Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Елімізде өткен апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

25 қыркүйек күні Қазақстан өкілі JARUS вице-президенті болып сайланды.
Оттавада (Канада) ұшқышсыз авиация саласындағы ережелерді әзірлеу жөніндегі бірлескен комитеттің жалпы отырысы аясында Азия/Австралия аймағы төрағасының орынбасарын таңдау бойынша дауыс беру өткен.
Іс-шараға «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду және Ұшқышсыз авиациялық жүйелер департаментінің директоры Владимир Кошманов қатысты. Біріккен комитетке қатысушы елдердің дауыс беру нәтижесі бойынша «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду Азия/Австралия аймағының JARUS төрағасының орынбасары қызметіне сайланды.
25 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Асан Қуанышұлы Жүсіпов ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
Асан Қуанышұлы Жүсіпов 1973 жылы 10 ақпанда Көкшетау облысында туған. Мотоатқыштар взводы, ротасы, батальоны, мотоатқыштар бригадасының штаб бастығы, танк бригадасы командирі қызметін атқарды.
Еңбек жолын 1995 жылы взвод командирі қызметінен бастаған. Әр жылдары әскери бөлімнің штаб бастығы, командирі болды.
2012 жылғы тамыз айында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасы өңірлік қолбасшылық әскерлері (жауынгерлік даярлық бойынша) қолбасшысының орынбасары – жауынгерлік даярлық бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
2013 жылғы тамызда Ұлттық қорғаныс университетінің тындаушысы болып қабылданды.
2015 жылғы маусымда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасы өңірлік қолбасшылық әскерлері (жауынгерлік даярлық бойынша) қолбасшысының орынбасары – жауынгерлік даярлық бөлімінің бастығы қызметіне келді.
2016 жылғы қараша айында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының штаб бастығы – бірінші орынбасары болды.
2019 жылғы 15 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
Аптаның басында Алматы облысы әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс болды.
Алматы облысы әкімінің өкімімен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Данияр Алиев облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Данияр Абзалиденұлы 1986 жылы туған, білімі жоғары, 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде «тарих» мамандығы, 2010 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде «тарих магистрі», 2020 жылы «Алматы» университетінде «құқық» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2008 жылы Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатында қор сақтау бөлімінің меңгерушісі болып бастаған.
Әр жылдары Алматы қаласы тарихының мұражайында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бас маманы, басқарма басшысының орынбасары, «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы бойынша филиалында консультант, бөлім меңгерушісі болды.
2022 жылдың қыркүйек айынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде комитет төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.
Сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Мұрат Бақыткерімұлы Мәдіғұлов Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы қызметіне келді.
Мұрат Бақыткерімұлы 1978 жылы туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «мал шаруашылығы менеджері», 2006 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «есеп және аудит», 2017 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «құқық магистрі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы «Руби-Роз Агрикол» ЖШС филиалының зоотехнигі болып бастап, кейіннен зоотехниктің көмекшісі ретінде еңбек еткен. Әр жылдары ҚР АШМ Алакөл аудандық аймақтық басқармасының бас маман – мемлекеттік инспекторы, ҚР АШМ Алматы облыстық аумақтық басқармасының жетекші маманы, бас маманы, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, облыс әкімі аппаратында бас инспектор, аппарат басшысының орынбасары, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары, Іле ауданы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған. 2021 жылдың наурыз айынан Іле ауданы әкімінің орынбасары болды.
Дүйсенбі күні Айдын Кәрімов Шымкент әкімінің орынбасары лауазымына келді.
Кәрімов Айдын Мейрамбекұлы 1988 жылы Семей қаласында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қазақ қаржы-экономика академиясында және MNU (Maqsut Narikbayev university) университетінде білім алған.
Еңбек жолында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау» РМК-да, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да, «Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы» РМК-да, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен.
2012-2016 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің (қазіргі ҚР Сауда және интеграция министрлігі) Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінің бас сарапшысы, басқарма басшысы, директорының орынбасары болып еңбек етті.
2016-2017 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары; 2017-2019 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі – ҚР Премьер-Министрінің хаттама шефі, сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын атқарды.
2019 жылғы 7 қарашада Премьер-Министрдің өкімімен Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалды.
2022 -2023 жылдары Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
«Құрмет» Орденімен (2020 ж.), ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен (2014 ж.), медальдармен және алғыс хаттармен марапатталған.
26 қыркүйекте Дархан Қыдырәлі Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.
Дархан Қыдырәлі 1974 жылы 16 сәуірде Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да (1991-1992 ж) және Түркияның Мармара (1992-1996 ж), Докуз Эйлүл (1996-1997), Эгей (1997-1998 ж), Ыстамбұл (1998-2001 ж) университеттерінде білім алған. Эгей университетінде диссертация қорғаған (1998). Ыстамбұл университетінде докторлық диссертация қорғап, «философия докторы» ғылыми дәрежесін иеленген (2001 ж.). Абай атындағы ҚазҰПУ-да докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанған (2010 ж).
2001-2005 жылдары – Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға ғылыми қызметкер, ғалым-хатшы, кафедра меңгерушісі, аппарат жетекшісі, жетекші ғылыми қызметкер.
2005-2006 жылдары – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде доцент, аға ғылыми қызметкер.
2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығында директордың орынбасары.
2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде министрдің кеңесшісі.
2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде сарапшы, сектор меңгерушісі ретінде қызмет атқарған.
2009-2012 жылдар арасында Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары болған.
2012 -2014 жылдары Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары болып қызмет атқарды.
