АПТАЛЫҚ ШОЛУ: Үкімет басшысы Президентке негізгі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын баяндады
Бұл жолда әрбір адамның мүддесі назарсыз қалмайтын болады. Партия қоғамның түрлі әлеуметтік топтарын қамтитын 12 ірі жобаларды іске қосқан. «Мықты бизнес - мықты мемлекет», «Жастар Отанға», «Сәтті қадам», «Ауыл» және басқа да жобалар өз жемісін беруде. Мәселен, партия Көшбасшысының мүгедектерді белсенді әлеуметтік өмірге тарту жөніндегі тапсырмасын орындау барысында «Кедергісіз келешек» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында бүгінде екі мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмысқа тұрғызылды. Жыл соңына дейін тағы төрт мыңға жуық мүгедек адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Б. Байбектің айтуынша, бұл жобаларды іске асыруда партиямен бірге ҚР Үкіметі, Парламент депутаттары, өңір басшылары белсене атсалысуда. Сондай-ақ, «Нұр Отан» ХДП орталық және жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалауды күшейтеді.
«Біз орталық және жергілікті жерлердегі меморгандардың жұмысын қадағалауды Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясы мен мәслихат депутаттары тарапынан күшейтетін боламыз. Осы мақсатпен партиялық сарапшылар тобына Парламенттегі партия фракциясының барлық депутаттары мен облыстық мәслихат фракциялары депутаттарының жартысына жуығы кіргізілді», - деді Б.Байбек.
Отырыста ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев қосымша баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2014-2017 жылдары теңге бағамын түзетуді ескере отырып экономиканың нақты өсуі жылына 6-7 пайыз мөлшерінде болжанады. Ішкі сұраныстың өсуі, экспорт үшін сыртқы жағдайларды жақсарту, сондай-ақ инвестициялардың өсуі Қазақстан экономикасының өсуінің негізгі факторлары болады.
Оның сөзіне қарағанда, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға «Қолжетімді баспана - 2020» және «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламаларын іске асыру ықпал етті.
«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде республикалық бюджеттен 2013 жылы 118, 4 млрд. теңге бөлініп, 703,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік ашылды. Осы бағдарламаны іске асыру үшін 2014 жылы республикалық бюджетте 159 млрд. теңге сомасында қаражат көзделді, оның 20,8 млрд. теңгесін 2014 жылға нақтылау кезінде бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы несиелеуге, кезекте тұрғандар мен жас отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жұмсалады. Нәтижесінде, жалпы алаңы 845,3 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде.
Халықты жұмыспен тұрақты әрі нәтижелі қамтуды ұйымдастыру, сондай-ақ жұмыссыздықты қысқарту үшін 2013 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 102,0 млрд. теңге бөлінді. Бағдарламаға қатысқандар саны 106,2 мың адамды құрады, 113,2 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды.
Бағдарламаны іске асыруға 2014 жылы 98,3 млрд.теңге көзделді, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға - 41,8 млрд. теңге, шағын несиелеуге және кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға - 21,0 млрд.теңге және басқа бағыттарға көзделді. Бағдарлама 95 мың адамға дейін камтиды деп күтілуде.
Сондай-ақ, министрдің мәліметінше, Ресейден жағармай жеткізу бойынша бірыңғай оператор құрылатын болады.
«Мұнай өнімдерінің импорттық көтерме жеткізілімдерін реттеу және ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС Ресей Федерациясынан мұнай өнімдерін жеткізу бойынша бірыңғай оператор болып құрылатын болады»,- деді министр.
Сонымен қатар, Е. Досаевтың айтуынша, республиканың ішкі нарығын молайту және мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында облыстар және Астана мен Алматы қалалары бойынша мұнай өнімдерін жеткізу кестесі бекітілуде, ай сайын бензин мен дизель отынына шекті рұқсат етілген бағалар белгіленеді.
Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр Серік Ахметов бір айда «Нұр Отан» партиясы аппаратына тұғырнамадағы көрсеткіштерді өзектендіру бойынша ұсыныстарды енгізуді тапсырды.
«Бүгін біз сайлауалды тұғырнаманы тыңғылықты талқылап шықтық. Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде қойған мақсаттарын орындауға жауапкершілікпен қарауымыз керек. Осы орайда бүгінгі отырыста көтерілген мәселелердің барлығы Үкімет мүшелері тарапынан қарастырылуы тиіс. Атап айтқанда, біз осы тұғырнамада белгіленген көрсеткіштерді өзектендіруіміз керек», - деді Премьер-Министр.
