Аптаның жаңа кинопремьераларына шолу
АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада киносүйер қауымға барлық жанрдағы жаңа фильмдер прокатқа шықты. Көрермендер көптен күткен «Өрмекші адам: Жаңа күн» киносы да үлкен экранға жол тартты. Сонымен қатар, бірден үш қорқынышты фильмнің тұсауы кесілсе, балаларға арналған екі жаңа анимациялық туынды жарық көрді. Бірақ осы аптада отандық фильмдер прокатта жоқ.
Kazinform тілшісінің шолуында осы аптадағы ең басты кинопремьераларды ұсынамыз.
Коллаж: Kazinform / ЖИ
Өрмекші-адам: Жаңа күн
- Рейтинг: 7.8
- Жанры: экшн, шытырман оқиға, фэнтези, фантастика
- Ұзақтығы: 150 минут
- Ел: АҚШ, 2026 жыл
- Режиссері: Дестин Дэниел Креттон
Жалғыз қалған Питер Паркер енді бар күшін Нью-Йорктегі қылмыспен күресуге арнайды. Төрт жыл бұрын Доктор Стрэндждің жасаған сиқырынан кейін әлемдегі адамдардың барлығы, тіпті оған жақын жандар да Питерді ұмытып кеткен еді. Уақыт өте келе Өрмекші-адамға артылған жауапкершілік пен қауіп-қатер күшейе түседі. Осы сәтте оның бойындағы ерекше қабілеттері өзгере бастайды. Бұл өзгерістер Питердің өз өміріне ғана емес, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне де қатер төндіреді.
Біз жоғалтқанның бәрі, (Всё, что мы потеряли)
- Рейтинг: 6.1
- Жанры: драма, мелодрама
- Ұзақтығы: 107 минут
- Ел: Испания, 2026 жыл
- Режиссері: Хорхе Алонсо
Ата-анасынан айырылған жас суретші Лия басына түскен қайғыны ұмытуға тырысады. Ағасы үйден кеткен кезде, Лияға қамқор болуды өзінің ең жақын досы Аксельге тапсырады. Алайда ол Лияның Аксельге деген сезімі бар екенінен бейхабар еді.
Мотор Сити
- Рейтинг: 7.1
- Жанры: боевик, триллер
- Ұзақтығы: 103 минут
- Ел: АҚШ, 2026 жыл
- Режиссері: Потси Пончироли
Джон Миллер — бұрын рейнджер болып жұмыс істеген. Алайда махаббатын кездестірген соң, ол тыныш әрі бейбіт өмірді таңдады. Бірақ тағдыр оған басқа сынақ дайындаған екен. Қылмыстық топ басшысы оның сүйіктісін ұрлап кетеді, ал Джон аса қатаң бақылаудағы түрмеге қамалады. Ол әділеттілікті өз қолымен орнатуға мәжбүр болады.
Тамырлар: Вампирлер туралы дастан, (Корни: Сага о вампирах)
- Жанры: ужас
- Ұзақтығы: 93 минут
- Ел: Ұлыбритания, 2026 жыл
- Режиссері: Марко Ван Белль
Бес блогер демалыс күндерін табиғат аясында, орманда өткізуді ұйғарады. Алайда алаңсыз демалыс күтпеген жерден қорқынышты оқиғаға ұласады. Олардың орманға келуі әлемдегі ең алғашқы вампирді оятады. Осы сәттен бастап аман қалу жолында күрес басталады.
Пороро: Суасты шытырман оқиғалары, (Пингвинёнок Пороро: Подводные приключения)
- Рейтинг:
- Жанры: шытырман оқиғалар, балаларға арналған, мультфильм
- Ұзақтығы: 72 минут
- Ел: Оңтүстік Корея, 2026 жыл
- Режиссері: Юн Джэ-ван
Батыл пингвин Пороро мен оның достары мұхиттың тылсым тереңдігін зерттеуге аттанады. Олар суасты қайығын жасап, суға батқан кемелер мен теңіз тіршілігіне толы ғажайып әлемге сүңгиді. Алда оларды күтпеген сынақтар күтіп тұр. Достар қиындықтарды бірге еңсеріп, суасты патшалығының таңғажайып сырларын ашады.
Смешариктер: Ғаламдар тоғысында, (Смешарики сквозь вселенные)
- Рейтинг:
- Жанры: шытырман оқиғалар, комедия, фантастика
- Ұзақтығы: 106 минут
- Ел: Ресей, 2026 жыл
- Режиссері: Андрей Мармонтов, Илья Максимов
Крош пен кірпі түймедақ алқабынан ерекше құрылғы тауып алады. Құпия қондырғы оларды болашаққа жетелейді. Бұл әлемде олар Марсқа бет алған ғарыш кемесіндегі қарапайым балаларға айналады. Алайда көп ұзамай кейіпкерлер мұның жай ойын емес екенін түсінеді. Осы сәттен бастап олардың ғаламдар арасындағы қауіпті де қызықты шытырман оқиғасы басталады.
Қабір рәсімі. Зұлымдық қайта оралды, (Могильный ритуал. Зло вернулось)
- Рейтинг:
- Жанры: ужас
- Ұзақтығы: 104 минут
- Ел: Индонезия, 2026 жыл
- Режиссері: Дени Сапутра
Акушер Рахаюдың өмірі бір кездері бақытқа толы еді. Алайда көп ұзамай олардың тыныштығын бірінен соң бірі болған жұмбақ оқиғалар бұзады. Қатер Рахаюды қуып, үрей құшағына енгізеді.
Елестер мектебі, (Школа призраков)
- Рейтинг:
- Жанры: ужас, хоррор
- Ұзақтығы: 106 минут
- Ел: Жапония, 2026 жыл
- Режиссері: Масаки Нисияма
Жартылай жапон қызы Еленаға жаңа мектепке бейімделу оңайға соқпайды. Оның Нян атты досы мектепте елестер бар екеніне сенеді. Елена да өзін біреудің үнемі бақылап жүргенін сезе бастайды. Тіпті құлаққап таққан кезде елестердің дауысын естейді. Көп ұзамай басқа оқушылардан да оғаш әрекеттер байқалады.
Уффицидің құпия өмірі, (Тайная жизнь Уффици)
- Рейтинг: 5.7
- Жанры: деректі, өнер
- Ұзақтығы: 96 минут
- Ел: Германия, 2026 жыл
- Режиссері: Коринна Бельц, Энрике Санчес Ланш
Фильм көрме дайындау, өнер туындыларын қалпына келтіру және италиялық өнер мұрасын сақтау ісіне жауапты мамандардың жұмысын баяндайды. Әлемдегі ең көне музейлердің бірі саналатын Уффици галереясының тарихы мен баға жетпес коллекциясын қорғау жолындағы күресі де қамтылады.
Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.