Аптаның басты тағайындаулары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Қазақстанның кейбір мемлекеттік органдары мен құзырлы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйістер болды. Сондай-ақ, осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елшілерді тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Сонымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Жаңа Зеландия, Лихтенштейн, Ватикан, Мальта, Сан-Марино, Эстония, Аргентина, Чили, Молдовадағы елшілері тағайындалды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Үсен Әбдіқадырұлы Сүлеймен Қазақстан Республикасының Жаңа Зеландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы; Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанар Сейдақметқызы Айтжан Қазақстан Республикасының Лихтенштейн Князьдігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі, Қасиетті Иерусалим Иоанны, Родос және Мальтаның Егеменді Әскери Госпитальерлері Орденінің жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы; Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сергей Нұртайұлы Нұртаев Қазақстан Республикасының Мальта Республикасындағы, Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы; Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуов Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы; Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Асаниязұлы Саржанов Қазақстан Республикасының Аргентина Республикасындағы, Чили Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы; Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Самат Исламұлы Ордабаев Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды.

Осы аптада сондай-ақ жуырда қайта құрылған Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі қызметіне  Цой Алексей Владимирович тағайындалды. Ол 1996-1997 жылдары SELS college London (Ұлыбритания) оқу орнында оқып, 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медициналық академиясын, 2007 жылы - «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, 2015 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған.

2002-2004 жылдары Республикалық клиникалық аурухананың, Астана қаласы Ұлттық ғылыми медициналық орталығының (ҰҒМО) эндоскопист-дәрігері қызметін атқарды. 2004-2007 жылдары ҰҒМО аға ғылыми қызметкері, эндоскопист-дәрігері, докторанты болды.

2007-2008 жылдары Астана қаласындағы ҚР Президентінің Іс басқармасының Медициналық орталығы Заманауи технологияларды енгізу орталығының директоры қызметін атқарып, 2008-2010 жылдары аталған орталықтың директоры болды.

2010-2011 жылдар аралығында Астана қаласындағы ҚР Президентінің Іс басқармасының Медициналық орталығы басшысы қызметін атқарды. 2011 жылы Астана қаласы №1 Қалалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Алексей Цой аталған қызметті 2014 жылға дейін атқарды. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне дейін ол ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарды. Алексей Цой медицина ғылымдарының кандидаты, іскерлік әкімшілік докторы.

Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір тағайындау «СК-Фармация» ЖШС-да орын алды. Бұл компания басқармасының жаңа төрағасы болып Максим Касаткин тағайындалды. Бұл тағайындау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сынымен тікелей байланысты. Өйткені,  3 ақпанда бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «СК-Фармация» компаниясының қызметін сынға алған болатын. Келесі күні Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «СК-Фармацияның» бірінші басшысы қызметтен шеттетілгендігін мәлім етті.

Аптаның ортасында «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің 2017 жылғы 15 ақпандағы шешімімен Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасының орынбасары Сұлтанбеков Қанат Танатарұлының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Жаңа басқарма құрамы  бес адамнан құралды: Басқарма төрағасы - Ерлан Сапарғалиұлы Ыдырысов; Басқарма төрағасының орынбасары - Вадим Шәмілұлы Шақшақбаев; Басқарма төрағасының орынбасары -Сая Найманбайқызы Мыңшәріпова; Басқарушы директор -Кенжебай Сәтжанұлы Сәтжанов; Басқарушы директор - Мәдина Шариязданқызы Мұқышева.

Сондай-ақ, осы аптада облыс әкімінің өкіміне сәйкес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұсынуымен және облыстық мәслихаттың келісімі бойынша Қызылорда облысының ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Бауыржан Әшімұлы Ибраев тағайындалды.

Бауыржан Әшімұлы 1969 жылы дүниеге келген. 1997 жылы Орталық Азия университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы Облыстық ішкі істер басқармасы Жол полиция қызметінің инспекторы ретінде бастаған. 1998-2013 жылдар аралығында Жол полиция басқармасында бірнеше жауапты лауазымдарда қызмет еткен. 2013-2015 жылдар аралығында - Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары лауазымында болған. 2016 жылдың маусымынан жаңа тағайындауына дейін ОІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары болып қызмет еткен.

Апта басында сондай-ақ Асқар Достияров «Қазына Капитал Менеджмент»АҚ басқармасының төрағасы болып тағайындалды.

Асқар Достияровтың шетелдік инвесторларды тартуын қоса алғанда, қаржы саласындағы 16 жылдық жұмыс өтілі бар.  «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ компаниясының тобында 2013 жылдан қызмет етуде. «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Бәйтерек» холдингі басқармасының мүшесі басқарушы директор лауазымдарын атқарған.

Асқар Достияров Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университеті, School of Business, the George Washington University (MBA) оқу орындарын аяқтаған.

«Қазына Капитал Менеджмент» АҚ «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы тікелей инвестициялар қорының қоры. Қазақстанда privat equity тиімді нарығын дамыту және активтерді басқарудың үздік әлемдік практикасын енгізу мақсатында құрылған.   

Сонымен қатар, ақпан айының соңғы аптасында Ақмола облысынығ прокуроры ауысып, бұл лауазымға  Тимур Тəшімбаев барды. Тимур Тəшімбаев, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тəмамдаған.

Еңбек жолын Алматының Фрунзе ауданы прокуратурасының тергеушісі қызметінен бастайды. Əр жылдары ҚР Прокуратурасында түрлі қызметтерде болды. Алматының Түріксіб жəне Бостандық аудандарының прокуроры, Астана прокурорының орынбасары жəне 2007-2012 жылдар аралығында ҚР Президенті Əкімшілігінің бөлім басшысының орынбасары қызметінде болды.

Ақмола облысының прокуроры болып тағайындалғанға дейін ҚР Бас прокуратурасының жедел-тергеу қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің басшысы болып қызмет атқарды.

Және де апта соңында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма құрамындағы өзгерістер орын алды. Директорлар кеңесінің шешімімен Абылай Теңізбайұлы Рахымжанов басқарма мүшесі болып сайланып, «ҚИК» ИҰ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар, Қанат Әшімұлы Исамбаев басқарма мүшесі ретінде сайланып, компания басшысының орынбасары лауазымын атқарады. Еске сала кетейік, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырады.

Соңғы жаңалықтар