АПТАЛЫҚ ШОЛУ: Қазақстан мен Қырғызстан жаңа стратегиялық әріптестікті іс жүзіне асырмақ

Мейманды ресми қарсы алудың рәсімдері жасалып, әріптесіне лайықты құрмет көрсетілген соң, екі ел басшылары шағын құрамда кездескен болатын. Шағын құрамдағы келіссөздер нәтижесіне тоқталсақ, онда Қазақстан-Қырғызстан арасындағы екіжақты қатынастарға байланысты өзекті мәселелер қарастырылды. Олардың ішінде халықаралық деңгейдегі мәселелер де қамтылды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы бірінші кезекте жақында ғана Қазақстан аумағында орын аллған жол апатынан қаза тапқан қырғызстандық азаматтардың туыстарына және осы елдің президентіне жеке көңіл айтты. Еске сала кетсек, 8 мамыр күні Қарағанды облысының Шет ауданында «Алматы - Екатеринбор» тас жолының 743 шақырымында «КамАЗ» бен «Ssang Yong» маркалы шағын автобус соқтығысып, соның салдарынан шағын автобустың 16 жолаушысы, онын ішінде бір ресейлік азамат оқиға орнында көз жұмған-ды. 15-і Қырғызстан азаматы еді. Келелі кеңеске кіріспес бұрын Президент Н. Назарбаев осынау қайғылы жағдайға байланысты көңілін айтты. «Ия, біздің жерімізде қиын жағдай орын алып, Қырғызстан азаматтары жол апатында мерт болды. Осыған байланысты мен олардың туған-туыстарына және Сізге көңіл айтамын», - деді Президент.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында мемлекет басшылары екіжақты өзара ықпалдастыққа қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Ел басшылары алдағы уақытта екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық байланыстардың кең ауқымы бойынша алқа құрып, қарым-қатынасты сөз жүзінде емес, іс жүзінде дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды. Қазақстан мен Қырғызстанның бауырластығын құр сөзбен емес, нақты шаралармен іс жүзінде дамытатын кез жеткені, ендігіде бос сөзбен айналыспай, мұны нақты іс-шаралармен толықтыру қажеттігі көтерілді.
«Екі ел арасындағы қарым-қатынас әрқашанда ойдағыдай болуы керек. Біз Қырғызстанды жақын көрші санаймыз. Екіншіден, біздердің арамыздағы ынтымақтастық өте жақын болуы қажет. Сондықтан біз Қырғызстанда саяси тұрақтылық орнығуына және экономикасы жақсаруына тілектеспіз. Көрші ретінде, бауырлас ел ретінде қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Біртуған екендігімізді жиі айтамыз. Енді оны нақты істерімізбен дәлелдеуіміз керек. Сіздің бұл сапарыңыз ізгі көршілік қатынастарды қалыптастыру ниетін көздейді. Шындығында да, біздің халықтарымыз сөз жүзіндегі емес, нақты іс жүзіндегі бауырластар. Сіздің оңды экономика құру жолындағы ұстанымыңызды және Қырғызстандағы саяси үдерістерді қолдаймыз», - деді кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысына жетекшілік жасаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан мен Қырғызстан президенттері энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация, кен байыту, өңдеу өнеркәсібі, туризм және басқа салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты. Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары уәкілетті органдарға биылғы жылы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесін және Қазақстан, Қырғызстан үкіметаралық кеңесін өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізіп, оларды белгіленген уақытында өткізуді тапсырды.
Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан 1991-2011 жылдар аралығында Қырғызстан экономикасына 1 миллиард доллардан астам көлемде инвестиция салды. Ал 2011 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 750 миллион доллардан астам қаржыны құрады. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 27 пайызға көп.
