Аптаның кинопремьерасы: Қазақстан кинотеатрларында қандай жаңа фильмдер көрсетіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа аптада Қазақстан кинотеатрларында бірқатар қызықты премьералар ұсынылады. Көрермендер фантастикалық драмадан бастап қорқынышты триллерлер мен комедияларға дейін әртүрлі жанрдағы картиналарды тамашалай алады.

л
Коллаж: Kazinform; Kino.kz

«Qaitadan»

Қазақстандық фантастикалық драмада қала тұрғыны болған жасөспірімнің тағдыры баяндалады. Маңызды емтиханнан сүрінген соң, қатал ата-анасы оны ауылдағы әжесіне жібереді. Мұнда ол үй шаруасымен айналысып, мал бағады. Қалаға қайта оралуды армандаған ол уақыт тұзағына түсіп қалғанын байқайды: әр күн қайталана береді. Әр циклдің соңында бөгет жарылып, ауылда су тасқыны болады. Жасөспірім осы қасіреттің алдын алуға талпынып, өмірге жаңа көзқараспен қарай бастайды.

«Заклятие 4: Последний обряд»

Атақты франшизаның соңғы бөлігі паранормалды триллер жанрында түсірілген. Эд пен Лоррейн Уоррендер отбасына қауіп төндірген зұлым күшпен бетпе-бет келеді. Мистикалық үй оларды өмір мен өлімнің арасында қалдырады.

«Всеведущий читатель»

Танымал корей веб-романына негізделген фильм. Әлем кенеттен кітаптағы оқиғаға айналады. Тек бір ғана адам — Ким Док-ча оның немен аяқталатынын біледі. Бұл білім оның басты қаруына айналады.

«Вес победы»

Психологиялық триллер және спорттық драма элементтерін біріктірген картина. Бокстан бұрынғы чемпион соңғы рет титул үшін жұдырықтасуға бел буады. Алайда салмақ шектеуі оны шектен тыс жаттығуға итермелейді. Әр күн сайын оның денсаулығы нашарлап, шынайылық пен елес арасындағы шекара жойыла бастайды.

«Токсичный мститель»

Культті хоррор-боевиктің ремейкі. Қарапайым еден жуушы Уинстон Гуз токсикалық қалдықтарға түсіп кетіп, мутацияға ұшырайды. Жаңа күш-қуатқа ие болған ол әділетсіздік пен қылмысқа қарсы күрес бастайды.

«Астрал. Поместье ужаса»

Мексикалық хоррор. Отбасын жоғалтқан Мариана күйеуімен бірге ескі үйді жөндеуге кіріседі. Бірақ бұл үйде үрейлі құпиялар жасырынған. Шетінеп кеткен баланың даусы оны өткеннің қараңғы түнегіне жетелейді.

«Эддингтон»

Неовестерн жанрындағы комедия. 2020 жылы Нью-Мексико штатының шағын қалашығында мэр мен шериф арасындағы жасанды интеллектке қатысты дауға негізделген саяси тартыс өрбиді.

«Құдай сақтасын»

Қазақстандық отбасылық комедия. Екі қылмыскер — Жұмабек пен Рамазан қашып жүріп ауыл мешітіне жасырынуға мәжбүр болады. Мұнда оларды ауыл тұрғындары ұстаз деп қабылдайды. Екеуі өзін дін қызметкерлері ретінде көрсетіп, балаларға сабақ беруге кіріседі. Бірақ шын мәнінде олар ұрланған ақшаны сақтап қалуға тырысады.

Соңғы жаңалықтар