15:25, 13 Мамыр 2009 | GMT +5
Әр адам ғаламторға шыққан материал жөнінде ой-пікірін жазатын болса, мәдениетті жазуы керек - Мәжіліс депутаты Р. Сәрпеков
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыға түсті. Бұған дейін де заң жобасы бірнеше отырыстарда кең ауқымда талқыға салынды. Осы заң жобасы туралы заңгер,

Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпеков өз ойымен бөліскен еді.
? Рамазан Құмарбекұлы, әуелі аталған заң жобасының көздеген мақсаты жөнінде айтып өтсеңіз? ? Кейбір адамдар жасырын аттарды пайдаланып, біреуге ұнай ма, ұнамай ма, оған қарамай, ой-пікірінің барлығын қалай болса, солай жазып жатқан оқиғалар көбейіп кетті. Сондықтан қоғам тарапынан осы бір олқылықты заң арқылы тәртіпке келтіру жөнінде ұсыныстар жиі түсіп жатыр. Соған орай заңдарға түзетулер енгізілді. Әр адам ғаламторға шыққан материал жөнінде ой-пікірін жазатын болса, мәдениетті, әдепті түрде дұрыс жазуы керек. Өзіңіз көріп жүрсіз, біреу қыздың есімімен, екіншісі ұлдың атымен, бірі әдепті сөйлемдер жазса, екіншісі оған неше түрлі мәдениетсіз жауап қайтарғанын кездестіруге болады. Оған ешкім ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Олардың жазғанын бала да, жастар да оқып отыр, әке-шеше де, қария да оқиды. Бұдан жастар қандай өнеге-тәрбие алады? Кімді тәрбиелеп отырмыз? Сондықтан мұндай кемшіліктерді реттейтін, тәртіпке келтіретін уақыт жетті деп есептеймін. Ең басты мәселе, еліміздің тәуелсіздігіне, елдің арасындағы ұлтаралық ынтымақтығымызға, діни және нәсілдік мәселелер бойынша ағайындық қатынастар арасында, нашақорлық пен әдепсіз, жалаңаш тәртіпсіздіктерге үгіттейтін материалдар болса, біздің Ата заңымыздың 5-бабында ондай жөнсіздіктерге жол беруге болмайтыны жазылған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, қазір әлемнің бәрін дүрліктірген экстремистік, террористік әрекеттердің болып жатқаны жасырын емес. Мұндай оқиғалар бірқатар елдерде орын алғанын шетелдік телеарналардан көріп, баспасөзден оқып жүрміз. Бір-ақ ауыз сөзбен елді дүрліктіріп жіберуге болады. Сондықтан мұндай әрекеттерге шақырған жымысқы үндеулер ғаламторға шығатын болса, оны дер кезінде тоқтату қажет.
«Елім, жерім» дейтін зиялы қауым өкілдері бұл заң жобасын қолдайды және түсінушілікпен қарайды деп ойлаймын. Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеуді бизнеске айналдырып отырғандар көп. Қазіргі кезде мемлекеттің мүддесін көздемей, жеке басына табыс табуды ойлайтындар аз емес. Сондықтан заңға дер кезінде өзгерістер енгізілуде.
