Әр дәуірдің аспаны: Әскери авиациядағы буындар сабақтастығы
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі жойғыш әскери ұшақтарды басқаратын ең жас ұшқыштың жасы — 23-те. Ол үш жыл ішінде аспанда 108 сағат өткізген.
Жаннұр Балғожин — Әскери-әуе күштерінің ұшқыш-штурманы, лейтенант. Бұл салаға деген қызығушылығы Қарағанды қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде оқып жүрген кезде басталған. Сол уақыттан бастап ол ұшқыш болуды саналы түрде мақсат еткен. Кейін еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірінде білім алған.
— Ақтөбеде Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтында ұшқыш мамандығы бойынша 4 жыл оқыдым. Осы төрт жылдың үш жылында түрлі оқу-жаттығулар кезінде ұшақты басқарып көрдім. Қазір еңбек жолымды Жетісу өңірінде бастадым. Бір жыл ғана болды. Келесі аптада нұсқаушымен Су-30СМ ұшағымен ұша бастаймыз. Ал жоғары оқу орнында оқып жүргенде L-39 әскери ұшағымен және P 2002 атты азаматтық ұшақпен ұшқан болатынмын, — деді Жаннұр Балғожин.

Жас ұшқыш L-39 ұшағын нұсқаушысыз өзі 20 жасында тізгіндеген. Ол сол алғашқы сапары бүгінге дейін жүрегінде сақталғанын айтады.
— Ол сәт ешқашан ұмытылмайды. Себебі кабинада артыңда инструктор болмайды. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Үлкен бір темір құсты бағындыру, оны бағыттау оңай емес. Қуаныш пен таңқалу сезімі кезіңде «Мен өзім ұшып бара жатырмын ба?» деп ойлайсың. 3‑курста алғаш жеке ұшқанымда әуеде 20 минут болдым, — деді лейтенант.
Оның айтуынша, бұл мамандықтың ең үлкен артықшылығы — аспанмен дос болу. Әр көкке көтерілген сәтте ерекше сезімге бөленесің. Ал ең күрделі тұсы — жауапкершілік. Себебі әр ұшқыштың мойнында үлкен міндет пен сенім жүктелетінін атап өтті.
Ұшқыш болу үшін денсаулық пен білім — басты талап
Ұшқыш болу — тек ұшақты басқару емес, кәсіби дайындықты қажет ететін жауапты қызмет. Бұл саланы таңдаған әрбір адам психикалық, физикалық және медициналық тексерулерден өтуі міндетті. Ал әскери салада бұл талаптар әлдеқайда қатаң. Әуе қызметкерлері әр жарты жыл сайын медициналық тексерістен өтеді. Жаннұр да ұшқыш болу жолында бірнеше іріктеуден өтіп, өз қабілетін дәлелдеген.
— Логикалық сұрақтар, шапшаңдыққа қатысты сұрақтар қояды, ой қабілетіңді тексереді. Келесі кезеңде медициналық тексерістен өтесің. Көздің көруі жақсы болуы керек, кабинаға сыю үшін бойың мен салмағың сай болуы тиіс. Жалпы, денсаулығың 100 пайыз жақсы болуы керек. Одан кейін дене дайындығынан өттік, норматив тапсырдық. Сонымен қатар ҰБТ‑дан алған ұпайларың да есепке алынады, — деді жас ұшқыш.

Мұнан бөлек, бұл саланы таңдаған әрбір адамға білім мен сабырлық керек. Жаннұр Балғожиннің пікірінше, ауа қысымына қарамастан түрлі маневр жасаған сәтте немесе төтенше жағдай туындағанда ұшқыш саналы және тыңғылықты әрекет етуі қажет.
— Әуеде ұшқанда әр секунд маңызды. Өз өміріңді және басқа біреудің өмірін сақтап қалу тек өз әрекетіңе байланысты. Төтенше жағдай кезінде әр жайттың бөлек алгоритмі бар. Нұсқау қағаздарында бәрі жазылып тұрады, әрі әр құрылғының орны көрсетіледі. Мұның бәрін көзбен үйреніп, жаттау керек, себебі қиын сәтте нұсқаулыққа қарап отыруға уақыт болмайды. Бәрі білім мен жауапкершілікті қажет етеді, — деді Жаннұр Балғожин.
Дүниежүзілік авиация күні туған ұшқыш: Шохан Мұсабековтің тәжірибесі
Буын ауысы — әр салада болатын табиғи құбылыс. Тәуелсіздік алғаннан бері әскери ұшақтарды басқару бесінші буын мамандарының қолына өтіп жатыр. Ал алғашқы буын қатарында еліміздегі жойғыш ұшақтарды тізгіндеген ұшқыштың жасы бүгінде 48-де.

