Әр екі минут сайын бір әйел көз жұмады: Дәрігерлер адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның маңызы туралы

Дүние жүзінде әр екі минут сайын бір әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Ал, Қазақстанда жыл сайын 600 әйел, яғни күніне екі әйел, тіпті қазір сіз осы мәтінді оқып отырғанда бір әйел көз жұмуы мүмкін деген сөз. Онкологтардың және денсаулық сақтау сарапшыларының айтуынша, бұл қатерлі ісіктің алдын алудың таптырмас жолы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина. Әлемде бұл екпе 15 жыл бұрын енгізілген және вакцинаны бекіткен елдерде қатерлі ісіктің осы түрінен өлім азайған. Вакцинаның маңызын түсінген елдер оны алу үшін жылдар бойы кезекте тұрады. Қазақстан үкіметі де 2024 жылы күзде бұл вакцинаны ұлттық күнтізбеге енгізуді жоспарлап отыр. Себебі вакцина егілмесе, жатыр мойны обырымен ауыратындар азаяр емес. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның маңызы қандай? Елімізде бұл вакцинаны енгізуге дайындық қалай? Кімге және неше жастан бастап салынады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Kazinform сарапшысы анықтап көрді.

АПВ
Коллаж: Midjourney/journalmetro.com/freepik.com

Қазақстанда жатыр мойны обырынан жылына 600 әйел көз жұмады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жатыр мойны обыры әлемдегі барлық қатерлі ісік ауруларының құрылымында 13 пайызды құрап отыр. Әлемде бұл аурудан жыл сайын 300 мыңға дейін әйел қайтыс болады. Қазақстанда да жылына 1,8 мыңнан аса жағдай тіркеліп, оның үштен бірі көз жұмады.

Бүгінде жатыр мойны обырының дамуы адам папилломасы вирусымен байланысты екені ғылыми түрде дәлелденген. Бұл вирус инфекциясының және жатыр мойны обыры дамуының алдын алудың жалғыз әдісі – вакциналау. Дүние жүзінің 125 мемлекетінде, оның ішінде АҚШ, Канада, Австралия, Ұлыбритания, Бразилия сияқты елдерде папиллома вирусына қарсы вакцина бар. Қазақстанда да бұл вакциналауға дайындық басталды.

Осы орайда 16-17 қарашада елордада «АПВ, тоқта!» ұранымен жатыр мойны обырын емдеп жазуға арналған жаһандық іс-қимыл күнінде «Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияға жаппай қолжетімділік, тиімді коммуникация және тұрғылықты халықпен өзара байланыс арқылы жатыр мойны обырын емдеп жазу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараны Еуропалық одақтың қаржыландыруымен Денсаулық сақтау министрлігі, ДДСҰ Қазақстандағы өкілдігі, Назарбаев университетінің Медицина мектебі ұйымдастырды.

«Менен бұл вирустың 16, 53, 56 түрлері анықталды»: қазақстандықтар не дейді?

Қазақстандағы дайындық туралы айтпас бұрын жатыр мойны обырын алты айда жеңген Айгүл Болатқызының аурумен күресу жолына тоқталайық. Айгүл – еш алаңсыз білім алып, әлемнің дамыған елдерінде, оның ішінде АҚШ-та тұрған. Уақытын ілім алуға, жеке тұлға ретінде дамуға арнап жүріп аналық міндетін атқарған тұлға. Дәрігерлер оған «жатыр мойны обыры» деген диагноз қойғанда бар өмірі көз алдынан өткендей күйде болған. Бірақ ол өзін қолға алып, бірден емделді. Алайда, ол қазақтың менталитетінде жатырға қатысты сырқаттың атын айтуға ұялып, ауруды асқындырып алатын жағдайлардың көп екенін айтты.

Біз жыныстық органдардың ауруы туралы сөз қозғамаймыз. Оны айту – ұят. Әйелдер диагнозын естігенде бәрінен жасырып, жақындары соңғы кезеңінде ғана біледі. Ол кезде тым кеш болады, – деді Астана тұрғыны.

