Апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Осы апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірнеше ауыс-түйіс болды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Серікұлы Байбазаров Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
Нұрлан Серікұлы 1975 жылы 10 қазанда туған. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Банк ісін ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітірген. Қазақ, орыс ағылшын тілдерін меңгерген. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
23 жылдық жұмыс өтілі бар, оның 7-і «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-да басшылық лауазымдарда. 1997-2003 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде жұмыс істеді.
2004 жылдан 2011 жылға дейін жобаларға агенттік қызмет көрсету басқармасының бастығы, инвестициялық жобалар жөніндегі басқарушы директор, корпоративтік даму департаментінің директоры, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Корпоративтік хатшысы лауазымдарын атқарды.
2013 жылдан 2016 жылға дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экономика салаларын дамыту департаментін басқарды. Бұдан басқа, әр жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз Консалтинг» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жұмыс істеді.
2016 жылдан бастап 2022 жылғы қарашаға дейін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі және Басқарма төрағасы болды.
2022 жылдың қараша айынан 2023 жылдың қазан айына дейін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы болды.
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ жалғыз акционерінің 2023 жылғы 05 қазандағы шешімімен Холдингтің Басқарма Төрағасы қызметіне тағайындалды.
2024 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.
Ал Ерболат Асқарбекұлы Досаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымынан босатылды.
Ерболат Асқарбекұлы 1970 жылғы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.
Ол 1993 жылы Алматы энергетикалық институтын, сондай-ақ Мәскеудің Бауман атындағы мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Мамандығы – электрондық техника инженері.
Еңбек жолы:
– 1993 - 1994 жж. – менеджер, «Іскер» халықаралық ғылыми-өндірістік кәсіпорны;
– 1994 ж. – директордың орынбасары, «Вега» шағын кәсіпорны;
– 1994 - 1996 жж. – директордың орынбасары, директор, «Фирма «Акцепт» ЖШС;
– 1996 - 1997 жж. – директор, бірінші вице-президент, бас директор, «Корпорация «Акцепт» ЖТАҚ;
– 1997 ж. ақпан - тамыз – басқарма төрағасының орынбасары, «Банк Тұран-Алем»;
– 1997 ж. тамыз - 1998 ж. наурыз – басқарма төрағасы, «Алматинский торгово-финансовый банк» ЖАҚ;
– 1998 ж. наурыз - шілде – ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі;
– 1998 ж. шілде - 2000 ж. ақпан – ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі;
– 1999 ж. желтоқсан - 2001 ж. шілде – ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі;
– 2000 ж. ақпан - 2001 ж. қараша – ҚР Қаржы вице-министрі;
– 2001 ж. қараша - 2002 ж. тамыз – ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекені қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы;
– 2002 ж. қыркүйек - 2003 ж. маусым – ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекені қорғау агенттігінің төрағасы;
– 2003 ж. маусым - 2004 ж. сәуір – ҚР Қаржы министрі, ЕБРР-дегі Қазақстанның басқарушысы;
– 2004 ж. сәуір - 2006 ж. қыркүйек – ҚР Денсаулық сақтау министрі;
– 2012 ж. қыркүйек - 2013 ж. қаңтар – ҚР Экономикалық даму және сауда министрі;
– 2013 ж. қаңтар - 2014 ж. тамыз – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі;
– 2014 ж. тамыз - 2016 ж. мамыр – ҚР Ұлттық экономика министрі;
– 2016 ж. мамыр - 2017 ж. тамыз – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы;
– 2017 ж. тамыз - 2019 ж. ақпан – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары;
– 2019 ж. ақпан - 2022 ж. қаңтар – ҚР Ұлттық банк төрағасы;
– 2022 жылғы 31 қаңтардан бері – Алматы қаласының әкімі (2022 жылғы 2 желтоқсанда қайта тағайындалды).
Баукен Әлмеш Қызылорда облыстық әділет департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды.
Баукен Серікұлы 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжін, 2012 жылы Қарағанды экономикалық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінде іс жүргізуші қызметінен бастаған. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінде, Шымкент қалалық және аудандық әділет басқармаларында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.
Тіркеу, зияткерлік меншік құқығы, құқықтық түсіндіру және заң көмегін көрсету салаларында тәжірибе жинаған. 2017-2019 жылдары Алматы облыстық әділет департаментіне қарасты Ескелді аудандық әділет басқармасын басқарды. 2019-2023 жылдары Қызылорда облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары болды.
2023 жылдан бастап бүгінге дейін Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы лауазымын атқарды.
Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Серік Жұманғалиұлы 1983 жылы дүниеге келген. Бокстан Олимпиада ойындарының жеңімпазы, екі дүркін әлем және Азия чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері. Вэл Баркер Кубогінің иегері.
Қазақстан бокс федерациясы президентінің боксты дамыту жөніндегі кеңесшісі қызметінде Серік Сәпиев бокс құрамаларының нәтижесін жақсарту, спорт түрін дамыту бойынша жүйелі жұмыс пен Олимпиада ойындарындағы жоғары жетістік жолында қызмет атқарады.
Тағы бір танымал боксшы Қанат Ислам 19 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының үйлестірушісі болды.
Ол 1984 жылы дүниеге келген. 2008 жылы Қытай құрамасының сапында Олимпиада ойындарының қола медалін жеңіп алған. Кәсіпқой боксшы ретінде WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы атанды.
2010 жылдан бастап Қазақстан намысын қорғап, «Астана арландары» кәсіпқой клубы сапында ойын көрсетті. Кәсіпқой бокста 30 жекпе-жек өткізіп, оның 22-сінде нокаутпен жеңіске жеткен.