Шохан Мұсабеков — Әскери-әуе күштерінің аға инспектор-ұшқышы, полковник. Оның әскери авиация саласындағы еңбек өтілі 30 жылдан асқан. Осы уақыт ішінде әуеде 1000-ға жуық сағат ұшып, талай қиындық пен кедергілерден өткен.
Шохан Кеңесбекұлы авиация саласын таңдауының бір себебі — ол 12 сәуір, яғни дүниежүзілік авиация және космонавтика күні туған.
— Мен өзім қарапайым отбасынан шықтым. Менің туыстарым мен жақындарымның арасында авиация саласында жұмыс істеген адам болған жоқ. Кішкентай кезімде ата-анам: «Менің ұлым 12 сәуірде дүниеге келді, ол космонавт болады» деп айтатын. Сол ата-анамның сөзінен бала арманым басталды. Кейін бұл арманымды орындау үшін 1995 жылы Ресей мемлекетіне қарасты Волгоград қаласындағы Качинскі жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесіне оқуға түстім, — деді полковник.
Одан кейін Шохан Мұсабеков Краснодар жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесіне ауыстырылып, 2000 жылы институтты бітірген. Шетелде білім алып жүрген кезінде алғаш рет өзі салмағы 5 тоннаға жететін L-39 ұшағын басқарған.
— Ресей Ферерациясы Кубань қаласы Кущёвская аэродромында оқу-жаттығу кезінде алғаш рет жалғыз ұштым. Ол кезде ғажап сезімді бастан кештім. Әуе айлағынан ұшақ көтерілген кезде жүрегім дүрсілдеді. Ұшақтағы екі кабинаның арасындағы айнаға қарасам, артымда нұсқаушы ағай жоқ екен. Сол кезде «Мен өзім ұшып келе жатырмын ғой» деп ойлағаным есімде. Бар күшімді жинап алдым. Одан кейін сол жағыма қарасам, аэродром көрініп тұр, биіктікке ұшып кеткен екенмін. 8 минуттай әуеде болдым, сосын өз күшімен ұшақты қайта жерге қондырдым. Түскен соң екі сағат бойы бойымды толқу мен қуаныш сезімі биледі, — деді Шохан Мұсабеков.