Айгүл Болатқызы
Фото: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

 

Айгүл ем қабылдап жүргенде «қатерлі аурудың алдын алатын жол жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Сөйтіп мұның алдын алудың бірден-бір жолы адам папилломасы вирусына қарсы вакцина екенін біледі.

Менен бұл вирустың 16, 53, 56 түрлері анықталды. Ем қабылдап жүргенде папиллома вирусына қарсы вакцина барын білдім. Яғни, бұл вирустан дәрі жоқ, бір ғана емі – вакцина. Ерлер мен әйелдердің көмейі мен жыныстық органдарындағы онкологиядан 99 пайыз қорғайтын вакцина. Мұны балалар мен жиендеріме салу керек дегенге келісемін. Тек ДСМ вакцинаның жақсысын әкелуі керек. Сондықтан қыздар мен ұлдарға вакцина керек, себебі олар – біздің болашағымыз, – деді Айгүл вакцинаға қатысты ойын да ортаға салып.

Жыл сайын бұл ауру әлемде 300 мың әйелдің өмірін жалмайды: ғалымдар не дейді?

Назарбаев Университеті Медицина мектебінің вице-президенті – деканы Массимо Пиньаятеллидің айтуынша, ғылым жатыр мойны обыры папиллома вирусынан пайда болатынын әлдеқашан дәлелдеді.

медицина
Фото: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

 

Бұл фактіні түсініп, қабылдау керек. Инфекциялар тек жатыр мойны обыры емес, басқа да органдардың ісігіне әкелуі мүмкін. Сондықтан дәл осы инфекциямен күресудің бірден-бір жолы – вакцина. Назарбаев медицина университеті бұл вакцинаның енгізілуіне қолдау көрсетеді, – деді ғалым.

Бұл ретте Қазақстандағы ДДСҰ өкілдігінің иммунизациялау бағдарламасының үйлестірушісі, доктор Қанат Суханбердиев «біз жатыр мойны обырынан қайтыс болған және бүгін соған тап болған әйелдердің алдында қарыздармыз» деген түйін айтып, вакцинаның маңызын түсіндірді. Сондай-ақ, халықаралық сарапшы әлемнің дамыған елдерінде екпе қолжетімді болған соң жатыр мойны обырымен ауырғандар аз, ал даму деңгейі төмен және орташа мемлекеттерде, керісінше, өлім-жітім мен сырқаттану көп екенін атап өтті.

Қанат Суханбердиев
Фото: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

 

Жатыр мойны обырының алдын алу және онымен күресудің кешенді тәсілін қамтамасыз ете отырып, біз болашақ ұрпағымыздың әл-ауқатына, дамуына, тұрақтылығы мен өміріне үлес қосамыз. Жатыр мойны обыры дүние жүзінде әйелдер арасында таралған қатерлі ісік ауруларының ішінде төртінші болып тұр. Бірақ оны тоқтатуға болады. Диагноз ертелеу анықталса, оны емдеу оңай. Жыл сайын бұл ауру әлемде 300 мың әйелдің өмірін жалмайды. Сонда әр екі минут сайын бір адам қайтыс болады... Дүние жүзіндегі 79 мемлекетте адам папилломасы вирусына қарсы вакцина енгізілмеген. Себебі бағасы қымбат және жеткілікті деңгейде жеткізілмейді. Табысы жоғары елдерге қарағанда табысы төмен және орта деңгейдегі елдерде жатыр мойны обырымен ауыратындар саны екі есе, ал өлім үш есе көп... Сондықтан бұл вакцинаның қолжетімді болуы маңызды, – деді Қанат Суханбердиев.

медицина
Инфографика: Kazinform

 

Қазақстанда жатыр мойны обыры көбейіп жатыр: онкологтар не дейді?

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дерегіне сүйенсек, елімізде жатыр мойны обыры көбейіп жатыр. Былтыр 2 мыңға жуық адам тіркелген. Бұл көрсеткіш 20 млн халыққа шаққанда тым көп болып саналады. Қазақстандықтардың арасында онкологиясы бар науқастардың көбі сүт безі және жатыр мойны ісігінен қайтыс болады. Жылына 600 адам қайтыс болады деген статистикаға қарасақ, күніне екі әйелден айырыламыз.

