Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Осы апта елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
Апта аяғында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жаңа басшы тағайындалды. Гүлмира Сабденбекті ұжымға Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Эрнар Ержанов таныстырды.
Г.Сабденбек әр жылдары басшылық қызмет атқарды. Атап айтқанда, Ұлттық медициналық холдингтің стратегиялық даму департаментіне жетекшілік етті. Сонымен қоса «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды. Кейінгі қызметте ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып, әлеуметтік саясат және орнықты даму, мемлекеттік аудит, сондай-ақ қаржылық бақылау мәселелерімен айналысқанын атап өткен жөн.
Бұдан бөлек ұжымға басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айдар Мекебеков таныстырылды. Ол Қаржы министрлігі жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеген. Айталық, салық инспекторынан бастап мемлекеттік кірістер және қаржылық бақылау органдарының бөлімшелерінде басшылық қызмет атқарған. Сол секілді Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары болған.
Бүгінге дейін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-де ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департамент директоры болып, еңбек еткен.
Ал Айдар Мекебеков «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол Қаржы министрлігінде ұзақ уақыт жұмыс істеген. Салық инспекторынан бастап мемлекеттік кірістер және қаржылық бақылау органдарында бөлім басшысына дейін көтерілді. Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Бұған дейін ол «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-да департамент директоры қызметін атқарған.
Динара Желдібаева Сыртқы істер министрлігі Коммуникациялар департаментінің директоры лауазымына тағайындалды.Ол 1996 (бакалавр) және 1998 (магистратура) жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін, сондай-ақ Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдаған.
Халықаралық қатынастар саласында магистр дәрежесіне ие. Дипломатиялық қызметін 1997 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Әкімшілік және бақылау департаментінің Ақпараттық талдау және жоспарлау басқармасында референт қызметінен бастап, кейін атташе ретінде жалғастырды.
1999-2000 жылдары ҚР СІМ Әкімшілік департаментінің Баспасөз қызметі бөлімінде атташе болып жұмыс істеді.
2000 жылы ҚР СІМ Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінде үшінші хатшы қызметін атқарды.
2000-2002 жылдары ҚР СІМ Экономикалық саясат департаментінде үшінші және екінші хатшы лауазымдарында болды.
2002 жылы ҚР СІМ Инвестициялар комитетінде бірінші хатшы болып қызмет етті.
2002-2003 жылдары ҚР СІМ Халықаралық экономикалық қатынастар басқармасында бірінші хатшы, ал 2003-2004 жылдары Экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық департаментінің кеңесшісі болды.
2004-2006 жылдары ҚР СІМ Халықаралық гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастық басқармасының кеңесшісі қызметін атқарды.
2006-2008 жылдары Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде кеңесші болып жұмыс істеді.
2008-2013 жылдары ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінде ҚР шетелдік мекемелерінің имидждік жобаларын іске асыру басқармасының басшысы болды.
2013-2021 жылдары ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2021-2025 жылдары Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде кеңесші болып еңбек етті. ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры қызметіне тағайындалғанға дейін 2025 жылғы қыркүйек айынан бастап ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
I сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және испан тілдерін меңгерген.
СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – Ресми өкілі болып Ерлан Жетібаев тағайындалды.
Ол 1984 жылы 15 желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2006 жылы Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде маман ретінде бастаған.
2009 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару методологиясы, ішкі қаржылық бақылау және бюджеттік несиелендіру департаментінің сарапшысы болып жұмыс істеді.
2009-2011 жылдары ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментінде үшінші хатшы қызметін атқарды.
2011-2017 жылдары Қазақстанның Таиландтағы Елшілігінде екінші, бірінші хатшы лауазымдарында еңбек етті.
2017 жылы ҚР СІМ ЭКСПО-2017 Хатшылығының бірінші хатшысы, кейін ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің бірінші хатшысы қызметінде жұмыс істеді.
2018-2020 жылдары «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КеАҚ Қамтамасыз ету қызметі хатшылығының басшысы, Халықаралық ынтымақтастық және климаттық инвестициялар департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
2020-2023 жылдары ҚР СІМ Баспасөз қызметінде кеңесші және басшы, 2023-2025 жылдар аралығында ҚР СІМ Коммуникациялар департаменті директорының орынбасары болды. ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы — Ресми өкілі болып тағайындалғанға дейін 2025 жылғы наурыз айынан бастап ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры қызметін атқарды.
II сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.
Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы болып Шарап Сәдуақасов тағайындалды. Ол 1982 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Талап ауылында дүниеге келген.
Тұран - Астана университеті мен Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін тәмамдап шыққан. Мемлекеттік аудитор. Қаржы және мемлекеттік басқару саласындағы еңбек жолын 2006-2016 жылдары құрылыс саласында басшылық лауазымдарда бастады.
2016 жылы Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде мемлекеттік сатып алулар аудиті бөлімінің бас маманы қызметін атқарды. Кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппаратының Қаржы және бюджет комитетінде қызметті қамтамасыз ету бөлімінің сарапшысы болды. Ал 2018 жылдан 2022 жылға дейін мемлекеттік органдарында басшылық қызметтерді атқарды.
2022 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Апта басында Василий Смолин футзалдан Қазақстан U-19 құрамасының аға бапкері болып тағайындалды.
35 жастағы бапкердің еңбек жолы «Аят» (Рудный) клубымен тығыз байланысты. Оның жетекшілігімен команда футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасына шығып, Қазақстан чемпионатында күміс және қола жүлдесін жеңіп алған.
Оның шәкірттері U-15, U-17 және U-19 жас санаттарында ел чемпионы атанды. 2017 жылы U-19 командасы бірінші орын алса, 2018 жылы U-12 құрамасы ел чемпионы болды. Ал 2019 және 2020 жылдары U-13 пен U-14 жас санаттары күміс жүлдеге қол жеткізіп, 2022 жылы осы нәтижені U-15 командасы қайталады.
2025 жылы Василий Смолин футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабында да қызмет атқарған.