Осы орайда С. Ахметов бүгінгі ахуалға байланысты экономикада өзгерістер болып жатқандығын және бұл үрдіс жалғасатынын атап өтті. «Сондықтан да біз экономикадағы жағдайдың өзгеруін ескере отырып, аталған тұғырнамадағы барлық әлеуметтік міндеттерге назар аударуымыз қажет. Бүгінгі талқылауды ескере келе, орталық жергілікті атқару органдарына Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен келісе отырып бір айлық мерзімде «Нұр Отан» партиясы аппаратына барлық бағыттарды өзектендіру бойынша ұсыныстарды енгізуді тапсырамын, әсіресе әлеуметтік салада. Біз оны Үкіметте қарап, партияның аппаратына енгіземіз», - деді С. Ахметов.
Үкімет басшысы партияның сайлауалды тұғырнамасын орындаудың барлық бағыттары бойынша мониторинг жүргізу керектігін қадап айтты. Бұл тұрғыда С. Ахметов тапсырмалар мен қабылданған шешімдерді орындау жұмыстарын бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктеді.
Осы күні баспасөз мәлихатын өткізген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков көктемгі егіс науқанын қаржыландыруға Үкімет биыл 40 млрд. теңге бюджеттік несие бөліп отырғандығын айтты.
Атап айтқанда, өткен жылғыдай агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіру «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылады. Оның 14 млрд. теңгесі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен екінші деңгейлі банктер кепілдігімен астықтың форвардтық сатып алуын қаржыландыруға бағытталады.
Сонымен қатар, бюджеттік несие қаржысы микронесиелік ұйымдар арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға бағытталады.
Министрдің сөзіне қарағанда, егіс науқанында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бағыты бойынша литріне 95 теңге көлемінде баға бекітілді. Осы орайда 360 мың тонна мөлшерінде жағармай жеткізіледі.
«Нарықтық бағадан арзан дизель отынымен қамтамасыз ету шарасы бекітілді. Осы арқылы көктемгі егіс жұмыстарына барлық қажетті шаралар Үкімет тарапынан шешілді деп айтуға болады», - деді А. Мамытбеков
Сонымен қатар, министрдің мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 21,8 млн. гектар алқапқа егіледі. Астық егістері 15,9 млн. гектар жерді қамтыса, майлы дақылдар 2 млн. гектарға, жем-шөп 3,4 млн. гектарға себіледі. Жаздық егіске арналған тұқыммен қамтамасыз ету деңгейі 99,3 пайызды құрап отыр. Министрліктің мәліметіне қарағанда, тұқым тапшылығы 16,9 мың тонна көлемінде болуы мүмкін. Тапшылықтың негізгі көлемі былтыр құрғақшылықтан зардап шеккен Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Осы орайда егіске қажетті тұқым облыстардың өз қоры есебінен және мемлекеттік тұқым ресурсынан тартылады. Гидрометқызмет деректері бойынша көктемгі егіс жұмыстарының басында топырақтағы ылғал қоры еліміздің барлық аумағында оңтайлы және қанағаттанарлық деңгейде болады деп күтілуде.
Ал бейсенбі күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы, негізгі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.
Сонымен қатар, одан арғы экономикалық өсімді қамтамасыз етудің және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі мәселелері қаралды. Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Осы күні Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болған ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев өңірде индустриялық аймақтарды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Министр 2010 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде құрылған Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялық аймағын аралады. Индустриялық аймақтың аумағында жалпы сомасы 46 млрд. теңгеге шамамен 6 мың жаңа жұмыс орындарын құрумен 63 жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта 13,8 млрд. теңге сомаға 31 жоба іске асырылды және 2 300 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Б.Жәмішев осы аймақ аумағындағы «Spirit Kazakhstan» ЖШС, «ЮгРегионПласт» ЖШС, «Ferrum Vtor» ЖШС, «Фирма Дана» ЖШС және «HILL Corporation» ЖШС-да болып, онда аталған кәсіпорындардың шығаратын өнімдерімен танысты.
Кеңестің соңында Б.Жәмішев облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдеріне министрлікке ағымдағы жылғы 1 сәуірде әр облыстардағы индустриялық аймақтарды құру бойынша бюджеттік өтінімдерді жолдауды тапсырды.