Қазақстанда әйелдер арасындағы бұл дерттің алдын алу үшін скрининг тәсілі қолданылып келеді. Алайда, «Қазақ онкология және редиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарованың айтуынша, бұл скринингтің енгізілгеніне 10 жылдан асқан және науқастар саны өсіп келеді. Тіпті, ауыратындар «жасарып» барады.

Диляра Қайдарова
Фото: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

 

Қазақстан 2008 жылдан бастап скрининг жүйесін енгізді. Бірақ цитологиялық скрининг онкологияны толық анықтай алмайды. Сондықтан әлемнің бірқатар елі мұндай скринингтен бас тартып жатыр. Сол себепті Қазақстанда 2024 жылдан бастап адам папилломасы вирусының (АПВ) скринингін енгізіп, 35-45 жастағы әйелдер өтетін болады... 2008-2012 жылдары жатыр мойны обырымен ауырғандардың жасы 50-54 жас аралығында болса, 2013-2021 жылдары 40-44 жасқа дейін «жасарды». Тек аурудың алғашқы сатыларында анықтау деңгейі өсті. Науқастардың 42 пайызы 0-1 сатысында анықталып жатыр. Оларды емдеу мүмкіндігі де жоғары. Ал, үшінші және төртінші сатыда анықталатын науқастарға химия терапия жасап, тек өмірін ұзартуға мүмкіндік аламыз, – дейді Диляра Қайдарова.

Айта кетейік, елімізде жатыр мойны обыры жүкті әйелдердің арасында да тіркеледі. Былтыр мұндай 24 жағдай анықталды және екі науқас қайтыс болды. Соның бірі маңғыстаулық 22 жастағы жүкті әйел болған. Одан жатыр мойны обырының 4-сатысы анықталған. Өкінішке қарай, жас әйел көз жұмды.

Сондай-ақ, Онкология институты «жатыр мойны обырының адам папилломасы вирусынан туындай ма» деген арнайы зерттеу де жүргізген. Мамандар жатыр мойны обыры ісігінің 99 үлгісін алған. Бұлардың бәрі осы ауруға байланысты ота жасалған науқастар болған. Сонда 74 пайызынан адам папиллома вирусының 16, 17 түрлері анықталған. Содан кейін «бұл вирус жатыр мойны обырын туғызады дегенге күмән қалмады» деуге болады.

Адам папилломасы вирусының бұл түрлері жатыр мойны обырын туғызады. Яғни, бұл вирус ісіктің дәл осы түрін туғызады дегенге күмән жоқ. Сондықтан вакцина жүргізу арқылы ғана қатерлі дерттің алдын ала аламыз, – деді Диляра Қайдарова.

Өткен іс – жақсы тәжірибе

Біз жоғарыда ғалымдар мен дәрігерлердің жатыр мойны обырының алдын алу үшін АПВ қарсы вакцинаның қажетін түсіндіргенін жеткіздік. Бұл ретте аталған вакцина Қазақстанда он жыл бұрын 4 өңірде: Атырау, Павлодар облысы, Алматы және Астана қалаларында пилоттық режимде енгізілгенін айта кету керек. Ол кезде медперсонал да, халық та вакцинаға дайын болмады. Павлодар облысында бір қыз есінен танып қалып, Денсаулық сақтау министрлігі кейінге қалдырды. Дегенмен вакцина қалған және вакцина алғысы келетіндерге егілген.

Вакцина алғысы келетін қыздарға қалған вакцина салынды. Вакцинаның екі дозасын 11-26 жастағы 11 648 қыз алды. Сөйтіп, өткен жылы осы қыздардың ішінен 803-ін және 800-ге жуық вакцина алмаған қыздардан АПВ анализін алдық. Сонда вакцина алмаған қыздардың 17,2 пайызынды АПВ 16, 18 түрлері анықталса, вакцина алған қыздардың 0,87 пайызынан вирус табылды. Бірақ бұл да жатыр мойны вирусын тудыратын түрі емес болатын. Яғни, осы он жылдың ішінде бұл вакцинаның тиімділігін зерттеу арқылы дәлелдедік, – деді бас онколог Диляра Қайдарова.

