Әр азамат Мемлекеттік рәміздерді бойтұмардай қастер тұтуы қажет - А.Есекенова, БҚО

Бұл күні барша халық мерекеге тән көтеріңкі көңіл-күймен шараларға қатысып, Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті сезіне түседі. Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер - бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктірушісі образын білдіреді» , деп ерекше атап өтті. Олай болса, мемлекеттік рәміздер - біздің мемлекетіміздің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы және әрбір адамның өз еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова өз ой-толғамын осылайша білдірді.
Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздердің ұлттық және жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы орны ерекше екені даусыз. Облыста мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау кешендік жоспарға және арнайы жасақталған медиа-жоспарға сай жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы облыс әкімі жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияның жұмыс органы болып табылады. Комиссия отырысы жоспарға сай жылына төрт рет, яғни тоқсанына бір рет өткізіледі. Онда барлық аудандарда, облыс орталығындағы мемлекеттік органдарда рәміздерді пайдалану барысы тиісті құзырлы органдармен бірлескен түрде тексеріліп, қорытындысы облыстық комиссияға шығарылады. Орын алған кемшіліктерді жою туралы шешімдер қабылданады. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен мемлекеттік рәміздерді пайдалану, насихаттау және қолдану жөніндегі жұмыстардың жай-күйі бойынша инспекциялық тексерулер өткізіліп тұрады.
Бекітілген жоспарға сай Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай жыл сайын 4 маусымда Орал қаласындағы Абай алаңында, сондай-ақ облыстың барлық аудандарында «Менің Қазақстаным» атты жастар патриоттық форумы ұйымдастырылып келеді. Биыл да облыс басшысының қатысуымен «Менің елім - Қазақстан!» атты жастардың патриоттық акциясы өтпекші. Орал қаласы мен барлық аудандарда рәміздерді насихаттау, оларды дұрыс қолдану мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар, патриоттық акциялар оздырылады. Кітапханаларда мемлекеттік рәміздерге арналған түрлі байқау-көрмелер болып тұрады. Балабақшалар мен аула клубтары арасында «Рәміздер тарихы», «Қазақстан - Туымен тұғырлы, Әнұранымен айбатты, Елтаңбасымен еңселі», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрмет» атты шаралар ұйымдастырылды.
«Жыл сайын облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қолдану бойынша әдістемелік құралдар шығарылуда. Олар облыс бойынша және тиісті мемлекеттік органдарға таратылады. Елдік еркіндігіміздің қасиетті белгілерін қадірлеу тек мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға ғана міндетті емес, ол - әр адамның парызы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеу - Конституциялық Заңның шеңберінде құқықтық рәсімделген. Сондықтан Қазақ елін мақтаныш тұта отырып, әр азаматтың мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, оларды кеңінен насихаттауға белсене атсалысқаны абзал», - деп түйіндеді ойын А.Есекенова.