Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа...

АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат - Қасиетті Құрбан айт - дүние­жүзіндегі 1,5 мил­лиард­тан астам мұсылман баласы үшін ұлық мереке. Бүкіл әлем бойынша БҰҰ-ға мүше тәуелсіз елдердің қатарында 50-ден астам мұсылман мемлекеті бар деп есептеледі. Мұсылман елдерінің көпші­лігін­де дерлік Құрбан айт мей­рамы мемлекеттік дең­­гей­де аталып өтіледі. Күллі мұсылман қауымын ізгілік пен мейірімділікке жете­лейтін қасиетті Құрбан айт мерекесінің әр елде той­ла­нуының салт-дәстүрлік ерек­­шеліктері - өз алдына бір әңгіме. «Алаш айнасы» республикалық басылымы кейбір мұсылман елдерінің айттау ерекшеліктерін атап өткен.
None
None

Сауд Арабиясындағы құрбандық шалу жобасы

Араб елдерінде, Сауд Ара­бия­сында Құрбан айт мерекесі «Ид әл-Адха» деп ата­ла­ды. Арнайы жоба бойынша былтырлары Мекке түбіндегі аса үлкен «әл-Муайсам» қасапханасында 700 мың­нан астам қой, 10 мыңнан аса ірі қара мен түйе құрбандыққа шалыныпты. «Әл-Муайсам» қасап­ха­на­сын­дағы құрбандық шалу рәсіміне 18 мың қасап­шы, 730 вете­ринар, 77 шақты дін оқуын­да жүрген сту­дент атсалысқан екен. Жалпы, бұл жоба аясында 1983 жылдан бері 4 мил­лион­нан астам мал құрбандыққа шалын­ған.

Түріктер Құрбан айтта туыстарымен табысады

Түркияда Құрбан айт күндері төрт күн демалыс жарияланады, бірақ іс жүзінде мектептер мен бірқатар мекемелер апта бойы демалысқа шығады. Құрбан шалған адам кешкісін мұқтаж адамдарға дас­тар­қан жаяды. Түрік ағайындар бұл мерекеде үй-іші, ағайын-туысымен бас қосып, арқа-жар­қа болып қалады.

Әзірбайжандықтар үшін айттың мәні - мейірімділік

Әзірбайжан мұсылмандары айт күн­дері құрбан шалып, кедей-кепшіктерге үлестіреді. Бакудегі жамағат Тезепир деген бас мешітке жиналып, айт мейрамын атап өтеді. Бұл діни мей­рамның мәні - мейірімділік, қайырым­ды­лық, адамдарға сүйіспеншілік сыйлау.

Марокколықтар әндетіп айттайды

Мағырыптағы, яғни Солтүс­тік Африка елі Мароккода Құр­бан айт мерекесі «Ид әл-Бабыр» деп аталады. Бойына жақсы киімдерін киген марокколықтар таң ата айт намазын оқу үшін ме­шітке ағылады. Айт нама­зы­нан кейін олар көшеге жиналып, Аллаға тәкбір айтады. Бұдан соң имамның уағызын тыңдап, Құран сүрелерін оқып, салат әл-идайн ғибадатын орындайды. Содан кейін құрбан шалу рәсіміне кіріседі. Марокколық мұсыл­ман­дардың бір ерекшелігі - айтта болсын, қуа­нышты-қайғылы күндері болсын әуен­детіп жүреді.

Малайзиялықтар айт мейрамында ұлттық киім киіп, ұлттық тағамдар пісіреді

Малайзия жұрты үшін Құрбан айт мей­рамы - жаймашуақ отбасылық мереке, бір күні демалып, ертесіне жұмыс­қа кірісіп кетеді. Малай халқы айт күні азанда на­мазға ұлттық киімін киіп барады. Ер-азаматтар «баджу мелайю» деп аталатын ұзын жең жейде, кең шалбар кисе, әйелдер «баджу куронг» көйлегін киеді. Айт нама­зынан кейін ата-аналарының үйіне сәлем беріп шығады. Әрбір ықшамаудан тұр­ғындары бір сиырды бірігіп сатып алып, құр­бандық шалады. Құрбандыққа шалын­ған малдың етін бірігіп пісіріп, мұқтаж жан­дарға, достарына, туыстарына тара­тады. Олар мейрам күндері «ренданг» сияқты ұлттық тағамдарын дайындайды. Малай­зиялықтар үшін адамның тоқ болуы маңызды, сондықтан да олар бір-бірінен «қалың қалай?» деп емес, «қарның тоқ па, тамақ іштің бе?» деп жөн сұрасып жата­ды.

Соңғы жаңалықтар