Пилоттық вакцина туралы Павлодар облысы СЭКД жұқпалы және паразит ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетованың да пікірін білдік. Ол он жыл бұрын халыққа вакцинаның маңызы туралы дұрыс мәлімет берілмегеннен кейін тұрғындар арасында наразылық туындағанын атап өтті. «Сол себепті келесі науқанда мұндай қателікке жол бермей, вакцинаның маңызын дұрыстап түсіндіру керек және ең алдымен сол жұмысты қолға алу керек» дейді маман.

Коронавирусқа қарсы вакцина алуға да халық басында қарсы болды. Бұл да тура сондай жағдай. Бірақ коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігін көргеннен кейін, вирустың адам өміріне қауіпті екенін және оған қарсы бірден-бір құрал вакцина екенін түсінгеннен кейін тұрғындар жаппай екпе салдыра бастады. АПВ қарсы вакцинаның да маңызын солай түсіндіру керек. Бірінші кезекте халыққа дұрыс ақпарат беру қажет, – деп атап өтті Гүлмира Құлмағамбетова.

Тұрғындармен коммуникация жасаудың маңызы қандай?

Халыққа вакцинаның маңыздылығын түсіндіру керек. Бұл адамдарға вакциналаудың неліктен маңызды екенін, олардың өзін және жақындарын аурудан қалай қорғай алатынын түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, коммуникация адамдарға вакцинацияға қатысты күрделі мәселелерді түсінуге және сенімді көздерге негізделген шешім қабылдауға көмектеседі. Байланыстың анық, дәл және барлығына қолжетімді болуы аса маңызды.

ДДСҰ Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Скендер Сыла «Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияға жаппай қолжетімділік, тиімді коммуникация және тұрғылықты халықпен өзара байланыс арқылы жатыр мойны обырын емдеп жазу» конференциясында сөйлеген сөзінде коммуникацияның маңызына тоқталды.

Денсаулыққа қатысты жалған деректердің таралуы вакцинадан бас тартуды арттырады және дәлелденбеген емдеу әдістерін алға тартады. Қазіргі уақытта біз қызылша індетін бастан өткеріп жатырмыз және біз қызмет көрсетушілер мен қоғам, соның ішінде ата-аналар, қамқоршылар, ықпалды тұлғалар, БАҚ, азаматтық қоғам және басқалардың арасында вакцинацияның маңыздылығы туралы байланысты жақсартуымыз керек, – деді Скендер Сыла.

медицина
Инфографика: Kazinform

 

ДДСҰ-ның елдегі кеңсесі 2023 жылы иммундау мәселелері бойынша халық арасында коммуникацияны жақсарту үшін әлеуметтік желілерде вакцинация туралы сенімді ақпаратты насихаттау арқылы ол туралы хабардар болу деңгейін арттыруды қолдайтын Қазақстанның әртүрлі аймағынан 53 жас иммундау белсендісін анықтағанын атап өткен жөн. Белсенділердің бірі – Астана қаласының жас иммунологы Әлкен Әуелова, ол 7-8 желтоқсанда Копенгагенде Еуропалық денсаулық сақтау ұйымының Force of the Future: co-creating youth actions on immunization» («Болашақтың күші: иммундау бойынша жастардың бірлескен іс-әрекетін құру») тренингіне жас белсенділер атынан қатысады.

Бұл тренинг ДДСҰ Еуропалық аймағындағы барлық елінің белсенді жастарының басын қосады. Онда қатысушылар иммундау науқанындағы негізгі қиындықтарды және жас дәрігерлер, иммундау мәселелерімен айналысатын жас кәсіби бірлестіктер мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынасты нығайту арқылы шешу жолдарын талқылайды.

Мен АПВ қарсы вакцинаны енгізу Қазақстанда кең таралған қатерлі ісік ауруларының бірімен күресуде маңызды рөл атқаратынын түсінемін. Елестетіп көріңізші, жыл сайын 1800 қазақ әйелі осы аурумен ауырады. Біз бұл ауруды жойып, осы құралды пайдалануымыз керек. Мен Копенгагендегі басқа иммундау белсенділерімен кездесуді асыға күтемін. Сапарым сәтті болып, АПВ қарсы вакцинаны енгізу үдерісіне үлес қосамын деген үміттемін, – деді Әлкен Әуелова.

