Әр секундтың қадірін білуді үйрендім – солтүстікқазақстандық полицей Азат Зейнолов

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл Полиция басқармасының патрульді полицейі Азат Зейнолов күнделікті қызметі барысында онға жуық адамды ажалдан құтқарды. Оның ішкі істер органдарында жұмыс істеп жатқанына небары алты жыл, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Өткен жексенбі күні аға лейтенант Азат Зейнолов мінген «Сұңқар 351» автопатруліне жедел басқару орталығының кезекшісінен Есіл өзеніндегі көпірде ер адамның қоршау сыртына шыққан екінші адамды ұстап тұрғаны жайлы хабар түседі. Оқиға орнына жеткен полицейлер көпірден секірмек болған ер адамды жол-жөнекей өтіп бара жатқан Toyota Camry автокөлігі жүргізушісінің ұстап қалғанын анықтайды. Бірден көмекке ұмтылған тәртіп сақшылары, өз-өзіне қол жұмсамақ болған 52 жастағы қала тұрғынын үшеулеп жүріп құтқарып қалды.

«Сол қарбалас сәтте адамды құтқарып, бізге көмектескен жүргізушінің қолын алып, алғыс айтып та үлгермедік. Есімі Александр екенін білемін, нағыз азамат екен. Ол ер адамға секіруге жол бермей, әңгімелесіп, көңілін аулады. Ал жалпы адамдар күйзеліске бой алдырмай, бір-біріне қол ұшын созып, проблемаларымен бөлісу қажет деп ойлаймын. Ересек адамдар жақындарына ауыр тиетін әрекет жасамауы тиіс», - дейді Азат Зейнолов.

Полицейлер түрлі жағдайда адам өміріне араша түсіп, өз бастарын қатерге тігіп, тұрғындарды құтқарып жатады. Алайда, оның көпшілігі сол күйінде ескерусіз қалады. Өйткені тәртіп сақшылары үшін бұл – қалыпты жағдайлардың бірі. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осындай оқиғалардың бірі былтыр жазда болды. Петропавлда бес қабатты үйде өрт шығып, хабар түсісімен ол жерге қызмет атқарып жүрген Азат Зейнолов та жетеді. Түтінге оранған пәтерден жылаған балаларды бірден табу мүмкін болмапты. Өрт сөндірушілермен бірге көмекке ұмтылған полицей екі баланы саты арқылы түсіруге көмектесіп, олардың анасы – мас әйелді жанған баспанадан көтеріп шығарады.

Ал тамыз айында Азат Зейнолов әріптестері Ерік Құсайынов және Қуаныш Сүлейменовпен бірге ер адамды өлім аузынан алып қалды.

«102» нөміріне Петропавлдағы Интернационал көшесіндегі гараждардың бірінің есігі ашық жатқандығы жайында хабар түседі. Жедел басқару орталығының кезекшісі оқиға орнына «Сұңқар 351» автопатрулін бағыттайды. Азат қасындағы әріптесі Қуаныш Сүлейменовпен бірге гараждың жерқоймасында ес-түссіз жатқан екеуді табады. Ер адамдар жерқойманың қабырғасын кузбасслакпен сырламақ болған екен. Өткір иісті сезген сақшылар көмекке взвод командирі Ерік Құсайыновты шақырады. Иістен уланғандарды құтқаруға полицияға хабар берген тұрғын да көмектеседі.

«Құтқарушыларды күтуге уақыт тығыз болды. Мұндайда әр секунд алтыннан да қымбат. Зардап шеккендерді алып шығу үшін аса қауіпті болса да жерқоймаға түсуге тура келді. Гараждан поролоннан жасалған масканы тауып киіп, төменге түстім. Бірінші біреуін арқанмен байладым. Әріптестерім оны шығарып жатқан кезде далаға шығып таза ауа жұттым. Өйткені иістен тұншыға бастадым. Кейін екіншісін де арқанмен шығардық», - деп еске алады сол оқиғаны Азат Зейнолов.

Полицейлер ер адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетпек болғанымен, нәтиже шықпайды. Жедел жәрдем қызметі зардап шеккендерді ауруханаға жеткізіп, біреуі сонда есін жимастан қайтыс болды. Екіншісінің тек бір аптадан кейін ғана беті бері қарады.

28 жастағы Азат Зейноловтың ішкі істер органдарында еңбек етіп жүргеніне биыл алтыншы жыл. Күрес, гір спорты, қол күресімен айналысатын жігітке дене жаттығуларының күнделікті қызметінде көмегі көп. Мәселен үш жыл бұрын ол қасындағы серіктесімен бірге көлік апатынан кейін машина ішінде қыстырылып қалған үш адамды алып шығып, құтқарды.

Мерекелер қарсаңында ерлігімен ерекшеленген бір топ полицейді, соның ішінде Азат Зейноловты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құттықтап, алғысын білдірді.


Соңғы жаңалықтар