістің сәрсенбідегі жалпы отырысында Әсел Болатқазықызы Жанәбілова Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып тағайындалды.
Ол 1969 жылы 28 шілде күні Алматы қаласында дүниеге келген.
1991 жылы С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың заң факультетін бітірген. Кейінірек «қаржы және экономика» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алады.
1993 жылдан бастап Алматы қаласында нотариус болып қызмет атқарды.
1997 жылдан 2000 жылға дейін нотариат істері жөніндегі бөлімнің бастығы, Әділет министрлігінің заң қызметтерін ұйымдастыру басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.
2000 жылдың 18 ақпанынан бүгінге дейін Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы болып жұмыс істеген.
Талғат Шаяхметов Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы болып тағайындалды.
Шаяхметов ішкі істер органдарында 27 жылдан астам қызмет атқарып келеді. Криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және өзіндік қауіпсіздік жөніндегі бөліністерде тәжірибе жинақтаған.
Әр жылдары түрлі басшылық лауазымдарда, соның ішінде ІІМ ӨҚД бастығының орынбасары, аумақтық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
Жаңа тағайындауға дейін ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары болған.
Ақтау қаласының прокуроры болып Дауылбай Нұрлыбайұлы Челпеков тағайындалды.
Дауылбай Нұрлыбайұлы — 1990 жылы 24 қарашада Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында дүниеге келген. Ақтау қаласындағы «Қайнар» колледжінің филиалын «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін үздік дипломмен аяқтаған (бакалавр, құқық магистрі).
2013 жылдан бастап прокуратура органдарында жұмыс істеген. Ақтау қаласы прокурорының көмекшісі болды. 2017 жылдан бастап Ақтау қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы лауазымында болды.
2019 жылдың ақпан айынан бастап Ақтау қаласы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.
Тағайындалғанға дейін Маңғыстау облысы, Маңғыстау аудандық прокуратурасының прокуроры болып жұмыс істеді.
Атырау қаласының прокуроры қызметіне Мерген Өмірбекұлы Меңдіғалиев тағайындалды.
Мерген Меңдіғалиев 1989 жылы 28 қарашада Атырау қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Құрманғазы ауданы прокурорының көмекшісі ретінде бастаған. Кейін Атырау қаласы прокурорының көмекшісі болды. Сонымен қатар Атырау облысы прокуратурасының басқармасында аға прокурор, Атырау қаласы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасында бөлім бастығы қызметтерін атқарған.
2019-2022 жылдары Бас прокуратурада Қоғамдық мүдделерді қорғау және Қылмыстық қудалау қызметтерінде жұмыс істеген. 2022 жылдан бастап Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма бастығы болып қызмет атқарған.
Прокуратура органдарында жалпы еңбек өтілі 13 жылдан асады. Мемлекеттік наградасы — «Айбын» орденінің ІІ дәрежесінің иегері.
Өскемен қаласының жаңа прокуроры болып Руслан Әлішев тағайындалды.
Руслан Әлішев 1984 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Яссауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетін және Орталық Азия университетін тәмамдаған. Прокуратура органдарында 2008 жылдан бері қызмет етіп келеді. Тараз қаласы прокурорының көмекшісі және аға көмекшісі болып жұмыс істеген.
Кейіннен Бас прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінде еңбек етті.
2017 жылы Жамбыл көлік прокуратурасына басшы болып тағайындалды. Ал 2021-2022 жылдары Қордай ауданының прокуроры болған.
2022 жылдың тамыз айынан осы уақытқа дейін Абай облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.
Айта кетейік, Өскеменге жаңа прокурор бұрынғы басшы Тимур Чакпантаев уақытша қызметінен шеттетілгеннен кейін тағайындалып отыр. Қызметтік тергеу жүргізіліп жатқан Т.Чакпантаевқа өзіне бағынышты қызметкерлерді соққыға жықты деген айып тағылған.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып Серік Бағдатұлы Манзоров тағайындалды.
Серік Манзоров еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласы әкімдігінде бастаған.
Әр жылдары жетекші маманнан аудан әкімінің орынбасарына дейінгі түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Сондай-ақ Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде қызмет атқарған.
Мемлекеттік кірістер жүйесінде 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында бас маманнан Департамент басшысының орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өткен.
2021 жылдың қыркүйегінен бастап Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқарып келді.
Құқықтану, қаржы және мемлекеттік басқару салаларында білімі бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
Маңғыстау облысының Әділет департаментіне жаңа басшы болып Асұлан Нұрланұлы Кәрімов келді.
Асұлан Нұрланұлы 1981 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Еңбекші ауылында туған.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің экономика және құқық мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.
2004-2007 жж. — Атырау облысы бойынша Салық комитетінің Салықты әкімшілендіру басқармасында жетекші маман, кейін бас маман қызметін атқарды. Бұл кезеңде салықтық әкімшілендіру және тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс бағытында тәжірибе жинақтады.
2007-2009 жж. — Атырау қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор, кеңесші және директордың орынбасары болды. Азаматтарға қызмет көрсетудің сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету бағытында жұмыс атқарды.
2009-2011 жж. — Құлсары қаласы әкімінің орынбасары (Жылыой ауданы) болды. Қалалық инфрақұрылым, әлеуметтік және экономикалық даму мәселелерін үйлестірді.
2011 жылы — Атырау облысы бойынша Жылжымайтын мүлік орталығы директорының орынбасары қызметін атқарды.
2011–2012 жж. — Атырау облысының Тексеру комиссиясының мүшесі болды. Мемлекеттік активтер мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау бағытында жұмыс істеді.
2019-2025 жж. — Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы болған.
ҚР Президенті Әкімшілігінің 2025 жылғы 22 қыркүйектегі № 25-42-33.514 келісімі бойынша 20 қазаннан бастап ҚР Әділет министрлігінің аппарат басшысының бұйрығымен Маңғыстау облысы Әділет департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына Әсет Самарханұлы Оразғалиев тағайындалды.
Әсет Оразғалиев Атырау облысы Индер ауданындағы Құлагер ауылында дүниеге келген.
2003 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын тәмамдаған. 2008 жылы Атырау мұнай және газ институтын бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы бастаған. Өртке қарсы қызмет органдарында және құрылыс саласындағы кәсіпорындарда қызмет еткен.
2009 жылдан бергі қызметі облыстың жол саласымен байланысты.
Атқарған қызметтері:
* бас маман;
* автомобиль жолдары бөлімінің басшысы;
* басқарма басшысының орынбасары;
* Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы;
* «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары.
Бұған дейін Индер ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен.
Данияр Әлиев Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Данияр Әлиев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Тарих» мамандығы бойынша және «Алматы» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Гуманитарлық ғылымдар магистрі.
Әр жылдары Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві мен Алматы қаласының тарих музейінде бөлім меңгерушісі, Алматы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
Ол осы күнге дейін Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын басқарды.