Адам папилломасы вирусына қарсы екпе: өзге елдердің тәжірибесі

Бұл вакцинаны әлемнің жүздеген елі иммунизация күнтізбесіне енгізген. Олардың ішінде көршілес елдер: Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан да бар. Грузияда әлеуетті топтың 98 пайызына вакцина егілген. Ал, Венгрияда вакцина қыздардың бәріне толық салынған, енді ұлдарға егу науқаны жүріп жатыр. Себебі жатыр мойны обырынан бөлек онкологияның басқа ауыр түрі де осы папиллома вирусынан туындайды. Оның арасында ауыз қуысы ісігі де бар. Яғни, бұл вакцинаны ұлдарға да салған абзал, дейді онкологтар.

Қырғызстан ДСМ Республикалық иммунопрофилактика орталығы директорының орынбасары Гүлнара Жұмағұлова елінде АПВ қарсы – HPV вакцинасын енгізу тәжірибесін бөлісті. Қырғыздар 2022 жылы арнайы лого дайындап, «Сенің болашағыңның вакцинасы» деген науқан бастаған. Олар қоғамның пікіріне мотиноринг жүргізіп, әлеуметтік желілерді қадағалай отырып, былтыр 11, 12-14 жастағы қыздарды екі категорияға бөліп, вакцина сала бастаған.

Қазақстанның он жыл бұрынғы тәжірибесі бізге сабақ болды. Себебі біз сол кездегі қателіктерді ескердік. Бірақ Қазақстанның бұрынғы тәжірибесін қателік деп емес, керісінше, бәрімізге жаңа бір мүмкіндік деуге болады. Соның өзінде басында бізге де қиын болды. Бәрі бірден жақсы жолға қойылмады... Дегенмен үш әлеуетті топ: бірінші, вакцина салынатын қыздар, екінші олардың ата-аналары мен мұғалімдер, үшінші медқызметкерлер анықталып, соларға назар аудардық. Негізгі жұмыс осы үш топтың дұрыс ақпарат алуына бағытталды, – деді Гүлнара Жұмағұлова «Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияға жаппай қолжетімділік, тиімді коммуникация және тұрғылықты халықпен өзара байланыс арқылы жатыр мойны обырын емдеп жазу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында.

Спикердің айтуынша, Еуропа елдерінің арасында Қырғызстан жатыр мойны обыры бойынша 12 орында тұр. Бұл 100 мың әйелге шаққанда 15,4 деген көрсеткішті көрсетеді. Ал, осы аурудан өлім бойынша мемлекет үшінші орында тұр. Бұл статистикаға қарап, бұл елде жағдайдың қаншалық ауыр екенін түсіну қиын емес. Сондықтан Қырғызстанда жатыр мойны обырының алдын алу және күресу кешенді бағдарламасы қабылданып, заңнамалық деңгейде құжаттар бекітілген. Вакцинаның енгізілгеніне бір жыл болды.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі не істеп жатыр?

Ал, Қазақстандағы заңнама жұмысына тоқталатын болсақ, бүгінде елімізде онкологиялық көмекті жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленген. Оған АПВ қарсы вакцина да енгізілген. Оның жобасын үкімет мақұлдады. Бұл – еліміздің ұлттық күнтізбесін реттейтін құжат. Сондықтан оны барлық құзырлы мемлекеттік органдар келісуі керек. ДСМ желтоқсанның соңына дейін барлық орган келісіп, нормативтік-құқықтық акті бекітіледі деп жоспарлап отыр.

ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаеваның айтуынша, бүгінде АПВ қарсы бірнеше вакцина бар және олар Қазақстанда тіркелген. Біздің елімізде 4 валентті вакцина пайдаланылады деп болжанып отыр.

