Аптап ыстықтың салдарынан Аустралияда 300 мың гектардан астам орман өртке оранды

АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Виктория штатында аномальды ыстықтың салдарынан шыққан өрт 300 мың гектардан астам орман алқабын күлге айналдырды. Бұл туралы Guardian басылымы хабарлады.

Аустралия, орман өрті
Фото: Квинсленд штатының төтенше жағдайлар қызметі

Мәліметке сәйкес, табиғи апат тағы бірнеше апта бойы жалғасуы мүмкін.

Бұған дейін Виктория штатындағы орман өрттерінің салдарынан бір адамның қаза тапқаны хабарланған. Сонымен қатар жүздеген адам баспанасыз қалған. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Аустралияның федералдық үкіметі мен Виктория штатының үкіметі бірлесіп 19,5 миллион аустралиялық доллар (шамамен 13 миллион АҚШ доллары) көлемінде қаржылай көмек бөлді.

Басылым дерегінше, Виктория аумағы бойынша орман өрттері салдарынан кемінде 119 ғимарат жойылып, 300 мың гектардан астам орман алқабы өртенген. Қазіргі уақытта штат өртті сөндіру үшін әлі күресіп жатыр.

Сондай-ақ сенбі күні түстен кейін бүкіл штат аумағында 67 сөндірілмеген өрт ошағы тіркелгені, олардың 10-ы бақылаусыз таралуын жалғастырғаны хабарланды.

Еске сала кетсек, 9 қаңтар күні Аустралияда «катастрофалық» деңгейдегі өрт қаупі жарияланды.

Соңғы жаңалықтар