«Әр дүмпуден селк етіп отырдық»: Таяу Шығыстан тағы 180 қазақстандық елге оралды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бүгін таңғы сағат 05:00 шамасында Атырау қаласына Сауд Арабиясының Жидда қаласынан 180 жолаушы мінген ұшақ қонды. Кейін олар Алматы қаласына ұшып кетті.

Таяу Шығыстан тағы 180 қазақстандық елге оралды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Елге оралған азаматтардың айтуынша, олар Дохадан Эр-Рияд қаласына дейін автобуспен шамамен 13 сағат, кейін Эр-Риядтан Жиддаға 10 сағаттан астам уақыт жүріп, жеткен. Жол бойында қауіпсіздік мәселесі үнемі бақылауда болып, жолаушыларды Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері сүйемелдеген.

Жолаушылардың бірі Гүлнұр Ботақанованың айтуынша, қиын жағдайда Қазақстан Үкіметі мен елшілік тарапынан көрсетілген қолдау айрықша сезілген.

— Біз Үкіметке де, Қазақстан елшілігіне де алғыс айтамыз. Өйткені бізді Дохадан бастап Сауд Арабиясына дейін бірге алып жүрді. Ол жақта да Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігі қарсы алды. Алты автобус колоннамен жүрдік, үнемі бақылауда болдық. Сондықтан қолдауды қатты сезіндік. Ал ол жақтағы жағдайға келсек, қонақүйде отырған кезде сырттан гүрсілдеген дыбыстар естіліп, жарқылдарды көргенде, телефонға дабыл келгенде қорқынышты болады. Сондай бір тығырыққа тірелгендей күйді сезінесің, — деді ол.

Таяу Шығыстан тағы 180 қазақстандық елге оралды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Ал жолаушылардың тағы бірі Гүлзипа Бегімбаева Қатарға демалуға барғанын айтады.

— Қатарға демалуға барған едік. Осындай жағдайда аман-есен елге жетіп отырмыз. Қазақстанның азаматтарына рақмет. Қатты қорықтық, әр дүмпуден селк етіп отырдық. Елге қалай жетеміз деп алаңдадық. Біз бір күннен кейін ұшуымыз керек еді. 28-і күні түстен кейін дүмпу басталды. Содан кейін қонақүйде болдық. Ертеңіне елшіліктерге хабар беріліп, олар келіп бізді басқа жерге орналастырды. Екі күн сол жерде болдық. Кейін Сауд Арабиясына автобуспен келдік, — дейді ол.

Жолаушылардың басым бөлігі Қатар еліне демалуға барған. Елге оралғандардың арасында сол жақта білім алып жүрген студенттер де бар. Олардың айтуынша, оқу процесі уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылған.

— Келесі аптадан бастап Қазақстаннан оқимыз. Қатардағы және Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшіліктері барынша қолдау көрсетті, — деді студент Олжасбек Жакенов.

Еске салайық, 3 наурыздан 4 наурызға қараған түні Сауд Арабиясының Медина және Жидда қалаларынан Атырауға 500-ге жуық жолаушы жеткізілді. Атап айтқанда, Медина — Атырау бағыты бойынша алғашқы ұшақта 145 адам болса, Жиддадан келген екі рейспен 353 азамат елге оралған. Кейін олар Алматы және Астана қалаларына ұшып кеткен еді. 

Бұған дейін 34 қазақстандық Ираннан Арменияға эвакуацияланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум