Әр ауыл әкімі мектеп турниктеріне өзі тартылып көруі керек – ШҚО басшысы

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев ауыл әкімдеріне мектеп аулаларындағы турникке асылып көріп, қауіпсіздігін тексеруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Ермек Көшербаев мектептердегі балалардың қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болуы керектігін жеткізді. Зайсан ауданының әкіміне «Қанша мектепті тексердіңіз, өзіңіз турникке шығып көрдіңіз бе?» деп сұрады. Жөнді жауап ала алмағаннан кейін аудандардағы әрбір мектеп стадионының қауіпсіздігін жеке тексеретіндігін айтты.

«Өзім мектепке барып тексеріп, егер бір кемшілік анықтасам журналистерді шақырып, көрсетіп, «Осы әкім балалардың қауіпсіздігін ойламайды» деп айтамын. Сосын сайлауға қалай түсесіздер!? Сол үшін ауыл әкімдері әр мектептегі турникке өздері шығып, тексеруі, жағдайды өз бақылауында ұстауы керек», - деді әкім.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысындағы 343 мектеп 1 қыркүйекте 98 мыңнан астам оқушыны қабылдайды. Олардың 9 654-і бірінші сынып оқушылары.

Еске салайық, тамыз айының басында Астана қаласындағы мектеп аумағында 10 жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап кеткен болатын. Бала көз жұмып, тергеу басталды.


Соңғы жаңалықтар