Аптаның жаңа кинопремьераларына шолу

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада кинотеатрлар репертуары шетелдік хоррорлар мен шытырман оқиғалы драмалармен толықты. Халықаралық деңгейде танылған актерлер мен режиссерлердің фильмдері көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар отандық жаңа екі туынды да прокатқа шықты.

кино
Фото: Коллаж: Kazinform / Kino.kz

Kazinform тілшісінің шолуында осы аптадағы ең басты кинопремьераларды ұсынамыз.

Коллаж: Kazinform / Kinopoisk.ru

Бомж (Байдың ойламаған мекен-жайы)

Жанры: драма

Ұзақтығы: 73 минут

Ел: Қазақстан, 2026

Режиссер: Бекжан Қабдуллин

Табысты кәсіпкер Қажет әйелі мен анасы оның байлығына көз тікті деп күдіктенеді. Ол өз өлімін қолдан ұйымдастырып, тосын өсиет қалдырады. Сөйтіп, біраз уақыт баспанасыз өмір сүріп, Руслан есімді қаңғыбасты кездестіреді. Қажеттің кім екенін білмейтін Руслан оған көмектеседі.

25 теңге. Басты миссия

Жанры: комедия, экшн

Ұзақтығы: 99 минут

Ел: Қазақстан, 2026

Режиссер: Дархан Сәркенов

17 жыл бұрын ұлттық музейге құнды 25 теңгені тапсырған үш дос марапаттау рәсімінде қайта кездеседі. Алайда жәдігерді ұрламақ болған қарақшылардың шабуылынан кейін олар полиция мен қылмыстық топтардың нысанасына айналады. Үш дос аман қалып, кінәсіздігін дәлелдеп, ұлттық қазынаны мемлекетке қайтара ала ма?

Тони

Жанры: биография, драма

Ұзақтығы: 106 минут

Ел: АҚШ, 2026

Режиссер: Мэтт Джонсон

19 жастағы Энтони Бурден Провинстаунға келіп, мейрамхана асханасының қарбалас тіршілігіне араласады. Осы жаз оның өмірін түбегейлі өзгертеді.

Де Голль. 1-бөлім. Қарсылық, (Де Голль. Часть 1. Сопротивление)

Жанры: биография, әскери драма, тарихи фильм

Ұзақтығы: 160 минут

Ел: Франция, Бельгия, АҚШ, 2026

Режиссер: Антонен Бодри

Шарль де Голльдің Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тағдыры баяндалады. 1940-1945 жылдар аралығында оның әскери қолбасшы ретінде қалыптасып, Францияның саяси сахнасына шыққан жолы көрсетіледі.

Анасын іздеген мамонт баласының шытырман оқиғалары, (Приключения мамонтенка. В поисках мамы)

Жанры: шытырман оқиғалы, мультфильм, отбасылық

Ел: Ресей, 2026

Режиссер: Александр Войтинский

Мамонт баласы Пушистик анасын іздеп, жұмбақ Африкаға аттанады. Жолда оның адал досы Тупик бірге жүреді. Достарды талай шытырман оқиға күтіп тұр. Олар мұхитты мұздың үстімен кесіп өтіп, қолтырауындар мен акулалардан аман қалады. Бұл сапар оларға достық пен отбасы қадірін түсінуге көмектеседі.

Тоғызыншы ғаламшар, (Девятая планета)

Жанры: фантастика, боевик

Ұзақтығы: 103 минут

Ел: Ресей, 2026

Режиссер: Николай Рыбников

Жол апатынан кейін автомеханик Диманың есіне Тоғызыншы ғаламшарда әскери қызмет өткергені түседі. Ол жердегі шайқастар, достары мен бір кездері құтқарған Полина есіне оралады. Алайда қаруластары оның айтқандарына сенбейді. Дима Полинаны шынайы өмірде кездестіргенде, біреу олардың жадын өзгерткенін түсінеді. Шындықты білу үшін ол қауіпті ғаламшарға қайта оралуға мәжбүр болады.

Адвокат. Қоғам жауы

Жанры: драма

Ұзақтығы: 110 минут

Ел: Моңғолия, 2026

Режиссер: Е.Билгуун

Бүгін – батыр, ертең – қоғам жауы! Әлеуметтік желідегі жаппай сынға қалған адвокат өзіне қиын істі алады. Ол жасөспірім қызды өлтірді деп күдікке ілінген азаматты қорғауға кіріседі. Бұл іс оның беделі мен адвокаттық лицензиясын ғана емес, отбасы мен қорғалушының тағдырын да таразыға салады.

Натиск

Жанры: экшн, триллер

Ұзақтығы: 92 минут

Ел: АҚШ, 2026

Режиссер: Адам Вингард

Әскери тәжірибе бақылаудан шығып, құпия зертханадан генетикалық түрлендірілген аса қауіпті сарбаздар қашып кетеді. Олар жолындағының бәрін жойып, Селестаның үйіне шабуыл жасайды. Енді ол қызын қорғау үшін өткендегі әскери дағдыларын қайта қолдануға мәжбүр.

Диггер

Жанры: комедия, драма

Ұзақтығы: 106 минут

Ел: Ұлыбритания, Мексика, АҚШ, 2026

Режиссер: Алехандро Гонсалес Иньярриту

Әлемдегі ең ықпалды адам өзі тудырған апаттан адамзатты құтқаруға аттанады.

Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.

Осы аптада қандай фильмдер прокатқа шықты.