Өткен мен бүгіннің ерекшелігі
Шохан Мұсабеков үшін бұл саланың маманы болу оңай болмаған. Сол кезде елімізде авиация саласын оқытатын оқу орындары аз еді, сондықтан арман қуып Ресейге кеткен. Қазіргі жас ұшқыштар сияқты қазақ тілінде емес, орыс тілін меңгере жүріп, білімін жетілдірді.
— Ұшқыш болу мен үшін қиын болды. Өйткені мен қазақ мектебінде оқыдым, ал жоғары оқу орындарында орыс тілінде оқуға қиналдық. Түсінбеген соң математика пәнін де ілесіп оқып кете алмадық. Ал ұшқыш болып, авиация саласында жұмыс істеймін деген жанға бұл пән қажет. Сондықтан мен қосымша сабақтарға қатысып, көп оқып, өз деңгейімді көтердім. Жолдастарымызбен бірге тырмысып, намысқа тырысып жүріп орыс тіліне де үйрендік, оқуды да аяқтадық. Арманымызға да жеттік, — деді ол.
Оның айтуынша, қазір ұшқыш боламын деп армандаған адамға барлық мүмкіндік бар. Елде сапалы білім беретін жоғары оқу орындары көп. Әскери авиация саласы да заман талабына сай дамып келеді. Жаңа жүйелер енгізіліп, көптеген процестер автоматтандырылған. Бұл оқуды жеңілдетіп, кәсіби дайындықты тиімді етеді. Ал отыз жыл бұрын ардагер ұшқыштар әр әрекетті өздері дәл есептеп отырған.
— Бүгінгі күнді біздің кезбен салыстырсақ, бірнеше ерекшелік бар. Мысал ретінде ұшақтардағы навигация жүйесін айтар едім. Бұрын біз навигацияны математикалық формулалар арқылы қолмен есептейтінбіз. Қазір оның бәрі электронды жүйеде, навигациялық спутниктер арқылы жұмыс істейді. Келесі ерекшелік — біздің уақытта нысананы дәл табу кезінде де есептеу қажет болса, қазір бұл жүйе де электронды. Заман талабына сай дамыған. Себебі бұрынғыдай қолмен есептеп отыруға уақыт жоқ, ұшқышқа тез шешім қабылдау қажет. Жүйелерге модернизация жасалғанымен қазіргі жастарға да математика тереңдетіп оқылады, — деді Шохан Кеңесбекұлы.
Аспан әлемі: биіктік, батылдық және жауапкершілік
Шохан Мұсабеков отыз жылдық еңбек жолында салмағы 47 тоннадан асатын ұшақты тізгіндеп 17 мың метр биіктікке де көтерілген. Осылайша ол атмосферасының бір қабаты Стратосфераға дейін жеткен екен.
— Оқу-жаттығу кезінде MiG‑31 атты ұшақпен жерден 17 мың метр биіктікте ұштық. Сол кезде байқағаным, жер үстінде бізге аспан көгілдір болып көрінсе, биіктікке көтерілгенде қаралау болады екен. «Міне ғажап» деп таңғалғаным әлі есімде. Сапарымыз 2 сағат 40 минут созылды. MiG‑31 ұшағының жылдамдығы да, қозғалтқыштары да өте мықты. Бұл алып ұшақпен мен 2000–2010 жылдар аралығында ұшып, қызмет еттім, — деді ол.

Ұшқыштың айтуынша, аспан әлемінде мыңнан аса сағат өткізсе де, төтенше жағдай тек бір сапарда ғана болған. 9 000 метр биіктікке көтерілгенде әскери ұшақтың генератор жүйелері істен шығыпты. Бірақ ұшқыш кәсіби шеберліктің арқасында дереу шешім қабылдап, ұшақты аэродромға аман-есен қондырған. Мұндай сәттерде ол тек білім мен батыл мінездің маңызды екенін айтты.
— Ұшқыштың теориялық білімі мықты болуы керек. Әсіресе математика мен физиканы жақсы меңгергені жөн. Жалпы ұшқыш боламын деген адам білімді, тәртіпті, психологиялық тұрғыдан сабырлы әрі батыл болуы қажет. Әр ұшқыш төтенше жағдайға әрдайым дайын болуы тиіс. Оқу кезінде олар толық дайындықтан өтіп, арнайы жаттығу құралдарында үйретіледі. Себебі төтенше жағдайда ойлануға уақыт жоқ, әскери ұшқыш бір секундтың ішінде шешім қабылдауы керек. Жағдайды бақылап, жердегі командалық пунктке баяндап, барлық әрекетті белгіленген алгоритм бойынша орындауы тиіс, — деді ол.

Жас ұшқыш Жаннұр Балғожин мен тәжірибелі ұшқыш Шохан Мусабековтің мамандықтары бір. Екеуі де әскери-әуе күштерінде ұшқыш болып қызмет етеді. Әр дәуірдің талабына сай, екі түрлі кезеңнің қиындығын еңсеріп, өз жолдарын қалыптастырған. Соған қарамастан, олардың мақсат-мұраты ортақ. Екі ұшқыш та авиация саласының болашағына сеніммен қарайды. Олардың пікірінше, қазіргі таңда жаһанда жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Бұл үрдіс авиация саласына да әсер етуде. Болашақта пилотты және ұшқышсыз авиацияның қатар жұмыс істеуі мүмкін екенін айтады.