2014 жылдан бастап Халықаралық Түркі академиясының президенті.
2015 жылғы 29 маусымнан Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялар одағы хатшылығының басшысы қызметін қоса атқарады және аталған одақтың ұйымдастырушысы.
2015 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Қорқыт мұрасы және «Түркі әлемі» атты халықаралық мәдени шараны, 2016 жылы Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде «2030 жоспары үшін Жібек жолы бойындағы жаңа синергия» атты халықаралық симпозиумды және 2018 жылы «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» халықаралық мәдени іс-шараларын ұйымдастырды.
2016 жылдың шілдесінен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, 2018 жылдың қыркүйегінен екінші рет Халықаралық Түркі академиясының президенті болды.
Осы қызметке дейін 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі болды.
26 қыркүйекте Үкімет қаулысымен Ғабидолла Абдуллаұлы Оспанқұлов Қазақстан Үкіметі Аппараты басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Ғабидолла Оспанқұлов 1981 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
Қазақ гуманитарлық-заң университетін, Қазақстан-Ресей университетін, Бирмингем университетін («Болашақ» бағдарламасының түлегі) бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы Астана қаласында «Евразия Консалтинг» ЖШС-де заңгер көмекшісі болып бастаған.
2002-2006 жылдары ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі болды.
2006-2009 жылдары – ҚР Парламенті Сенаты бөлімдерінде бас сарапшының м.а., бас консультанттың м. а., бас консультант.
2009-2010 жылдары – ҚР Президентінің Парламенттегі өкілдігі секторының меңгерушісі.
2010-2011 жылдары – Павлодар облысы Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары.
2011-2012 жылдары – Павлодар облысының Білім беру саласындағы бақылау департаментінің директоры.
2012-2013 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінде заң, әкімшілік департаменттерінің директоры болып жұмыс істеді.
2013-2017 жылдары – ҚР БҒМ Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы, кейін қайта ұйымдастыру аясында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры.
2017-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2019 жылы – «Nur Otan» партиясының хатшысы.
2019-2020 жылдары – ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары.
2021-2022 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор.
2022 жылы – ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
2022-2023 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі.
Осы қызметте болған Ғабит Сыздықбеков Мемлекет басшысының Жарлығымен Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды.
27 қыркүйек күні Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметіне Марат Мұхаметқалиұлы Күлдіков тағайындалды.
Департаменттен мәлім еткендей, Марат Күлдіков 1967 жылы Семей облысында дүниеге келген. ҚР ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін және ҚР ТЖА Көкшетау техникалық институтын бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы өрт сөндіруші болудан бастап ҚР Төтенше жағдайлар вице-министріне дейінгі қызмет атқарды.
28 қыркүйекте Нұрлан Дәулетқалиев Абай облысының Мемлекеттік қызмет департаментіне басшы болды.
Сол күні Абай облысына барған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев облыс активімен кездесіп, оның барысында департаменттің жаңа басшысын таныстырды.
29 қыркүйекте «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы АҚ-ның басқарма төрағасы болып Мейіржан Жүсіпов тағайындалды.
28 қыркүйекте Директорлар кеңесі компанияның басқарушылық құрамына өзгерістерді мақұлдаған. Атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ның қазіргі басқарма төрағасы – Директорлар кеңесінің мүшесі Ержан Мұқанов 2023 жылғы 2 қазаннан қызметінен кетеді.
Оның орнына «Kazakh Invest» АҚ-ның басқарма төрағасы қызметін атқарған және 2015-2020 жылдар аралығында «Қазатомөнеркәсіптің» экономика және қаржы жөніндегі бас директоры болған Мейіржан Жүсіпов тағайындалды.
Бұдан бөлек, компанияның экономика және қаржы жөніндегі бас директоры Сұлтан Темірбаевтың 2023 жылғы 28 қыркүйектен бастап «Қазатомөнеркәсіп» басқармасының құрамына кіруі мақұлданды.
Жұма күні Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Шығыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің бастығы болып Ерғали Бахаев тағайындалды.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Е.Бахаев бұрын ҚР ТЖМ Штаб-департаментінің бастығы қызметін атқарған.
Ұжымға жаңа басшыны ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов таныстырды.
Ерғали Бахаев 1973 жылы Түркістан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын «Техникалық-құқықтық сараптама» мамандығы бойынша және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетін «Ұлттық Ұландағы менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. Ұлттық қауіпсіздік және әскери істер магистрі.
Азаматтық қорғау органдарында 1998 жылдан бастап қызмет етеді. Қызмет жолын ҚР ТЖМ әскери бөлімі құтқару взводының командирінен бастады. 2018-2020 жылдары Шымкент қаласы ТЖ департаменті бастығының орынбасары болған.
29 қыркүйекте Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бастығы болып Қуанар Базарбаев тағайындалды.
Ұжымға жаңа басшыны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Бауыржан Сыздықов таныстырды.
Қуанар Базарбаев 1967 жылы 24 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы, Шалақын ауданы, Қаратал ауылында дүниеге келген. 2005 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығы бойынша бітірген.
Азаматтық қорғау органында 1992 жылдан бастап қызмет етіп келеді, еңбек жолын өрт сөндірушіден бастаған. Инспектор, кезекші өрт сөндіру қызметінің басшысы, өрт сөндіру бөлімнің бастығы болып жұмыс істеді.
2015 – 2020 жылдары – Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, 2020 – 2023 жылдары Астана қаласының ТЖ департаментінің бастығы.