Апталық шолу: 3 жылдық бюджеттің параметрлері даму және әлеуметтік-экономикалық саясат мақсаттарына толық жауап береді

«Сонымен 2013-2017 жылдары экономиканың өсуі 6 пайыздан 7,6 пайызға дейін болады деп болжануда. Бұл параметрлер экономиканың орта мерзімдік кезеңдегі 7 пайыздық өсімін қамтамасыз етеді. 2017 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы өсімі 24,5 мың долларға жетеді деп күтілуде. 2013 жылы бұл көрсеткіш 14,5 мың АҚШ долларын құрайтын болады. 2013-2017 жылдары инфляция деңгейі 6-8 пайыз аралығында болады», - деп атап өтті Премьер-Министр.
Осы орайда өсімнің жоспарланған параметрлеріне қол жеткізу үшін басты бағыттардың аясында біріншіден - инфляцияны жоспарланған дәлізде тежеп тұру үшін ішкі нарықта бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру жалғасын табатын болады. Табиғи монополиялардың тарифін жоғарылату олардың инфляцияға шекті үлесін ескеру арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, кедендік-тарифтік реттеу тетіктерін қолдану жалғасады екен. Орта мерзімді кезеңде салық саясаты экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуды ынталандыруға, қолайлы инвестициялық және бизнес-ахуалды құруға, отандық өндірістердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға бағытталады.
С. Ахметов қазіргі кезде Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасын өзектендіру бойынша жұмыстар белсенді жүріп жатқанын айта келе, бағдарламаны экономиканың шикізаттық емес секторындағы өндірістік өсімді қамтамасыз ететін тетіктермен қатар энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге ықпал жасайтын, сондай-ақ экологиялық таза жаңаратын энергия көздерін пайдалануды арттыру тетіктерімен толықтыру маңызды екенін қадап айтты.
Бұдан бөлек, 2013-2015 жылдары «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 106,6 млрд. теңге қарастырылған көрінеді. Сонымен қатар Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы бұдан әрі қарай дамитын болады. 2013-2015 жылдары бағдарламаны іске асыруға 293,6 млрд. теңге жұмсалмақ.
«2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы еліміздегі және әлемдегі болжанған экономикалық негізге сүйене отырып жасалды», - деді С. Ахметов.
Оның сөзіне қарағанда, 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында шығыстар көлемін 2013 жылдағы 6,2 трлн. теңгеден 2015 жылы 7,1 триллион теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. «Атап айтқанда, 3 жылдық бюджеттің параметрлері орта мерзімді кезеңдегі даму және әлеуметтік-экономикалық саясат мақсаттарына толық жауап береді», - деп сендіріп отыр Премьер-Министр.
Еуроаймақтағы дағдарыс қарқын алып келе жатқанын ескерген Үкімет, жалпы жаңа қаржылық және экономикалық дағдарыстың мүмкіндігін жоққа шығармайды. Халықаралық қаржы институттары мен агенттіктерінің болжамы бойынша 2013 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулайды деп күтілуде. Мәселен, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк әлемдік жалпы ішкі өнімнің 3,9 пайызға дейін төмендеуін болжап отыр.
«Тұрақты макроэкономикалық ахуалды қамтамасыз ету үшін және экономика өсімін сақтау тұрғысында Елбасының тапсырмасы бойынша кезең-кезеңді дағдарысқа қарсы жоспар әзірленді. Шаралар пакеті бірінші кезекте рецессияға жол бермеу және жұмыспен қамту деңгейін қолдауға бағытталады. Дағдарысқа қарсы жоспарда әлемдік экономиканың дамуының түрлі сценарийі, шикізаттық нарықтағы бағаның өзгеруі мен еліміздің экономикасына ықпал ететін салдары қарастырылған. Назарларыңызға ұсынылып отырған 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы экономикадағы тәуекелдерді ескеріп отыр», - деп пайымдайды С. Ахметов.
Атап айтқанда, аталған мәжіліс барысында баяндама жасаған ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев Қазақстан алдағы 5 жылда шикізат экспортының көлемін арттыратынын жеткізді. «Еліміздің негізгі экспорттық өнімдерінің әлемдік бағасына болжам бойынша, сонымен қатар салалық миинстрліктердің нақтылауынша, астық, мұнай, газ және металдық экспорттық көлемі натуралды түрде келесі жылы 96,1 млрд. доллардан 2017 жылға қарай 116,7 млрд. долларға дейін артады деп болжануда», - деді ол.
Сонымен қатар министрдің атап өутінше, экономика өсіміне орай халық кірісінің артуы импорттық тауарлардың 2013 жылы 56,3 млрд. доллардан 2017 жылға қарай 92,3 млрд. долларға дейін артуына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, министр мырза Қазақстан экономика өсімі қарқыны бойынша Ресейдің алдын орап келе жатқанын ескертіп өтті. «Дегенмен экономика өсімі қарқыны бойынша Қазақстан Ресей, Украина және Беларусь елдерінің алдын орайтындығын атап өткім келеді», - деді ол. Министрдің мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылдың 8 айында өнеркәсіп өсімі 0,7 пайызды құраған. Өсім қарқынының осыншалықты төмен болуы мұнай өндіру көлемінің 1,9 пайызға қысқаруымен түсіндіріледі. Сондай-ақ әлемдік экономикадағы тұрақсыздық қазақ елінің экспортқа шығаратын тауарларының сұранысын да біршама қысқартқан. Бұл металлургиялық өнімдер өндірісі көлемінің 2, ал темір кенінің 4,7 пайызға қысқаруына түрткі болған. Ағымдағы жылдың 7 айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы толықтай алғанда 17 пайызға артып, 78 млрд. АҚШ долларын құрады.
