Әр қазақстандық үшін маңызды сәт туды - Серік Еркімбеков
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» мемлекеттік республикалық коммуналдық кәсіпорнының жетекшісі, композитор Серік Еркімбеков кезектен тыс Президент сайлауына қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президент сайлауы әлеуметтік, саяси, тарихи тұрғыдан маңызды іс. Бұл біздің елімізде болып жатқан түрлі процестердің тазалығын, демократиялық қағидаттарға сай екендігін көрсетеді. Қазақстан конституция мен халықаралық құқық шеңберінде өмір сүріп келеді. Әрбір қазақстандық үшін аса маңызды сәт туды. Болашақтағы өміріміз өзіміздің таңдауымызға тікелей байланысты», - деді Серік Еркімбеков.
Оның айтуынша, кез келген сайлау демократиялық қағидаттарға сай өтуі керек.
«Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде сайлаудың әділ әрі ашық өтетініне кепілдік берген болатын. Мемлекет басына мемлекет сүйгіш азамат, экономика, құқық, мәдениет саласында білімі бар. Жан-жақты азамат келсе деп санаймын. Мәдениетсіз ешбір қоғам дамымайды», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 9 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.
Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болды.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетініне өзі кепілдік беретінін айтты.
«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.