Аптап ыстыққа байланысты үлкен тасжолдарда полиция күшейтілген режимде қызмет етуде

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында полиция қызметкерлері аптап ыстықта жолға шыққан жүргізушілерге су ұсынып, жол қауіпсіздігіне мұқият болуға шақыруда. Бұл туралы ҚазАқпарат Polisia.kz сайты хабарлады.

жол сақшысы
Фото: Kazinform

Ауа райының күрт ысуына байланысты Ақмола облыстық патрульдік полиция ротасының қызметкерлері республикалық маңызы бар үш бағытта – Астана–Қарағанды, Астана–Павлодар және Астана–Қабанбай батыр–Теміртау автожолдарында арнайы профилактикалық іс-шара өткізіп жатыр.

– Көлік жүргізіп келе жатып шаршау немесе ұйқы қысу сезілсе, жол шетіне тоқтап, тынығып алған жөн. Жүргізуші мен жолаушылардың өмірі – басты құндылық. Күннің қатты ысуына байланысты біз беті-қолды жууға немесе салқындауға көмектесу үшін су ұсынып жатырмыз, – деді Ақмола облысы ПД патрульдік полиция ротасының 1-взвод командирі Айбек Төлеубаев.

Полиция қызметкерлері алыс сапарға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жай-күйін мұқият тексеруге және жолда тәртіп ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ олар азаматтарды өз денсаулығына да жауапкершілікпен қарауға шақырады.

– Құрметті жүргізушілер, сіздерді үйде отбасыңыз күтіп отыр. Сондықтан жолда асықпай, демалып отырыңыздар. Полиция әрқашан сіздермен бірге, – деп атап өтті взвод командирі.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай алдын алу шаралары, әсіресе аптап ыстық күндері маңызды. Полиция тұрғындарды жолда абай болуға және жақындарын қауіптен сақтандыруға үндейді.

Айта кетейік, Қазгидромет еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады.

Соңғы жаңалықтар