Жыл басынан бері еліміздің жалпы ішкі өнімі 5,6 пайызға өсті
«140 елдің ішінде Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілігі индексі бойынша 21 сатыға жоғарлап, 51-ші орынға ие болды. Еуроаймақтағы дағдарыстың тереңдеп, Еуроодақ елдері мен АҚШ-тағы экономикалық даму қарқыны бәсеңдеп жатқан уақытта бұл біздің бағытымыздың дұрыстығын дәлелдейді», - деді Премьер-Министр. Атап айтқанда жыл басынан бері еліміздің жалпы ішкі өнімі 5,6 пайызға өскен екен. Сонымен қатар қазақстандықтардың табысы артып отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында орташа жалақы 11,7 пайызға өсіп, 98 мың теңгеден асты. Халықтың нақты табысы 8,6 пайызға өсті. Бұдан бөлек, жыл басынан бері еліміздің халықаралық қорлары Ұлттық қордың қаржысын қоса алғанда 10,9 млрд. долларға өсіп, 83,8 млрд. долларды құрады. Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, тамызда жұмыссыздық 5,2 пайызға дейін төмендеді. Оның пайымдауынша, еліміздің негізгі сауда әріптестеріндегі экономикалық құлдырау олардың тарапынан сұраныстың азаюына, сондай-ақ еліміздің өнеркәсіп өндірісінің қысқаруына әсер етуде. Бұл әсіресе көмір, темір кені, металлургиялық өнімдер өндірісінде анық байқалып отыр.
Премьер-Министр депуттардың сауалына жауап берді
Аталған жиналыс барысында Серік Ахметов бірқатар өзекті мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жауап қайтарды. Оның бірі Астанаға тартылатын Солтүстік газ құбырына қатысты болды. «Астанаға газ керек екенін біз жақсы түсінеміз. Енді оны жеткізу қажет... Солтүстік құбырына қатысты яғни «Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана» жобасы талқыланып, Елбасының нақты тапсырмасы берілді. Бұл жоба бойынша техникалық негіздеме бекітілді. Оның аясындағы жобаның құны шамамен 215 млрд. теңге», - деді Үкімет басшысы. Оның сөзіне қарағанда, аталған газ құбырының жобасын жүзеге асырудың басталуы шамамен 2013 жылға жоспарланып отыр. «Тура мерзімін айта алмаймыз. Алайда, шамамен аталған кезеңде болуы мүмкін. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетеді деп үміттенеміз. Бірақ та бұл жоба әлеуметтік екенін барлығы түсінуі тиіс», - деді Премьер-Министр.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы бензин бағасының таяудағы көтерілуіне орай түсінік берді. «Өздеріңіз білетіндей, көтерме және бөлшек сауда бағасы арасындағы айырма шамамен 17 теңгені құрайды. Бұл жанармай құю бекеті үшін өз шығындарын жабуға әрі белгілі бір маржа алуға мейлінше жеткілікті. Сондықтан да мұнай бағасы барреліне 104 долларды құраған кезде сәйкесінше, бензиннің де, дизель отынының да бағасы сол деңгейде болды. Яғни өздеріңіз білетіндей 90 теңге және одан жоғары», - деді ол.
Осыдан кейін бензин бағасының соңғы көтерілуіне тоқталған С.Ахметов: «соңғы баға көтерілуіне қатысты айтар болсам, бұл мұнай бағасының барреліне шамамен 114 доллар құрауына байланысты болды әрі сәйкесінше біздің бөлшек сауда рентабельділік пен кірістің сол деңгейін ала алған жоқ. Олар өткен айлар ішінде барынша мол шығынға ұшырады. Сондықтан да есептерге арқа сүйеген монополияға қарсы комитет әртүрлі маркадағы бензин бағасын 3-тен 4 теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдады», - деді. Сонымен қатар Премьер-Министр таяу күндері Парламент осы саладағы кейбір мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретін «Жанар-жағармай бағасының шекті деңгейі туралы» сәйкесінше заң жобасын алатындығын жеткізді.
Айта кетейік, 9 мыңнан астам жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған екен. Алқалы жиын барысында халық қалаулысы Әлихан Тойбаев Премьер-Министрден пайдаланылмай жатқан жеке тұрғын үй салуға берілген жер телімдері мен ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстары қалай өрбіп жатқандығын сұраған болатын. «Бұл мәселе өзеріңіз білетіндей өте күрделі, - деп атап өтті Үкімет басшысы. Елбасының тапсырмасы бойынша ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі осы жұмысты бастады. Мәселен, жеке тұрғын үй салуға берілген барлық жер телімдері тексеруден өтті. Бүгінгі күні 9 мыңнан астам жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды». Осы ретте С.Ахметов таяу аралықта агенттік атқарылған жұмыстар бойынша Парламентке есеп беретіндігін баса айтты. «Ал ауыл шаруашылығы жерлері де осындай тексеруден өтеді. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл да өте күрделі мәселе. Оны шешу әрі жақсарту үшін Үкіметте тиісті заң дайындалды. Оны біз таяуда Парламенке жіберетін боламыз», - деді Премьер-Министр.