Нұршай Әзімбаева
Фото: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

 

Биыл 7 маусымда елімізде АПВ қарсы вакцинаны енгізу жоспары бекітілді. Бас санитариялық дәрігердің бұйрығы шықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, Қазақстанда екі дозалық вакциналау 11 жастағы қыздарға жүргізіледі деп жоспарланған. АПВ қарсы вакцинаны енгізудің жұмыс жоспарында нормативтік актілерді реттеу, вакциналау алгоритмін анықтау, әр аймақта вакцинаны енгізу бойынша кураторды бекіту, вакциналауға мұздатқыш жабдықтарының жеткілікті болуын және тасымалдаудың үздіксіз болуын тексеру, шығындарды есептеу, вакцина салдырған адамның жағдайын бақылау, медицина және білім мекемелерінің қызметкерлерін даярлау, сондай-ақ, халыққа вакцинаның тиімділігін және ешқандай зияны жоғын дұрыс түсіндіру қарастырылған, – деп баяндады ведомствоның жоспарын Нұршай Әзімбаева.

Қазақстан вакциналаудың бірінші кезеңінде медицина қызметкерлерін дайындап жатыр. Себебі халық алғашқы сұрағын сол қызметкерлерге қояды.

Бұл ретте Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Манар Смағұл медицина қызметкеріне қосымша оқу құралдары таратылғанын да атап өтті. Сондай-ақ, дін басқармаларымен бірлесіп, «ешқандай дін профилактикалық шараларға қарсы емес» екенін білдіретін брошюралар таратылған. Бұдан бөлек әзірге әрбір өңірдегі мамандар толық ақпарат алуы үшін әр өңірден жауапты мамандарды елордаға келіп, вакцинаға қатысты жан-жақты ақпаратпен танысып жатыр.

Манар Смағұл
Фото: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

 

Мысалы, халықаралық конференцияға барлық өңірдің мамандары қатысып жатыр. Солар кейін өз өңірлеріне ақпаратты жеткізеді. Бұл – ұлттық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстардың бірі. Кейін әр өңірге барып, жеке-жеке жүргіземіз. Сонымен қатар, мектептегі ұстаздарға вакцина туралы мәлімет беруіміз керек. Себебі ата-аналар мұғалімдерден сұрайды. Сол кезде мұғалімдер дайын болуы керек, – деді Манар Смағұл.

Ешкімді мәжбүрлеу болмайды: тек ата-ананың келісімімен салынады

Бүгінде дүние жүзінде лицензиясы бар 6 вакцина қолжетімді. Қазақстанға қандай вакцина келетінін Денсаулық сақтау министрлігі шешеді. Ведомствоның мәліметінше, вакциналау 2024 жылдың үшінші тоқсанында елдің барлық өңірінде басталады деген жоспар бар. Сол себепті халыққа мұның маңызын түсіндіріп, балаға ата-анасының рұқсатымен ғана салынады.

Вакцина туралы қайдан білуге болады?

Әлеуметтік желінің дамыған замамынанда фейк ақпаратқа алданып қалмау керек. Ол үшін ақпаратты ресми сайттардан оқу қажет.

Қазақстандағы кез келген вакцинаға қатысты ақпаратты 7701 бірыңғай орталығына хабарласып, сұрауға болады. Жұмыс күндері сағат 9.00-18.00 аралығында жұмыс істейді. Сондай-ақ, https://egu.kz/ ресми сайтында мәлімет бар. Яғни, АПВ қарсы вакцина туралы мәліметті де осы дереккөздерден алуға болады.

вакцинация
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

 

Қорытындылай келе, мамандар қатерлі дерттің алдын алу үшін тек вакцинамен шектеліп отырған жоқ. Олар халықтың иммундық жүйесін арттыруды да қатар алып жүр. Одан қалды онкологияның алғашқы сатыларында химиясыз емдейді. Яғни, тек вакцина жалғыз жол деуге болмайды. Бірақ ғалымдар бұл вирустың жатыр мойны обырына әкелетінін және оған қарсы вакцинаның тиімділігін дәлелдеді. Енді біз Денсаулық сақтау министрлігі, кәсіби қауымдастықтар және азаматтық белсенділер халық арасында, әсіресе әлеуметтік желіде фейк ақпарат тарамаудың алдын алып, тиісті жұмысты жандардырғанын күтеміз. Себебі ұлт денсаулығы – сенімді келешек кепілі.

Соңғы жаңалықтар