«Біз таяу жылдары өзара тауар айналымын 1 миллиард долларлық деңгейге жеткізудің нақты перспективасы мен мүмкіндігіне иеміз. 2010 жылдан бастап Қазақстан бауырлас Қырғызстан халқына жалпы көлемі 20 миллион доллардан астам қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетті. Бұдан басқа, көлемі 7 миллион доллар болатын құрылыс материалдары түрінде және әскери ынтымақтастық аясында тағы 3 миллион доллардың көмегі көрсетілді. Сөйтіп, жалпы алғанда, Қазақстан Қырғызстанға 30 миллион доллар бөлді. Қырғызстанға біздің көрсеткен осынша көлемдегі көмекті әлемнің ешбір елі көрсеткен жоқ. Ал 2011 жылы біздің гуманитарлық көмегіміз 4 миллион доллардан астамды құрады. Бұл біздің елдеріміз арасындағы шынайы тату көршілестік қарым-қатынастардың жарқын көрінісі болып табылады», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қазақстан Президенті, сондай-ақ таяу уақытта Қазақ-қырғыз инвестициялық қоры өз жұмысын бастайтындығынан хабардар ете келіп, ұмыт бола бастаған қазақстандық-қырғызстандық зиялы қауым өкілдерінің форумын өткізуді ұсынды. Бүгінде оны екі тарап та күтіп отыр. «Біз Қырғызстан азаматтарының Қазақстан аумағына келу тәртібі туралы екіжақты келісімді қол қоюға әзірлеу туралы үкіметтерімізге тапсырма бердік», деп жалғастырды сөзін Елбасы. Ол бойынша Қырғызстан азаматтары Қазақстанда 90 тәулік бола алады. Шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытуды жандандырудың маңыздылығын ескере келіп, Қазақстан - Қырғызстан мемлекеттік шекарасында «Кеген - Қарқара» өткізу бекетін ашу туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге, Қырғызстанның Кеден одағы мен Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Біртұтас экономикалық кеңістікке қосылу мәселесі де қаралды.
Өз кезегінде Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев биылғы жылдың тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Бішкекке келетіндігінен хабардар етті. «Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазақстандық инвесторларға қолдау көрсеткендері үшін рахмет айтамын. Әртүрлі саяси оқиғаларға, кейбір рейдерлік фактілерге қарамастан, Қазақстанның Қырғызстанға бағыттаған инвестициясы азайған жоқ. Біз Қазақстан Республикасы тарапынан туыстық әлеуетті қолдауды әрқашан сезінеміз. Рас, бұған дейінгі қол жеткізілген уағдаластықтар Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық салдарынан орындалмады. Бұған Қазақстан кінәлі емес. Ал жаңа стратегиялық әріптестікке өту үшін сөзден нақты іске көшетін кез келді», - деді қырғыз басшысы. Биыл Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Қазақстан мен Қырғызстан халықтары арасындағы байланысты нығайту мақсатында Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев Бішкекте Абайдың ескерткішін орнату, сондай-ақ екі елдің астаналарында Шоқан Уәлиханов пен Шыңғыс Айтматовқа көше аттарын беру туралы шешім қабылдады.
Келіссөздердің нәтижесі бойынша тараптар Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Ұлы Жеңістің 67 жылдығы мерекеленді
Биыл ХХ ғасырдағы ең қасіретті, адамзат тарихындағы ең зұлматты соғыстың аяқталып, Жеңістің туы желбірегеніне 67 жыл толды. Осынау мерейлі күн республикамыздың барлық өңірлерінде аталып өтті. Бүгінгі бейбіт өмірімізге жеткізген ардагерлерге құрмет көрсетілді. Бас қалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойып, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық жауынгерлерге тағзым етті. «Мәңгі алаудың» алдында сұрапыл соғыстан оралмаған жауынгерлерге құрмет көрсету үшін жиналған мыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары шейіт болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жеңістің 67 жылдығына арналған салтанатты шараға Үкімет, Президент Әкімшілігі, сондай-ақ дипломатиялық миссияның өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Салтанатты шараның ресми бөлігінен соң, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылық алдында сөз сөйледі. «Бүгін ұлы күн, ұлы мереке! Биыл 1945 жылы фашистік Германияны жеңгенімізге 67 жыл толып отыр. Сол сұрапыл соғыс жылдары бүкіл әлем 50 млн.-нан астам адамынан айырылды. Оның ішінде Қазақстаннан 1 млн. 800 мың адам майданға аттанып, соның жартысы елге, өз отбасына қайтып оралған жоқ. Біз олардың осындай бейбіт күнге жету жолында жасаған ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Адамға ең бастысы көңіл керек. «Көңіл көңілден су ішеді» деген. Қазір ардагерлер арамызда жыл өткен сайын азайып бара жатыр. Сондықтан біз оларға әрдайым көмектесіп, көңілдерін аулауымыз, мұң-мұқтаждарына құлақ түріп жүруіміз керек. Ардагерлерді жастардың алдында көбірек сөйлетіп, ерліктің, отансүйгіштіктің тәлімін алуларына жәрдемдесуіміз керек. Үлкен ақсақалдары бар адамдар бақытты. Үлкен кісілер - қазынамыз», - деді Н.Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы ардагерлерге құрмет көрсетудің бір үлгісі ретінде ересек адамдардың балаларын ескерткіштерге апарып, гүл шоқтарын қойғызып, мұражайлардағы тарихтан сыр шертетін жәдігерлермен таныстырып, ата-бабаларымыздың ерліктерін балалардың бойына сіңіру керектігін баса айтты. «Біз - кешегі соғыс жеңімпаздарының перзенттеріміз. Бүгінде біз осы Ұлы Жеңістің арқасында аспанымыз ашық болып, бақытты өмір сүріп, болашаққа жоспар құрып, армандап, қалағанымызды істеп, балаларымызды тәрбиелеп жатырмыз. Сондықтан біз Ұлы Отан соғысының ардагерлері сияқты отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеп, солардың бойына патриоттық сезімді сіңіре білуіміз керек. Біздің балалар қан майданда жеңіс әкелген ардагерлеріміздің ерліктерін ешқашан ұмытпауы тиіс. Оларға зор құрмет білдіру біздің азаматтық парызымыз», - деді Елбасы.
Осы орайда, Мемлекет басшысы еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелегенін айта келіп, бүгінгі ұрпақ аға буынның ерлігін еш ұмытпайтынын, егер әр азамат Отанды қалай қорғау керектігін есте сақтаса және ардагерлерімізге жақсы қамқорлық жасаса, онда болашағымыздың бекем болатынын атап өтті. Сондай-ақ, соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткен азаматтардың ұдайы мемлекеттің назарында болып, оларға қамқорлықтың бәрі жасалатынын жеткізді. «Біз тылда жұмыс істеген ардагерлердің еңбегін де есте сақтаймыз. Олар соғыста болған азаматтар сияқты Жеңісті жақындатуға үлестерін қосты. Сондықтан, барша Қазақстан халқы атынан барлық ардагерлерді құттықтап, дендеріне саулық, бастарына амандық тілеймін», - деді Елбасы.
Үкімет Жер түгендеуді 1 маусымға дейін аяқтайды
Осы аптада Министрлер кабинетінде Үкімет мүшелері бас қосып, онда жерге қатысты бірқанша мәселе талқыға салынды. Жиылғандар алдында Жер ресустарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров есеп беріп, Елбасының жерді түгендеуге қатысты берген тапсырмасының орындалу барысын баяндады. Бақсақ, жерге, оны түгендеуге қатысты бірқатар мәселе бар екен.
Мәселен, төрағаның тың мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күні республика бойынша 19 қала мен 78 елді мекеннің бас жоспары жасалмаған. Бұған басты жауапты саналатын жергілікті әкімқаралар болса, олардың өзі мәселеге атүсті қарап отыр. Бұл - бір. Екіншіден, жергілікті билік жер сатуда көп былыққа ұрынған. Тіпті, кейбір өңірлерде жеке тұрғын үй құрылысына қажетті инфрақұрылым болмаса да, жергілікті билік басшылары жер телімдерін емін-еркін таратуға кіріскен тәрізді. Оның сыртында заңсыз берілген жер телімдері тағы бар. Төрағаның айтуынша, осындай олқылықтарды жерді түгендеу науқаны анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы, әкімдердің есебіне сүйенсек, елімізде 240 учаске немесе барлық жер телімдерінің 60 пайызы түгендеуге жатады. Үкімет отырысы барысында кейбір аймақтарда осы саладағы жұмыстың шабан жүріп жатқаны сынға ілікті. Мұндай шабандықтың салдарынан түгендеу жұмысы маусымның 1-іне дейін бітпей қалуы да әбден мүмкін.
Селекторлық кеңес барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов әкімдерден де есеп алды. «Елбасының басты ескертулері Ақмола және Алматы облыстарына қатысты болған еді. Сондықтан жер телімдерін түгендеу бойынша біз, ең бірінші, осы екі облыс басшыларынан қатаң сұрайтын боламыз», - дегенді қадап айтты Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.