? Ғаламтор әлемді шарлап кетті. Сайттардың миллиондаған түрі бар. Солардың бәрін заңмен қадағалап отырудың мүмкіндігі бола ма? ? Мәселенің барлығын реттеу үшін бір нәрсені бүлдіріп алып, соңынан сұраудың қажеті жоқ. Ретке келтіру сайттарды тіркеуден басталады. Мысалы, біз жеке басымызға құжат алатын болсақ, барлық қажетті құжаттарды тәртіпке келтіріп тапсыруымыз керек қой. Немесе шағын кәсіпкерлікпен айналысатын болсақ та, өзіміздің кәсіпорынның немен айналысатыны, мақсаты жөнінде оның жарғысында, басқа да құжаттарымызда жазып көрсетуіміз міндетті. Мемлекет соны заңмен талап етіп отыр. Ал бұл жерде тіркеу кезінде олқылықтар көп. Әп дегеннен соны тәртіпке келтіріп алуымыз керек. Екінші оқылымда заң жобасы талқыға салынарда мен осындай ұсыныс енгізейін деп отырмын. Сайттың тіркелуден бастап, жұмыс істеп отырған уақытының барлығын қадағалап отыруы керек. Бүгінгі таңда ақпараттандыру жөніндегі агенттігінің бекіткен жалғыз ғана ережесі бар екен. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Бас прокуратура және аталған Агенттік бірлесе отырып, ішкі интернет ресурстарымызға тексеру жүргізетін және біздің елге сырттан келіп жатқан ғаламтордағы өнімдерді қарап отыру үшін жетілдірілген ереже қабылдауы керек деп ойлаймын. Бұл жерде сайттардың жұмысына кедергі жасап, ғаламторға шығармай қою жөнінде әңгіме болып отырған жоқ. Біздің елдік ұстанымымызға қайшы келетін өнімдерді жарияласа ғана, оның қызметін тоқтату жөнінде мәселе қарастырылып отыр. Мүмкін осындай сараптама жасап отыратын ұйым құру керек бола ма, ол жағын да ойластырғанымыз жөн.
? Біздің еліміз неге жедел түрде заңдарға өзгеріс енгізіп, әлгіндей әрекеттердің жолын кесуді қарастырып отыр. Әлде бұған дейін сондай әрекеттер жасалғандығы жөнінде мәлімет бар ма? ? Қазір ақпараттық-коммуникациялық сала өте жедел қарқынмен өркендеп келеді. Біз бұған дейін біреудің блогы, екінші бір адамның жеке сайты бар екенін білетінбіз. Бүгінгі таңда ғаламторды пайдаланушылар мен оған шығып жатқан адамдардың материалдарын есепке алудың өзі қиын болып кетті. Күннен-күнге өзгеріп жатқан дүние. Ғаламторда хакер дегеннің бар екенін жақсы білесіз. Қазір үлкен бизнеске айналып отырғаны белгілі, тіпті АҚШ-тың бақылау органдарының мәліметтеріне жол тауып, соны жария қылып отырған жағдайлар бар. Біз не сонда пәле қайдан, қай күні келеді деп күтіп отыруымыз керек пе? Біздің қорғаныс және қауіпсіздігімізге қатысты мемлекеттік құпияларымызды біреу жария еткеннен кейін барып жұмыс істеуіміз керек пе? Орын алуы мүмкін әрбір заңсыз әрекеттердің алдын алуымыз қажет. Біз осы тұрғысында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерде бізді біреу қорқытып отыр, немесе бір жерден бір мәлімет шығып қалды деген себептен емес.
Мысалы, кейбір елдерде жасалған лаңкестік әрекеттерден сәл бұрын сол оқиғаның сондай жерде орын алатыны жөнінде ғаламторда мәліметтер шыққан. Оны сигнал дейді.
Жалпы, ғаламторда болсын, газетте болсын, бір адамның, немесе заңды тұлғаның беделіне нұқсан келтіретіндей өтірік мәліметтер жазылатын болса, жалпы тәртіппен сотқа ар-намысты қорғау тұрғысында талап-арыз беру керек. Сол арқылы шешуге болады.
? Кейбір азаматтар осы заң қабылданса, адамдардың ақпарат алуын шектейді деген пікір айтты. Бұған не дейсіз? ? Бұл жеке адамның пікірі ғой, нақтылы мысал бар ма? Жалпылама шектейді деген пікір біреу ұйықтап жатып түс көрдім деген сөзбен бірдей. Бүгінгі күні осыған тіреліп қалып, менің мынадай мұқтажыма, жұмысыма кедергі болады дейтін, қажетті материал алуыма шектеу қойылды деген адам болса, тыңдауға әзірмін. Сол адамның мәселесін шешіп беруге көмектесейік. Адам үшін қажетті рухани, әдеби, мәдени, тарихи, басқа да қоғамға қажетті тұрғыдағы барлық өркениет байлықтарын шектеп отырған заң жоқ. Қай тілде аламын десе де, еркі бар. Менің заңгер ретінде айтарым, бұл заң қабылданғанда, ешкімнің құқы шектеліп қалмайды.
? Пікір білдіргеніңізге рақмет.