Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Әр адамның өз оқиғасы бар»: блогер Dobryak қызықты контент жасаудың құпиясымен бөлісті

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейлік блогер әрі иллюстратор Алексей Добряк Comic Con Astana 2026 фестивалінде шығармашылық жолы мен контент әзірлеудің ерекшеліктері туралы әңгімеледі. 

«Әр адамның өз оқиғасы бар»: блогер Dobryak қызықты контент жасаудың құпиясымен бөлісті
Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Сурет салуға бала кезінен әуестенген ол кейін анимацияға қызығушылық таныта бастаған.

— Бала кезімнен сурет салатынмын. Кейін суреттерді түрлі бағдарламалар арқылы «жандандыруға» болатынын білдім. Мұны үнемі армандап жүретін едім. Сөйтіп анимация саласында өзімді байқап көргім келді. Барлығы сол қызығушылықтан басталды, — деді спикер.

Алексей Добряк үшін анимацияның басты артықшылығы — эмоцияны еркін әрі әсерлі етіп көрсету мүмкіндігі. Сонымен қатар ол мұндай контентті әр жастағы көрермен тамашалай алатынын да атап өтті.

— Анимация — эмоцияны жеткізудің ең әсерлі тәсілі. Мұнда сезімді әсірелеп көрсетуге мүмкіндік бар. Оны ересектер де, жасөспірімдер де, балалар да көре алады, — деді блогер.

Ролик әзірлеуге кететін уақыт оның форматы мен күрделілігіне байланысты. Қарапайым түсірілім мен монтаж бірнеше күнде аяқталса, суретпен жұмыс істеу әлдеқайда ұзаққа созылады.

— Түсірілім мен монтаж — ең оңай бөлігі. Оны бірнеше күнде аяқтауға болады. Ал бәрін суретпен көрсету керек болса, көп уақыт кетеді. Мысалы, Ежелгі Грекия, скандинав мифтері туралы жұмыстарым бар. Оның ролигін жасауға бір айдай уақыт кетті, — деді ол.

Жаңадан блог жүргізе бастағандарға Алексей ең алдымен оқиғаны дұрыс құрып, оны қызықты баяндауды үйренуге кеңес береді.

— Ең бастысы — әрекет ету және қызықты оқиғалар айта білу. Мектепте жақсы оқып, шығарма жазуды да үйрену керек. Өйткені кей адамдар оқиғаның басын, ортасын және соңын дұрыс құра алмайды. Негізінде әр адамның өмірінде бөлісетін дүние көп. Тек соны қызықты баяндап, өз ойыңды дұрыс білдіруді үйрену қажет, — деді Алексей Добряк.

Айта кетейік, бүгін Comic Con Astana 2026 фестивалінің екінші күні өтіп жатыр. Поп-мәдениет жанкүйерлерінің басын қосқан фестиваль 6 тамызда басталды және 9 тамызға дейін жалғасады.